Жумина Бакыт Сериковна
Астана қаласы
№ 60 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі
Бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, жан дүниесі сұлу, рухани бай, сезімтал, терең біліммен қаруланған оқушы тұлғасын сомдау үшін қажырлы еңбек қажет.
Өз мақсатына жету үшін ұстаздың қолында үш қаруы болуы керек. Ең бастысы – шәкірттеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен терең ғылыми білімі, екіншісі – сол білімін оқушы бойына, санасына жеткізетін, дарытатын әдіс-тәсіл. Осылардың басын біріктіре білген ұстаз жаңа технологияның тиімдісін, ең көрнектісін таңдап, қолданады.
Педагогикада оқытудың бірнеше моделін атап көрсетуге болады:
1) пассивті оқушы оқытудың «объектісі» рөлін атқарады (тыңдау және көру)
2) активті /белсенді/ оқушы оқытудың «субъектісі» болып шығады (өзіндік жұмыс, шығармашылық жұмыс, зертханалық – практикалық жұмыс)
3) интерактивті – inter (өзара), act (әрекеттесу). Оқыту үрдісі барлық оқушылардың тұрақты белсенді түрде өзара қарым-қатынасы арқылы жүзеге асырылады. Оқушы мен мұғалім оқытудың тең құқылы субъектісі болып табылады.
МҰҒАЛІМ |
ОҚУШЫ |
ОҚУШЫ |
ОҚУШЫ |
Интерактивті оқыту технологиясы – бұл ұжымдық, өзін-өзі толықтыратын, барлық қатысушылардың өзара әрекетіне негізделген, оқу үрдісіне оқушының қатыспай қалуы мүмкін болмайтын оқыту үрдісін ұйымдастыру. Өз тәжірибемде мен осы тәсілді басшылыққа аламын.
Оқытудың интерактивтік тәсілдерін таңдау себебім:
- оқушыларға материалды меңгерудің кешендік білімін ұсыну;
- жастардың оқу үрдісіндегі қиыншылықтарды жеңулеріне көмектесіп, шығармашылық тұлға санатына қосылуларына ықпал жасау;
- оқушылардың ой-өрісінің кеңейіп, жан-жақты дамуына жәрдемдесу;
- оқушыларды көлемді туындылармен, сан алуан ақпараттармен жұмыс жасай алуға үйрету.
- белсенді таным әдістері үйренушілерді өз біліміне жауапкершілікпен қарауға баулиды.
Өз таңдауымды оқушыларға былайша түсіндіремін:
Ал сен өзің үшін істейсің
|
Мен сен үшін істеймін |
Интерактивтік тәсіл арқылы білім алушы мына қағиданы ұстанады:
- Естігенімді –ұмытамын.
- Көргенімді – есте сақтаймын.
- Істегенімді – түсінемін.
Интерактивтік тәсілдер бойынша өтілетін сабақ «Колба моделі» (Дэвид Колбаның эмпирикалық таным циклы) бойынша жүзеге асады.
Қазіргі кезеңдегі кез-келген педагогикалық технология оқушылардың белсенді ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған.
70-жылдары американ психологы Дэвид Колбо тұлғаның ойлауы мен іс-әрекетін дамытуда эмпирикалық оқыту моделін ұсынған. Бұл кейіннен «Дэвид Колбаның эмпирикалық таным циклы» деген атауға ие болды.
Дэвид Колбаның эмпирикалық таным циклы – бұл төрт фазадан тұрады, яғни бірінші фазада нақты проблема немесе тәжірибе белгіленеді, екінші фазада бақылау және ой қорыту жасалады, үшінші фазада рефлексия негізінде жаңа тұжырымдар қалыптастырып, оны төртінші фазада тәжірибеде тексеріп қарайды. Бұл технология моделдеу, жоба жасау, белсенді эксперимент жүргізу сияқты тапсырма түрлерін қамтиды.
- Нақты проблема немесе тәжірибе (НТ)/Конкретный опыт — (КО)
- Бақылау және ой қорыту (ОҚ) /Мыслительные наблюдения — (МН)
3.Жаңа тұжырымдар қалыптастыру (ЖТҚ)/Абстрактная концептуализация — (АК)
- Тәжірибеде тексеру (ТТ)/ Активное экспериментирование — (АЭ)
Сабақта атқарылатын жұмыстардың құрылымы:
- Мотивация
- Бекіту
- Негізгі материалды оқу
- Бағалау
- Дебрифинг
Сабақ уақытын жоспарлау
Сабақ уақытын әр мұғалім сабақ ерекшелігіне байланысты өзгертуіне болады, алайда сабақ құрылымы сақталуы тиіс.
Пәнді оқытуда қолданылатын интерактивтік әдістер: сабақ-презентация, практикум, семинар сабақтар, проблемалық лекциялар, сынақ сабақ, зерттеу, жоба құру сабақтары.
Өз тәжірибемде қолданатын оқушылардың белсенділіктерін арттыратын интерактивтік тәсілдер: Миға шабуыл, кластер, синквейн, инсерт, эссе, тезаурус, триггерлік суреттер, семантикалық карта, РАФТ, жұппен, топпен жұмыс, рөлдік /іскерлік/ ойын, пікірталастар, жағдаяттарды шешу, алмаздық жетілік/тоғыздық, рефлексия…
Интерактивті оқыту технологиясының аса көп мөлшері белгілі. Әр ұстаз өз бетінше сыныппен жұмыстың жаңа тәсілдерін ойлап таба алады. Оқушылар бір-біріне сұрақ қойып және оған жауап беруді үйрететін, жұптасып жұмыс істеу әдісін сабақтарда жиі қолданылады.
Орыс сыныптарындағы қазақ тілі сабақтарында қолданылатын тәсіл – «Жағдаяттарды шешу». Мысалы, «Менің досым» тақырыбы бойынша оқушыларға мынандай жағдаят ұсынылады: Сен досыңды жоғалтып алдың. Полиция бөлімшесіне келдің. Онда тек қазақ тілінде сөйлейтін полиция қызметкері отыр. Сен өз досыңның фотороботын бейнелеуің керек. Аты кім? Жасы нешеде? Шашы, көзі, бойы..
«Даналық ағашы» – оқушылар ереже, шығарма мазмұны бойынша сұрақтар құрастырып, ағашқа іледі. Мұғалім оқып, жауап алады.
Синквейн. Синквейн құру тәртібі:
Бірінші тармақ – негізгі ойға байланысты зат есім;
Екінші тармақ – негізгі ойға байланысты сын есім;
Үшінші тармақ – негізгі ойға байланысты қимылды білдіретін етістік;
Төртінші тармақ – тақырыпқа байланысты сөз тіркесі;
Бесінші тармақ – бірінші тармақтағы сөзбен мағыналас сөз.
«Жуан және жіңішке сұрақтар» әдісі
Жуан сұрақтар | Жіңішке сұрақтар |
Толық, пысықталған жан-жақты жауап берілуі тиіс | Дәл, қысқа да нұсқа жауапты қажет ететін сұрақтар |
Мысалы: Түсіндір, не себепті… Неге солай ойлайсың… Айырмашылығы неде… Егер де… Қалай ойлайсың, егер… | Мысалы: Не? Қайда? Қашан? Келісесің бе? Дұрыс па? |
Оқыту құралдары. Сынып кабинеті интерактивті тақтамен, интернетпен жабдықталған.
- Дидактикалық материалдар.
- Электрондық оқулықтар.
- Интернет материалдары /онлайн-тест/
- Кестелер
- Презентация
Интерактивтік оқыту – бұл, ең алдымен оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы тікелей жүзеге асатын сұхбаттасып оқыту болып табылады.
Интерактивтік оқытудың мәнісі – сыныптағы барлық оқушы таным үрдісімен қамтылады, олар өздерінің білетін және ойлайтын нәрселері арқылы түсінуге және қарсы әсер етуге мүмкіндік алады. Таным үрдісінде, оқу материалын игеруде, оқушылардың біріккен әрекеттері мынаны білдіреді; әр оқушы өзіне тән ерекше еңбегін сіңіреді, білім, идея, әрекет ету тәсілдерімен алмасу үздіксіз жүреді. Сонымен қатар, бұл үрдіс өзара қолдау және қайырмыдылық атмосферасында жүреді. Яғни, жаңа білім алып қана қоймайды, танымдық үрдісте өзін дамытады, оны әлдеқайда жоғары топтасу мен еңбектесу дәрежесіне көтереді.
Сабақтағы интерактивтік әрекет өзара түсіністікке, өзара әрекетке, қатысушының әрқайсысына қажет мәселені бірлесіп шешуге алып келетін — ұйымдастыру және сұхбаттасып қарым-қатынас жасауды дамытуды ұсынады.
Интерактив бір көзқарастың немесе бір ғана сөйлеуішінің басым болуы жағдайын болдырмайды. Сұхбаттасып оқыту барасында оқушылар сыни ойлауды, тиісті ақпарат пен белгілі жағдайды талдау негізінде күрделі мәселелерді шешуді, балама көзқарастарды салыстыруды, дұрыс шешімдер қабылдауды, дискуссияға қатысуды, басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауды үйренеді. Ол үшін сабақта жекелей, жұптық және топтық жұмыс ұйымдастырылады, зерттеу жұмыстары, рөлдік ойындар қолданылады, құжаттармен және түрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасайды, шығармашылық жұмыстар пайдаланылады.