Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, №176 мектеп-гимназиясы балалар жылына орай жаңа бастаманы қолға алып отыр. Мектеп тәрбие жоспары негізінде 2022 жылдың 8 ақпан күні Мемлекеттік қуыршақ театры мен бірлесіп, шығармашылық кездесу өткізіп, балдырғандарды қуантты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті 2022 жылды “Балалар жылы”деп жариялау керек деп есептеймін” деген болатын. Ал баланың жарқын болашағы оның үйлесімді дамуы, бақытты балалық шағынан бастау алады.
Балалар әлемі – ең көңілді, ең шынайы әлем. Бүгінде қоғам осындай тазалыққа құштар. Адам өзін-өзі дамытып, жақсылыққа деген сенімін ұлғайтып, қиялын қанаттандырып отырмаса, тұлғалық тұрғыдан құлдырайтыны анық. Ал осы олқылыққа жол бермей, еңбектеген бала мен еңкейген қарттың рухани қажеттілігін өтеп отырған өнердің алғашқы мектебі – қуыршақ театры.
Қойылым ізгілікке сенетін әр балдырғанды ерекше күйге бөледі. Оларға достық, мейірімділік, батылдық, еңбекқорлық сынды адами қасиеттерді дәріптеді. Сиқырлы қуыршақ әлеміндегі жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен жанашырлықтың ара жігін ажыратуға септігін тигізіп, қиялын қанаттандырды. Қойылым кезінде балалар кейіпкерлердің ойынын бақылап, орын алып жатқан оқиғаға бірде қуанып, бірде жанашырлық білдіріп отырды. Сол үшін де Мемлекеттік қуыршақ театрының басшылығына және қызметкерлеріне үлкен алғыс білдіреміз.
Театр балалардың көркем қабілеттіліктерінің жетілдіріп қана қоймай, оларды тұлға аралық қарым-қатынасқа, өнерге деген қызығушылықтарын арттырды. Қалай десекте бұл – балалар үшін мереке, демалыс. Ал осындай бақытқа жол ашу біздер, тәрбиешілер үшін үлкен табыс!
Алматы қаласы,
Наурызбай ауданы,
№176 мектеп-гимназия директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Досқалиев Қуандық Әбдіхамитұлы.