Баймухан С.Ж.
«Алматы мемлекеттік табиғи қорығы» РММ
Талғар қаласы,Қазақстан Республикасы
e-mail: bioreserve.almaty@gmail.ru
Аннотация Мақалада Алматы қорығы аумағындағы Оң және Сол Талғар шатқалдарында мекен ететін қырғилардың өмір сүру ортасы мен бақылау нәтижелері жазылған. Бұл тақырып 2026 жылға дейін жалғасатын болғандықтан, биылғы жылы қысқа мерзімді зерттеулер жүргізілді.
Қырғи (лат. Accipiter nisus) қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қазақстанда шөлді аймақтан басқа, барлық территорияда кездеседі. Оңтүстікте отырықшы. Алматы қорығы аумағында аралас жапырақты орманмен қылқан жапырақты орман белдеуін мекендейді. Қорық аумағының күнгей беткейлерінде отырықшы.
Шәулісінің қанатының ұзындығы 21, ұябасарыныкі 25 см, шәулісінің салмағы 220, ал ұябасары 340 г. Арқасы көкшіл-сұр түсті, бауырында көлденең орналасқан қоңыр жолақтары бар.Тұмсығы – көкшілдеу қоңыр. Балтыры және аяғы – сары. Аналықтары және жас қырғилардың жоны қоңыр түсті, ал жас қырғилардың төсінде көлдене жолақтардың орнына тамшы сияқты теңбілдер болады.
Сәуір айында ұшып келіп, ағаш бастарын ұялайды. Көп жағдайда ұяға 3 – 4 жұмыртқа салады, оны ұябасары 35 күнге жуық басады. Шәулісі балапандарын 50 күндей қоректендіреді. Балапандары ұядан маусым – шілде айларында шығады, ұзақ уақыт бойы ұядан алыстамай маңайында жүреді. Қыркүйек – қазан айларында жылы жаққа ұшып кетеді. Қырғи ұсақ торғайларды, кемірушілерді аулайды. Күзгі ұшып кету процессі тамыз айының аяғында бастау алып, қараша айына дейін жалғасады. Ұшып кету жиілігі қыркүйек айымен қазан айының бірінші жартысына тұспа — тұс келеді.
Алматы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында қырғи теңіз деңгейінен 1500 -2800 метр аралығындағы орман алқаптарын мекендейді. Қыс мезгілінде қырғидың қыстап қалғандары көбіне таудың күнгей беттерінде кездеседі. Қорық аумағында 2022 жылы алғаш рет, наурыз айында, теңіз деңгейінен 1500 -1550 метр шамасында Сол Талғар өзенінің күнгейіндегі Құрғақ сайының қайыңды орман арасында кездесті.
Сәуір айында Қазақстан Республикасы Зоология институтының орнитолог мамандарымен бірігіп, келісімшарт негізінде құстарды аулау барысын көріп, сақиналау, анализдерін алу процессіне қатысып қайттым.
Көктем шыға, мамыр айында Оң Талғар сайынан, ғылым үйінің жанындағы қайың орманына салған ұясын бақыладық. Құсты үркітіп алмау үшін, ұяға фототұзақ қойылмады. Осы мақсатта ұяға бақылау 2 аптада 1 рет жүргізіліп отырды. Мамыр айының аяғында аналығы ұяда жұмыртқа басты.
Маусым айының аяғында ұяда 3 балапан пайда болды. Тамыз айының екінші он күндігінде балапандар ұядан алысқа ұзамай, ауық-ауық ұшып тұрды. Тамыз аяқтала, балапандар ұядан ұшты, бірақ ұзамай сол маңайда анда-санда көрініп жүрді.
Қыркүйек айының аяғы мен қазан айының алғашқы жартысында ұшып кете бастады.
Оң Талғар өзенінің күнгейінен қазан айының басында қырғидың аталығы кездесті. Осыған қарап, ол құстың қыстап қалатынын аңғаруға болады.