Телбаева Айжан Аманкосовна
Маңғыстау облысы
Маңғыстау ауданы
Шайыр ауылы
«Қызғалдақ» бөбекжайы» МКҚК
тәрбиеші
Елін сүйген Елбасы
(Елбасы күніне тақырыптық сабақ жоспары)
Тақырыбы: «Елін сүйген Елбасы»
Мақсаты: Балаларға «Тұңғыш президент күні» туралы түсінік беру. Елбасымыздың өмірбаянымен, өмір жолымен таныстыру. Елбасының өмір жолын үлгі ете отырып, патриоттық сезімдерін арттыру. Президентті құрметтеуге, егемен елімізге қамқор бола білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, Елбасымыздың суреті.
Тәрбиеші: Балалар, бүгін 1 желтоқсан – «Тұңғыш Президент» күні. Бұл күн тарихымыздағы ең маңызды күндердің бірі. Біз әуелі сабағымызды Әнұраннан бастаймыз.
Хор. Қазақстан Республикасының Әнұраны.
Тәрбиеші: Балалар, бүгін «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында сабақ өтеміз. Бүгін Тұңғыш Президентіміздің мерекесі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. Атасының есімі – Назарбай, әжесінің есімі – Мырзабала, әкесінің есімі – Әбіш, анасының есімі – Әлжан.
Жасынан зерек, алғыр Нұрсұлтан Әбішұлы металлург мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Теміртау қаласында темір балқытушы болып бастаған. 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын, 1976 жылы партия мектебін бітірген. Ол 1991 жылы 1 желтоқсанда ҚР Президенті болып сайланды. 2010 жылы 15 маусымнан бастап «Елбасы» мәртебесіне ие болды. Содан бері 27 жыл өтті.
Келесі кезек тақпақтарға беріледі.
Бекзат: Елбасымыз жолдайды
Халқы оны қолдайды
Ешқашанда орынсыз
Шешімдері болмайды
Шыңғыс: Көк байрағы бабамның
Бүгінгі ұрпақ алауы
Тірегі әке баланың
Қазақстан жалауы
Шамиль: Елбасы елді қорғайды
Халқы қамын ойлайды
Осындай жақсы адамның
Жақсылығы тарайды
Рауан: Қазақ елі — Қазақстан
Болашаққа үні қосқан
Жақсы күнге жетелеп
Елбасы менің — Нұрсұлтан
Еркеназ: Туыспыз біз бәріміз,
Бір Отанды сүйеміз.
Бақытты елде туған соң,
Бақытты өмір сүреміз.
Келесі слайдта Елбасының ата-анасының суреттері, өмір жолы көрсетіледі. Содан соң Астананың көрікті жерлері көрсетіліп, таныстырылады. Олардың маңызы жайлы ақпарат беріледі. Содан соң мемлекеттік рәміздер көрсетіліп, маңызы, қандай мағынада бейнеленгені жайлы ақпарат беріледі.
Тәрбиеші сабақты сұрақ-жауаппен қорытындылап бекітеді:
- Балалар, бүгін қандай күн?
- Біз кімнің өмірбаянымен таныстық?
- Мемлекеттік рәміздерге не жатады екен?
Балалар сұрақтарға жауап береді.
Тәрбиеші балаларды мадақтайды.