Журымбаева Айша Жұмағалиқызы
Шымкент қаласы
«Болашақ» мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтқанындай, «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет. Қазақстанда 50 елдің қатарына жеткізетін, терезесін тең ететін білім. Қазіргі заманда жастарға ақпаратты техникамен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» — деп атап көрсеткеніндей, қазіргі таңда білім саласында жаңа технологияны қолданудың тиімділігі өте жоғары.
Қазіргі білім беру жүйесінің алдында оқу үрдісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Мектеп өмірінің ерекшелігі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты жан-жақты дамыту. Бастауыш білім беру үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы. Ол өте жауапты іс. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесі зерттеліп мектеп өміріне енуде. Қазіргі заман талабына сай педагогтардың алдына қойған негізгі мақсаттары баланы оқи білуге үйрету, баланы ойлауға үйрету, баланың өзін-өзі тұлға ретінде дамуына жағдай жасау болып табылады.
Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы өздігінен білім іздейтін жеке тұлға, еркін ойлаушы азамат екендігіне мән беріледі. Қазіргі оқушы дүниетанымы, қабілеті жоғары, дарынды өнерпаз, еркін ойлай отырып, ойын еркін жеткізе алатын, өз алдына мақсат қоя білетін оқушы болып қалыптасуы қажет. Қазіргі таңда білім беру жүйесі түбегейлі жаңартылып, мұғалім қызметінің мақсаттары кеңейтіліп, үлкен өзгеріске ұшырады. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы қалыптасты. Кез-келген ұстазға сапалы сабақ беруге мүмкіндік берілді. Оқыту мен ұйымдастырудың көптеген тиімді әдістерін қолдануға мүмкіндік берілді. Мұғалім ең алдымен оқушының өзін-өзі ізденуге, ойлануға ынталандыру қажет. Оқушы белсенділігінің артуы оны шығармашылыққа жетелейді. Шығармашылық дегеніміз – адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға, жаңалық ашуға, жаңа тәсілдер табуға ұмтылуы, ізденуі. Шығармашылық қабілет әр баланың қабілетінде болуы мүмкін. Біздің міндетіміз – оқушыға оның бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазіргі мұғалімнің қоғамдағы орнын бағалай отырып: «Сіздер мен біздер тек болашақ буынды ғана емес, жалпыадамзаттық қадір-қасиеттердің мән-мағынасын түсінетін, жаны да тәні де таза, білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген еді. Сондықтан мұғалім алдында кездесетін қиындықтарға қарамастан білім беру сапасын арттыру, баланы жеке тұлға ретінде алып қарап тәрбиелеу – мұғалімдер қауымының міндеті. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін сабақта және сабақтан тыс уақытта дамытуда сын тұрғысынан ойлау жобасының көптеген әдіс-тәсілдерін қолдануға болады.
Тақырыпты мазмұнына қарай жинақтау, арнаулы бір тақырыпқа пікірталас тудыру: ой қозғау, инсерт кестесі.
Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс: эссе, шығарма, диаграммалар, стратегиялар т.б.
Әңгіменің ұқсастығын салыстыру, бөліктерге бөлу, ат қойғызу, мәтіндегі ұқсастық пен айырмашылықты табу: Венн диаграммасы, аялдамамен оқу стратегиялары.
Қиялдау арқылы сурет салғызу.
Өз ойы арқылы кейіпкерге мінездеме жазғызу.
Өлең шумақтарын құрастыру.
Тақырып бойынша оқушылар өздері жұмыс істейді және де топпен де жұмыс жүргізеді. Оқушылардың білімін қалыптастыру үшін белгілі бір әдіс-тәсілдерді қолданған тиімді болып табылады. «Ассоциация», «Топтау», «Түртіп алу», «Болжау», «Әлемді шарлау», «Броундық қозғалыс», «Стикердегі диалог» әдістерін топтық жұмыстарда пайдалануға болады. «Өзара оқыту» әдісі, «Кең ауқымды лекция» әдісі, «Инсерт» әдісі, «Білемін білгім келеді, үйренемін» әдістері оқушының өз алдына білім алуына шығармашылық іс-әрекеттерінің оянуына, өзіндік еңбек ету кезеңінің қалыптасуына негіз болады. «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы», «Кейіпкерге хат», «Кубизм», «Т кестесі», «Шахмат», «Фишбоун» әдіс-тәсілдері әр сабақтың ерекшелегіне ауыр-жеңілдігіне қарай лайықты қолданылады. Бұл әдістердің тиімділігі сабақтан тысқары қалатын оқушылар болмайды.
Бұл бағдарламаның мақсаты – барлық жастағы, соның ішінде бастауыш сынып оқушыларының кез-келген мазмұн түсінікке сыни тұрғыдан қарап, ең керекті пікір, ұйғарым таңдауға, шешім қабылдауға үйрету. Оқушылардың білім деңгейін көтеруге, шығармашылыққа баулуға, ойларын еркін айтуға жетелеу. Сын тұрғасынан ойлау сынау емес, шыңдалған бірін-бірі толықтырған ойлау. Әр оқушыға өзін-өзі дамыта жетілдіре бақылай алатын дағды қалыптастыру, соған сәйкес өз бетінше білім алуға үйрету, дамудың ең биік шыңына жету болып табылады. Сын тұрғысынан ойлау технологияларын пайдалану нәтижесінде оқушының сабаққа қызығушылығы артады, нақты өз деңгейінде бағаланады, жеке қабілеті айқындалады, өз бетімен жұмыс істеуге үйренеді. Оқушы тұлғасының толық қалыптасуына жағдай жасалады.
Сөзімді қорытындылай келе, қазіргі кезде мектептерде жиі қолданылып отырған жаңа технологиялар ойлауды дамыту, қабілетті қалыптастыруға бағытталған әдіс-тәсілдер. Осы технология аясында оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артып, сыныптың білім сапасы көтеріледі. Егер жаңа технология элементтерін сабақта өз дәрежесінде ұйымдастыра білсек, өз нәтижесін береді деп ойлаймын.