Аркалык Галия
«Жетісу облысы білім басқармасының
Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі»
мемлекеттік мекемесі Сайын Мұратбеков
атындағы «Мектепке дейінгі шағын орталығы
бар № 9 орта мектебі» КММ
тарих пәнінің мұғалімі
Сөйлесе — сөздің шешені, бастаса – қолдың көсемі — Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлы – қазақ халқының XVII-XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін Болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы сұлу Сырдың бойында дүниеге келген. Арғы аталарын тарата айтсақ Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек – есімдері елге белгілі әділ билер болған.
Қай халықтың болмасын тарихы елінің зердесінде өшпес із қалдырған аса көрнекті жеке тұлғалардың атымен тығыз байланысты. Тарихи ауқымды зор тұлғаларды дәуір туғызады. Қазақ халқының сондай тұлғаларының бірі XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Қазақ хандығының ұлы үш биінің бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәмілегер, дипломат, шешен, азаттық күрестің көсемдерінің бірі – Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы. Қаз дауысты Қазыбек 1667 жылы Сыр өңірінің Түркістан атырабында дүниеге келген. 1764 жылы Қарағанды облысының Семізбұғы мекенінен шамасы 16-18 шақырым қашықтықта Далба тауының түстік беткейінің Қарағайлы бұлақ деген жердегі жайлауында 97 жасында қыс айларының басында өмірден озған. Оның мүрдесін ақ жуып, арулап, былғарыға тігіп, қыс бойы төрт таған тасқа орнатылған сөренің үстіндегі киіз үйде аманат ретінде сақтап, көктем шыға үлкен ұлы Бекболат бастаған Арқаның 40 батыры мен ел ағалары қасиетті Түркістанға жеткізіп, әулие Кожа Ахмет Йассауи сағанасына жерлеген.
Келдібекұлы Қазыбектің өзі туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер мен бидің өзінен жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрін ата жолы заңдарын мейлінше меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын көрсетеді.
Тәуке ханның (1680-1718) Қаз дауысты Қазыбекті Орта жүздің бас биі етіп тағайындауына оның осы қасиеттері негіз болса керек. Қазыбек би әз-Тәуке тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі, кейін Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел басқарған кезеңдерде хандықты басқару ісіне жиі араласқан, ішкі-сыртқы саясатта хандарға ақыл-кеңес беріп отырған терең ойлы би болды. Бұл тұжырымды Сібір губернаторы міндетін атқарушы генерал-майор Фрауендорфтың Ресейдің сыртқы істер алқасына (коллегиясына) 1753 ж. 11 наурызда жазған мәлімдеме-хатындағы пікірі толықтыра түседі. Осы деректе: «Қазыбек би бүкіл Орта жүздегі ең басты би болып табылады. Оған Әбілмәмбет ханның өзі, сондай-ақ Абылай сұлтан, басқа да ұлыстардың сұлтандары мен ел ағалары әрқашан да келіп, әртүрлі кеңестер алады, тіпті Қазыбек бидің келісімінсіз Орта жүзде бірде-бір маңызды мәселе шешілмейді екен», – деп жазылған.
Қаз дауысты Қазыбек мемлекет істерімен қатар, ру ішінде немесе ру аралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. Мәселен, 1748 ж. тамыз айында болған Әбілқайырдың өлімінен кейін кек алмақ болған оның балаларынан сескеніп Орта жүздің Арғынына арқа сүйемек болған Барақ сұлтанға, оның жақын кеңесшісі бола тұра Қазыбек би: «біз сен үшін Кіші жүзбен айтыспаймыз» деген екен.
Ел ішінде қара қылды қақ жарған, алты алаштың ардағы аталған Қаз дауысты Қазыбек бидің бұл Орта жүз бен Кіші жүз араларын ушықтырмай, мәмілеге келтіру арқылы олардың бірлігін сақтауды мақсат еткен даналығын көрсетеді.
Қаз дауысты Қазыбек өмір сүрген талас-тартыс пен дауға толы күрделі заманда оның Қазақ хандығының ішкі саясатында атқарған қызметінің басты мақсаты – қазақ елінің бірлігі мен ынтымағын сақтап, бір орталыққа біріккен мемлекеттігін нығайта түсу болған. Бұл саясатты жүзеге асыруда Тәуке ханның басшылығымен қабылданған «Жеті Жарғының» тарихи маңызы ерекше болды. Осы заң жинағының дайындалуына Қазыбек бидің атқарған қызметі көңіл аударарлық.
Қаз дауысты Қазыбектің «Жеті Жарғыны» дайындаудағы ерекше қызметін оның қызы Қамқа (Манқап) әкесіне арнаған жоқтауында:
Қазаққа деп заң жасап,
Қазыбектің қасқа жол,
Артында мирас қалғаны.
Шариғат айтқан жол емес,
Законға тағы қол емес,
Солар менен бірдей ғып,
Қазаққа бір жол салғаны, – деп жырлаған.
Қамқаның осы күнге дейін бізге келіп жеткен осы жоқтау жыры Қаз дауысты Қазыбектің өмір тарихының баға жетпес құнды тарихи дерегі екендігін мойындауымыз керек. Қамқаның әкесіне арнаған жоқтау жыры Қазыбек бидің «Жеті Жарғыны» дайындауда қандай рөл атқарғанын аңғартады. Дана би Қазыбектің «Жеті Жарғыны» дайындаудағы парасат қабiлеті мен білімі туралы этнолог, профессор Ж.Артықбаев: «Ол өзіне дейінгі билік жолдарымен толық танысып, сонау Ғұн дәуірінен, тіпті Сақтан бастау алатын көпшілік ортасындағы құқық дәстүрін игеріп, сонымен қатар әдет-ғұрып заңдары мен шариғат арасындағы күрделі байланыстар мен қайшылықтарды да шешу мүмкіндігіне ие болды» деген тұжырым жасайды
Сөйтіп, «Жеті Жарғыда» Қазақ хандығында ел басқару жүйесі идеясының негізі жасалып, халқымыздың тарихи болашақ тағдырына жол көрсеткен маңызы ерекше құжат болды. Қазыбек би қазақ елінің сыртқы саясатында, әсіресе, қазақ-жоңғар қатынастарында елші ретінде ерекше белсенділік танытып мәмілегер, дипломат болғаны қазақ халқына белгілі. Ел ішінде сақталып, аңызға айналған әңгімелер мен шежіре мағлұматтарында қалмақ пен қазақ арасындағы болған шапқыншылықты бітістіру мақсатында Қаз дауысты Қазыбектің қонтайшыға елші ретінде 3 рет барғаны баяндалады. Оның алғашқы елшілік сапары 1681-1684 жылдары жоңғарлардың қонтайшысы Қалдан Бошоқту уақытында Жетісу мен Сыр бойына салған ойранынан соң Арғын ішінде Сүйіндік руының Айдабол ұрпағы Тайкелтір би басқарған елшілермен бірге болған. Өйткені Қамқа әкесін жоқтауда:
Белгілі шығар Алашқа Қоңтажыға барғаның.
Он сегізде сол күнде,
Қалмақты сынға алғаның.
Қазақты жоқтап қалмақтан,
Араға сөзді салғаның:
Қалмақтың ханы Қоңтажы
Жауаптан ұстап алғаның.
Босатып едің, жан әкем,
Тұтқында қазақ қалғанын.
Талап алған шабынды,
Қайтарып алдың бар малын.
Олқысыз тоқсан жесірді,
Сол жерде анық алғаның.
Қалмақ пен қазақ бас қосып,
Екі ұдай болған тобында
Алдыңа бір жан салмадың, – деп жырлаған.
Қаз дауысты Қазыбектің жоңғар хандығына барған осы елшілік ерлігіне Шоқан Уәлиханов өзінің «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген мақаласында жоғары баға берген еді.
Мысалы, қазақ-жоңғар қатынастарына байланысты Қаз дауысты Қазыбектің Жоңғар еліне қазақ елшілігін 3 рет басқарып баруы туралы деректік мағлұматтар оның ұрпақтарында, осы күнге дейінгі шежірелерде және ауыз әдебиеті нұсқаларында сақталған. Осы материалдар XX ғасырда 80-90-жылдарында баспадан жарық көрді. Қаз дауысты Қазыбек бидің дүлдүл шешендігі, батырлығы, дипломатиялық қабілеті мен парасаттылығы қалың қазақ еліне жайылған. Оның атқарған саяси-қоғамдық қызметі туралы мағлұматтар халық жадында осы күнге дейін жақсы сақталған. Ш.Уәлихановтың шығармаларында: «Аңыз-әңгімелер мен халық поэзиясында Қазыбек жоңғар шапқыншыларына қарсы күрестің ұйымдастырушысы ретінде сипатталады. Сол аңыздын бірі қазақ ханы Абылайдың тұтқында болған уақытында Қазыбектің қандай рөл атқарғанымен байланысты» деп жазылған.
Келіссөздердің қорытындысында Қалдан Серен Қазыбек биге: «Біз сенімен үшінші рет келісім жасап отырмыз, бірақ біздің татулығымыз тұрақты болмады, бұзыла берді. Мұнан былай біздің достығымыз бен татулығымыз тұрақты болу үшін қыз алысып, бір-бірімізге қыз берісейік» деп, Қазыбек биге қалмақтың бір қызын беріпті, оның аты – Кішік. Бұл қызды би өзінің үлкен ұлы Бекболатқа қосыпты. Атақты би әрі батыр Тіленші осы Кішіктен туған.
Абылай сұлтанның қонтайшы тұтқынынан босатылуына Қаз дауысты Қазыбектің атқарған қызметінің қорытындысы Ресейдің XVI–XVIII ғғ. сыртқы саясаты мұрағатының (РССМ) деректерінен белгілі.
Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюевтің Ресей үкіметінің Сенатына 1743 жылғы 8 шілдеде жазған мәлімдеме хатында: «Орта жүздің ханы Әбілмәмбеттен 7 маусымда қысқаша хат алдым. Оның хабарлауынша: Жоңғар билеушісінде тұтқында болған Абылай сұлтан мен ел ағасы Жапақ екеуі қайтып келіпті. Қалмақтар енді олармен татуласуда» – деп жазылған. Бұл деректі Иван Лапин мен Мансур Аксаковтың 1743 ж. 30 тамызда Орынбор комиссиясының кеңсесіне берген мәлімдемесі толықтыра түседі. Онда: «Абылай жоңғарлардан үлкен құрметпен босаған. Оған алтын оқамен зерленген отау үй, оқалы шапан, жинамалы темір шатыр, темір сауыт т.б. беріп аттандырған. Мұндай сый-сияпат Абылайға қазақ пен жоңғарлардың келешекте тату тұруы үшін көрсетілген. Жоңғарлар өз тарапынан бұдан былай қазақтарға тиіспейді», – деп жазылған.
Келесі дерек – Абылайдың тұтқыннан босап келгеннен кейін Орта жүзге барып, Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанның және ел ағаларының Жоңғар қалмақтарымен, Қалдан Серенмен арасындағы байланыстары жөнінде барлау жүргізіп қайтқан башқұрт Төкен Балтасевтің (мүмкін Балташев болар) – 1743 жылы 22-қыркүйектегі мәліметтерінде: «Жоңғар билеушісі Қалдан Серен өз атынан Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанға елші жіберіп, өзінде аманатта қалып отырған Әбілмәмбет ұлының орнына Барақ сұлтанның ұлын жіберуді талап еткен. Бұл жөнінде Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтан Қазыбек бимен және басқа да ел ағаларымен ақылдасқан.
Бұдан бір ой өткен соң Абылай, қасындағы басқа адамдармен бірге Жоңғар тұтқынын босап келген. Онымен бірге қалмақ елшілері де (30 адам) келген…
Қаз дауысты Қазыбек Орта жүздің ұлы биі мәмілегер дипломаты болуымен қатар, XVII-XVIII ғғ. еуропалық қоғамдық-саяси ой деңгейіне көтерілген ойшыл, сондай-ақ дала өркениетінің ерекше демократиялық дәстүрлері арқасында қоғамдық тұғырға көтерілген қара халықтан шыққан көсемі болды.
Қазбектің шығармашылығының өзіне тән пайымдаулары ұлтымыз-дың тарихнамасында адам құқығы мен еркіндігін қорғаудың жарқын үлгісі ретінде мәңгілік сақталады. Қалмақ ханы Қоңтажы: «Өзің сөзге келе -тін бала болсаң отырған орның қандай төмен еді, былай жоғары шықшы» – дегенде Қазыбек: «Біздің қазақтың әдетінде, жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлей береді» – деп орнына барып отырады.
Содансоң қазақтарды қонақ үйге апарып күтіп – «Қазыбек сен жаңа үйреткен, жас тұлпар екенсің, сенің айтқан сөзіңе буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі – сенің дауысың қаз дауысындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан сенің атың бұдан былай«Қаз дауысты Қазыбек» болсын, екінші тоқсан жеті жүлдені саған байладым, бұдан былай сен екі сыбағалы бол!» депті.
Қаз дауысты Қазыбек бұдан кейін де қалмақ еліне барған. Тарихи дерек бойынша, 1741 жылы ойраттың Сары-Манжы бастаған 30 мыңдық әскері Орта жүз иеліктеріне шабуыл жасағанда, Абылай сұлтан қолға түсіп қалады. Қазыбек би 1742 жылдың көктемінде Абылайды босатып алуға Қалдан Серенге өзі барып, дипломатиялық әдіс-әрекеттерінің бәрін жасайды. Сөйтіп, жоңғар ханы келесі жылы Абылай ханды босатып, қазақтың Сыр бойындағы отыз үш қаласын Әбілмәмбет ханға қайтарып береді.
Тәуке хан мемлекеттік мәселелерді шешетін хан кеңесін құрғаны белгілі. Қаз дауысты Қазыбек би осы кеңестің белді мүшесі ретінде сыртқы-ішкі мәселелердің ортасында болды.
Қазыбек би елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұнғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке барып, басшы болып қайтқаны әлі күнге дейін ел аузында. Өткір тілділігі мен шешендігі үшін және өнерінің арқасында ол бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атқа ие болады.
Қаз дауысты Қазыбек – қазақтың тұтас бір елдігін көксеп, өле-өлгенше ұзақ та нәтижелі өмір кешкен аты шулы шешен биі. Қазақтың үш жүзін бір хандыққа қаратып, оның Орта жүзінің тізгінін берік ұстаған беделді биі, асқан талант иесі. Қаптаған қалың жоңғарға қарсы ерлікпен күрес ашып, ержүрек қазақ ұлдарының, елінің мүддесін, ұлтының ар-намысын қорғап өткен басшы, ұшқыр ойлы, жаны таза кемеңгер.
Қызыл тілдің шебері, айтыс-тартыста озып шыққан жүйелі сөздің жүйрігі. Шындықты, әділдікті жақтаған абзал азамат. Халықтың басына қайғылы күн туып, берекесі кеткен ауыр заманда ел-жұртын сақтап қалу үшін, өмірін сарып еткен ардагер, асқан ақыл иесі . Қара түнек қаптаған қазақ аспанына өмір сәулесін шашқан жарық жұлдызы, тәуелсіздік жолында қабырғасы қайысып еңбек еткен көрнекті мәмлегер, арыстан жүректі ер, мемлекет қайраткері – Қаз дауысты Қазыбек би.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Үш пайғамбар. Ред.Алқасы. 1992.
- Қазақ әдебиетінің тарихы.Ред. алқасы. 2000. 3-том
- Дербісәлин. Дәстүр және жалғастық. А., 1976
- Жармұхамедұлы. Көненің көзі. А., 1996
- Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. А., 1969
- Қазақстан тарихы. Ред. Алқасы. Алматы, 1998
- Бердібаев Р. Сарқылмас қазына. Алматы, 1983
- Ахметов З. Қазақ өлеңдерінің құрылысы. Алматы, 1964
- Адамбаев Б, Шешендік сөздер. Алматы, 1964
- Мағауин М. Қазақ хандығының дәуіріндегі әдебиет. Алматы, 1992
- Қазақ совет энциклопедиясы, № 6, 1975.