Home » Мақалалар » Балабақшадағы кітапхана

Балабақшадағы кітапхана

Досалова Назигул Какеновна
 Алматы қаласы білім басқармасы
КМҚК «№102 бөбекжай балабақша»

  Балабақшадағы кітапхана

Түсіндірме жазба  Өркениеттің жаңа кезеңіне көшу еліміздің экономика, әлеуметтік, саяси,   рухани және білім беру саласын  өзгертті. Цифрлы технологиялардың қарқынды дамуы нәтижесінде   ақпарат индустриясының мүмкіндіктері артты. Бұл жалпы әлемдік жаңару, жаһандық тренд. Әлемде болып жатқан заманауи үрдістерден қалмау үшін, еліміз барлық жаңалықтарды игеруде.  Сондықтан да еліміздің интеграциялық кеңістіктегі орны тек ақпарат индустриясымен өлшенбейді, рухани құндылықтар арқылы анықталмақ.

Рухани құндылықтардың қазығы кітап болып табылады. Кітап оқуға баулу отбасында, мектепке дейінгі ұйымда жалғасады. Бала кітап арқылы өзіне қажетті білім жинақтайды. Сондықтан балабақшада кітапхана жұмысына ерекше мән беріледі.  Кітапхана баланың шығармашылық әлемін дамытуға жағдай жасайды. Бала кітапханамен байланыс орнату арқылы өзінің күнделікті кітап оқу дағдысын қалыптастырады. Оқыған кітабынан эмоционалды ляззат алады және кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне, сезімдеріне талдау жасайды. Осының нәтижесінде баланың сөйлем құрастыру, дұрыс сөйлем мәдениеті қалыптасады. Кітап оқуға деген мотивациясы оянады және ол күнделікті дағдысына айналады.

Шығармаларды тыңдау және суреттерді қарау арқылы балалар кейіпкерлердің образдарына кіреді. Ата-анамен немесе ересек адамдармен бірлесе отырып көркем әдебиеттерді оқу балаларға ақпаратты тез қабылдауға мүмкіндік береді.
   

 Жобаның мақсаты— Балаларды кітапханамен таныстыру, балалар мен ата-аналарды кітап оқуға баулу. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегі міндеттерді шешу қажет:
—  Балаларды «кітапхана» ұғымымен, кітапхана тарихымен таныстыру;
—  Кітапханашының еңбегімен таныстыру;
—   Балаларды кітап оқуға баулу;
— Ата-аналарды үйде кітап оқуға баулу;
—  Кітап деректеріне сүйіспеншілік пен ұқыптылықты тәрбиелеу.
Бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуға тырысуда. Бізді де осы үрдіске ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бен білімді ұрпақ алып шығады. Сол себептен жас ұрпақты тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық құндылықтар болуы қажет. Жас ұрпақты білімді де саналы етіп тәрбиелеу маңызды индикатор болып табылады.
Баланы гаджет, телефон сияқты коммуникациялық құралдардан сақтау маңызды. Бұл құралдар ақпараттық сауаттылықты қамтамасыз еткенмен баланың сөйлеу дағдысын, шығармашылық қабілетін дамыта алмайды. Бұл қабілеттерді дамытуда кітаптың орны ерекше.
Кітапхана  мектеп жасына дейінгі балалардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын қалыптастыруда, кітапқа ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеуде алатын орны зор. Бала өз талғамына сай кітапты таңдай алады.
Кітапхана баланың бойына төмендегі қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

  • балалардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
  • жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік;
  • ұлттық рухын дамыту;
  • ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін,

рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;

  • жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру.

Кітапхана баланың адамгершілік нормаларын меңгеруге де септігін тигізеді. Кітапханада балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. «Ертегілер елінде» іс-шара өткізу барысында ертегілердегі кейіпкерлер бейнесі, оқиғалар желісі суреттеледі. Ертегі әлеміндегі оқиғалар балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін, адамгершілік құндылықтарын, эмоционалды, психологиялық жағдайын тұрақтандырады. Қуаныш пен қайғы, реніш пен сүйіспеншілік, жақсылық пен жамандық сияқты қасиеттерді ажыратуға үйренеді. Табиғаттың тылсым дүниесіндегі аспан әлемі, табиғат құбылыстары, табиғаттағы сан алуан өзгерістер, адам мен табиғат арасындағы гармония, адамның табиғат құбылыстарын болжауы, ертегідегі әртүрлі кейіпкерлердің мінездері, іс-әрекеттері баланың дүниетанымын, қоршаған ортаға деген қатынасын дамытады.

Сонымен қатар «Кітап алтын қазына» көрмесін ұйымдастыру арқылы кітаптың адам өміріндегі маңызы көрсетіледі. Кітапхана-білімнің күн шуағы десек, «Ізденсем, білсем» деген балаға кітапхананың есігі әрқашан да ашық. Ата-бабамыз кітапты ерекше ақылшы, ұстаз санаған. «Кітап-білім бұлағы, Білім-өмір шырағы» деген қанатты сөз қалдырған. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге»- деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады.

Алматы қаласы білім басқармасының қолдауымен тәжірибе алмасу мақсатында Лондон қаласына  2023 жылы  іс-сапармен барып келдік. Тәжірибе алмасу кезінде көптеген кітапхана  саласындағы қызметкерлермен кездесу өтті. Британ кітапханасымен, балабақшаларымен танысу болды. Жол картасы бойынша шетел тәжірибесін зерттеу және  еліміздің мектепке дейінгі білім ұйымдарына, оның ішінде кітапхана саласына енгізу мәселесі бойынша көптеген пікір алмасулар өтті. Әлемнің ен ірі кітапханаларына саяхат жасау барысында кітапхананың тарихы, кітапхана қоры, электронды дерек көздері, сақталу жолдары, кітапхана қызметі, мәдени мұралар, ақпараттық порталдар көрсетілді. Алған тәжірибемен бөлісу мақсатында жоба қорғалды.

Қорыта айтқанда ұлттық құндылығымызды сақтап, жазба мұраларымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында тың жұмыстар атқарылуда. Кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырмандар санын толықтырып, мәдени деңгейінің көтерілуіне тиімді әсер етті. Кітапхана дүние жүзінде де, елімізде болып жатқан жатқан іс- шаралардан ешуақытта тыс қалмайды. Бүгінгі ақпаратты пайдаланушылардың интеллектуалдық деңгейі мен сұраныстары күрделі, мазмұны да өзгерген, соған байланысты кітапхана да жаһандық талаптарға сай өзгеруде. Кітапхана мектепке дейінгі балалардың шығармашылығын, сөйлеу қорын, танымын дамытудың негізгі қазынасы болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Н.Г.Аниева Методическое обеспечение библиотечного обслуживания
    Астана, 2020г. -154с.
  2. Әбішқызы С., Сарманов Ж. «Ұлттық тәрбие – құндылығы мол дүние». -Алматы: Білім, -2018.
  3. Р.И.Крымова Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды ұйымдастыру жолдары //Білім беру айнасы Астана, -2020.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.