Home » Мақалалар » Оқушылардың  сөйлеу тілін жаңа әдістер арқылы дамыту

Оқушылардың  сөйлеу тілін жаңа әдістер арқылы дамыту

Кабитканова Айжан Кабиткановна
Шқо, Күршім ауданы, Игілік ауылы
КММ «Игілік негізгі орта мектебі»
бастауыш сынып мұғалімі

Оқушылардың  сөйлеу тілін жаңа әдістер арқылы дамыту

XXI ғасыр – индустриялды-инновациялық технологиялардың үдемелі дамыған кезеңі. Ақпараттық технологиялар саласындағы бәсекелестік оның одан сайын дамуына, жаңа әрі қолжетімді техника мен технология түрлерінің пайда болуына септігін тигізуде. Әлемді жаңа технологияларымен басқарып отырған АҚШ пен Жапония, Оңтүстік Корея елдері технология саласы қарқынды дамыған алпауыт мемлекеттердің көшін бастап тұр. Технология саласындағы жаһандық процестер білім индустриясының мүмкіндіктерін дамытуға септігін тигізуде. Ақпаратты тез игеретін, жаңа заманның ағымына ілесе алатын педагогтердің жаңа буыны қалыптасуда. «Өмір бойы білім алу» парадигмасы педагогтердің 21 ғасыр дағдысын игеруіне алғышарт болып табылады.

Сондықтан да, білім беру саласында бүгінгі заман талабына сай ұстаз болу үшін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін, озық технологияларын игеру маңызды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жас ұрпаққа жақсы білім беру үшін, ұстаздың сапалы болғаны ауадай қажет»- деген болатын. Сапалы білім беру мектептің оқу процесіне, мұғалімнің құзыреттілігіне байланысты.

Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады.

Қазіргі мектептің басты мақсаты- әр оқушының қабілетін ашу, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны өмірге дайындау,  сөйлеу дағдысын дамыту.

Осы орайда, оқушының шығармашылық, зияткерлік, танымдық қабілетін дамыту тілден басталмақ. Себебі, тіл – адамдардың бір-бірімен пікір алысып, қарым-қатынас жасайтын негізгі құралы. Сөйлеу дағдысын дамыту мұғалімнің негізгі міндеті болып табылады.

Тіл – адамзат қоғамында қатынас, сөйлесіп пікір алысудың құралы ретінде қызмет атқаратын құбылыс. Тіл мен қоғам өзара тығыз байланысты, біріншіден, тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды. «Тілсіз ұлт құрымақ». Тіл – адамзат қоғамының өмір сүруінің қажетті шарты. Екіншіден, тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді. Қоғам – тілдің өмір сүруінің шарты.Қоғамның өмір сүруі үшін, тіл қаншалықты қажет болса, тілдің дамып, өркендеуіне қоғам да соншалықты қажет.

Тілді дамыту отбасында, мектепте әртүрлі пәндердің интерграциялық байланысы негізінде жүзеге асады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын оқушы айналадағы адамдармен, құрдастарымен   белсенді түрде сөздік қатынас жасайды.

Оқушылардың тіл байлығын дамыту үшін сабақта әр түрлі әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануға болады. Сабақта қолданылатын мәтін мен жаттығулар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келуі маңызды. Оқушылардың ойлау, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, сөздік қорын молайту –  әр сабақтың міндеті болып табылады.

Бастауыш мектепте ана тілді оқыту барысы жеке-жеке айқын мақсаттар көздейтін үш кезеңнен тұрады:

  1. Сауат ашу, тіл дамыту (Әліппе).
  2. Оқу, тіл дамыту (Ана тілі).
  3. Грамматика, емле тіл дамыту (Қазақ тілі).

Оқушылардың тілін дамыту, сөз дағдыларын қалыптастыру осы кезеңдердің әрқайсысында белгілі бір тақырыптың оқытылуына сүйене отырып, соның барысында жүргізіледі.

Белсенді әдістерді қолдану арқылы мұғалім  оқушыны ойлануға, практикалық іс-әрекет дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасайды.

Бастауыш сыныпта жоспар бойынша жұмыс  жүргізу негізінде үй тапсырмасын  «Еркін микрофон», «Бір сөзбен»  әдістері арқылы оқушылар ойын  жинақтатауға болады және бұл әдістер оқушының сөйлеу дағдысын дамытады.   Осы кезде оқушы бойындағы шапшаңдық  пен артистік қабілет, айтылған жауапқа  байланысты сұрақ түрлерін жүйелі құрастыра білу дағдылары қалыптасады. «Кезбе тілші» әдісінде интервью алу барысында оқушы өзін сұрақтар тізбесін қоюшы ғана емес, сөйлеу қабілетін де ашуға мүмкіндік алады. Оқушы дауыс ырғағын құбылта білуі мен бет жүзі  мимикасымен  де өзін тартымды етіп көрсете біледі. Ал «Сөз тастау» әдісімен оқушылардың  танымдылығы мен ізденіс  деңгейін анықтауға болады. Осындай белсенді әдістер оқушының сөйлеу мәдениетін қалыптастырады.

Мәтін бойынша жазылым жұмыстарында   жарнама жасауға берілген тапсырмаларда оқушылар өз бойларындағы  сурет салуға деген бейімділігін, сөзді шебер, орнымен қолдана білу қабілеттері  дамиды.

Белсенді әдістерді әліппе және ана тілі пәнінде қолданудың маңызы ерекше. Себебі, оқушының көркем сөйлеу және ойлау қабілеті тіл арқылы қалыптасады. Оқушылар арасында еркін, ашық шығармашылық қарым-қатынас орнатылады. Сабақта оқушыларды топқа бөліп, проблемалы сұрақтар құрастырып, соларға тез жауап алу мақсатында  «Миға шабуыл», «Дисскусиялық карта» әдістерін қолдануға болады.  Ана тілі сабағында мәтінмен жұмыс істеудің әртүрлі тәсілдері бар.

Мәтіндегі ақпаратты анықтау, тірек сөздерді дұрыс қолданып, иллюстрацияларды сипаттау  мақсаттарын  жүзеге асыру барысында  оқушы әрекеті белсенді оқуға бағытталады.  Мәтін ішінен топтарға жекелеген тапсырмалар беріледі. Бұл жұмыс түрі мәтіннің негізгі ойын түсінуге шоғырланған дайындық жұмысы.  Әр топқа бір суретті немесе сөз тіркесін  мәтін ішіндегі бар сөздермен сипатта немесе мәтіндегі сөз тіркестерімен бер, — деп тапсырмаға уақытты шектеп бергендіктен, қызығушылық та, бәсекелестік те арта түседі. Осындай белсенді топтық жұмыстар оқушының сөйлеу дағдысын қалыптастырады.

Тапсырманы орындауда  «Хикая картасы» әдісін қолдану оқушының сыни тұрғыдан ойлау және сөйлеу, ойын дұрыс айту  дағдысын қалыптастырады.  «Хикая картасын» толтыру үшін, оқушылар берілген суреттерді мәтін мазмұнына сай ретімен орналастыра отырып, берілген тірек сөздерді пайдалана отырып, суреттерді сипаттайды. Ретімен сипаттай отырып, мәтін мазмұнын, негізгі ойды баяндайды. Топпен орындау оқушылардың ұжымдық, коммуникативті қарым-қатынас стилін дамытуға мүмкіндік береді.  Суреттерден мәтін құрастыру арқылы олардың көркем сөйлеу, әдеби тілі қалыптасады.

Сабақ бойынша өз пікірлерін және сыни ойлау деңгейінің қаншалықты артып отырғанын анықтау мақсатында сабақта «ББҮ» стратегиясы, «Екі жұлдыз, бір тілек», «Күнделік жазу» арқылы кері байланыс жасап отыруға болады. Рефлексия жасау оқушылардың пікірлерін дәйектеп, ойларын жүйелі, сөздерін нақты жазуға дағдыланады. Сонымен қатар оқушылардың сөйлеу дағдысын әртүрлі пән арқылы дамытуға болады.

Жаратылыстану бағытында жүргізілетін «Дүниетану» пәнінде белсенді әдістерді қолдану арқылы оқушылардың ғылыми дүниетанымын, сөйлеу дағдысын дамытуға болады. Себебі, Дүниетану интеграциялық пән ретінде, биология, география, химия, экология сияқты пәндердің негізін үйретеді. Оқушылардың осы ғылым негіздерін меңгеру арқылы олардың дүниетанымы кеңейеді және сол мәліметтерді дәлелдеуде сөйлеу мәдениеті көрінеді. Бастауыш сынып оқушысы ғылыми ұғымдармен таныса отырып, қоршаған ортаға деген өзіңдік көзқарасын қалыптастырады. «Кластер», «Ми шабуылы» сияқты белсенді әдістерді сабақ үрдісінде қолдануға болады. Ол, оқушылардың логикалық ойлау және сөйлеу дағдысын дамытады.

Адам әрекетінің табиғатқа әсері қандай? Жерде тіршілікті, адамды қалай сақтап қалуға болады?- деген сұрақтарды қою арқылы, оқушылардың креативті ойлау дағдысын, тез шешім қабылдау ептіліктерін және ойларын сөзбен, сөйлеммен, мәтінмен жеткізу қабілетін дамытуға болады. Миға шабуыл әдісі білім алушыларды дерек көздерімен өз бетінше жұмыс жасауға бағыттайды.  Оқушы бір мәселенің бірнеше шешімін іздеу арқылы шығармашылықпен  ойлауды үйренеді. Шығармашылық ойлау оқушының ең бірінші сөйлеу мәдениетіне үйретеді.

Ана тілінде  үй тапсырмасын тексеру барысында «Ақиқат, жалған» әдісін  қолдануға болады. Топтағы оқушылардың алдында қызыл және жасыл түсті қиылған қағаздар беріледі. Мысалы, «Дыбыстар екіге юөлінеді, дауысты және дауыссыз; н-дауыссыз үнді дыбыс» — деп белгілі бір тұжырымды айтқан кезде оқушылар ақиқат  болса жасыл түсті қағазды, жалған болса қызыл түсті қағазды көрсетуі керек. Бұл әдіс оқушыдан шапшаңдықты талап етеді.

«Жалғасын тап» әдісі үй тапсырмасын тексеруде  тиімді әдістің бірі. Оны ұйымдастыру үшін сөйлемнің басы жазылған парақшаларды оқушыларға таратып, әрі қарай  олар ойды жалғастырып сөйлемді толықтырады. Сөйтіп, мәтін мазмұнын өздері шығарады,  барлық оқушы қатысады. 

«Шығармашылық шеберхана» әдісі оқушылардың шығармашылық дағдысын дамытуға көмектеседі.  Сабақ барысында оқушылар мәтіннің мазмұнына сәйкес суреттер, иллюстрациялар дайындайды. Сонымен қатар эссе, өлеңдер, әңгімелер жазады. Оқушылардың шығармашылық әрекеттері нәтижесінде керемет туындылар пайда болады

Белсенді әдістердің бірі «Үштік әдіс».  Ана тілі сабағында оқушылардың оқылым, айтылым, тыңдалым дағдылары қалыптасады. Оқушылар бірнеше жұптарға бөлінеді. Бірінші оқушы мәтінді оқиды немесе мазмұндайды, екінші оқушы тындайды, үшінші оқушы керек жерлерін түртіп алады, кейін өз пікірін айтады. Бұл әдіс оқушылардың мәтінмен жұмыс жасау шеберлігін дамытады.

Қорыта келе,  белсенді әдістерді сабақта тиімді қолдану, оқушының танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға және сөйлеу дағдысын дамытуға ықпал етеді. Білім алушы өз ой-пікірін еркін, ашық айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді, ұжымда ынтымақтастық атмосфера қалыптасады.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Ильясова Д.С., М.К.Тасбулатова., Т.А.Оспанова. Бірінші сыныпта оқу үдерісін ұйымдастыру туралы әдістемелік ұсыныстар. А., 2017
  2. Әлімов А.Қ. Интербелсенді оқу әдістемесін мектепте қолдану»   А., 2018
  3. Кобдикова Ж.У. Деңгейлеп саралап оқыту педагогикалық технологиясы -А., 2006.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.