Home » Мақалалар » Ұлттық білім беру – мәртебелі мамандық

Ұлттық білім беру – мәртебелі мамандық

Смаилханова Айман Каукеновна
Астана қаласындағы
 М.Шоқай атындағы
№ 51 мектеп-гимназиясының
бастауыш сынып мұғалімі

ХХІ ғасыр – қоғамның қай саласында болмасын ерекшелігімен ұрпақ жадында қалатын дәуір. Бұл ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық, өйткені уақыт талабы – тек білімді ұрпақ тәрбиелеу.

ҚР Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында да отандық білім беру саласына көңіл бөлініп отырады.

Қазіргі уақыт адамзат дамуында жас ұрпақ тәрбиесі мен білім алуына айрықша көңіл аударуды талап етіп отыр. Ол жауапкершілік әрине мектеп мұғалімдеріне жүкетелері сөзсіз. Өйткені білім негізі бастауыш сыныпта қалыптасатын болса, сол қаланар тұғыр мұғалімдерге тікелей қатысты.

Адамзат тарихының күре тамыры – мәдениет. Ал мәдениеттің күре тамыры – адам баласының ақы-ойы мен іс-әрекеті. Олар дүниеге әкелген ғажайып рухани құндылықтар мен материалдық игіліктерден тұрады. Уақыт пен қоғам қаншалықты өзгергенімен адам санасынан мәдени құндылықтар жойылмауы тиіс. Бұл құбылыстың бастауы білімде жатыр. Қайта уақыт озып, қоғамда түрлі өзгерістір болған сайын адам үшін ұлттық құндылықтар қатарына жататын дүниелердің санадағы сәулелері жаңғыра түспек.

Адамзат өркениетінің қазіргі кезеңі қоғамдық дамудың бар саласын қамтыған жаһандану үрдісімен ерекшеленеді. Бұл үрдіс әр елдің ұлттық білім беру жүйелерін де қамтып, олардың әлемдік білім беру кеңістігімен кіргізуін ғылыми шешімдерінен туындайды.

Ал Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесі қалыптасқан тарихи-жағрапиялық, саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік жағдайдың талаптарына сай әлемдік білім беру жүйесіне Еуразиялық  білім беру кеңістігі арқылы кіреді. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Білім игеру мен тәрбие алудың жеке тұлға өмірінде баға жетпес орны бар. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» — деп, ұлы ұстаз Әл-Фараби айтып кеткендей, тәрбиенің маңызы зор. Қоғамға қажетті, елжанды, отаншыл сезімі асқақ ұрпақ тәрбиелеуде бүгінгі білім ошақтарындағы ұлттық тәрбиенің рөлі зор. Ұлтжандылық – тәрбие өзегі. Сондықтан да бүгінгі тәрбиенің басты міндеті -адамзат мәдениетінің сан ғасырлық өркениеттік жетістіктері мен ұлттық рухани-мәдени байлықтарын саралай отырып меңгеру. Осыған орай, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамыту тұжырымдамасында «Білім беру жүйесінің мақсаты – қоғамның жоғары  білікті мамандарға деген қажеттілігін қанағаттандыра аралықтай білім берудің тиімді ұлттық моделін жасау» деп көрсетілген. Яғни терең білім алу тәрбие арқылы қабылданатын болса, тәрбие басы әдепке келіп сыяды. Ендеше жаһандану кезеңінде жастарға ұлттық білім беру ұлттық мұраттарды игеру – мүддесін көздей отырып жүзеге асқаны абзал іс десе болғандай.

Қай халықтың болмасын, табиғи болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік бет-бейнесін айқындайтын басты белгі – ұлттық менталитет. Ұлттың рухани болмысы болып табылатын мәдениет-жаны, ақыл-ойы, парасаты, мәдени, экономикалық және тарихи мұраларының маңызды қазынасы болмақ. Ал өркениетті ұлт, ең  алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлты ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, өзінің әлемдік мәдениетінің алтын қорына қосқан көрнекті үлесімен айқындалады және өзінде бар құндылықтарымен өзгелерді тамсандырып, басқаларға танытады.

Бүгіндегі бәсекелестік пен жоғары технологиялар  заманында әркім не баршасы өзіндік жемісті ісімен, нәтижелі бастамаларымен таңғалдыра отырып, ғылым мен тәрбие үрдісін паш етеді. Олай болмаған сәтте жаһандану табанының астында қалу қаупі төнері сөзсіз. Ұлт ұрпағының тәрбиесіне төнген қауіпті білім, ұлттық білім берудің жемісін теріске айналдырар кесірді жояр тек ғана намысын қамшылаған ұлттық тәрбие мектебі ғана болары хақ. Осы айтылғандар адамдардың әлеуметтік мәдени өсуі, сөз жоқ, ғылым мен білімді және тәрбиені  ұлттық мүддемен ұштастырғанда  ғана өз нәтижесін береді. Жалпы алғанда жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарды халық үшін жойып алмау — басты міндеттердің бірі болуы шарт. Қазіргі заманымыздағы және өткен кезендердегі пайдалы нәрсенің бәріне  жаны құмар, халқына қызмет етуге дайын тұратын ұрпақ дайындау  мен  тәрбиелеу – ертең өз жемісін беретін қиын да қызық іс.

Ол «Мұғалім – мектептегі басты тұлға» десе, «отбасындағы басты тұлға – ата-ана», олар бүгінгі ұрпақтың алғашқы ұстазы болуы шарт. Әкенің қаны, ананың ақ сүтімен енген асыл қасиеттер сәби бойында негізін қаласа, одан әрі ана әлдиі арқылы ұлттық тәлім-тәрбиенің негізі қалануы тиіс. Бұл балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, орта және арнаулы, сол сияқты тағы басқа білім мен тәрбие ошақтарында жалғасын табуы тиіс. «Ұяда көргенін, ұшқанда ілетін ұрпақ» өзіне ұят келтірмеу үшін ата-ана отбасылық өнеге, дастарқан басындағы тәрбиенің дұрыс болуына аса мән бергені дұрыс. Қазіргі ата-ана ұлы мен қызын жеткілікті тани ма, әке ұлымен, анасы қызымен сырласа ма? — деген сұрақтарға берер жауаптың сенімге күдік ұялататын кездері де қылаң беріп қалады.

Өткен ғасырда өмір сүрген, айтқандары ғасырдан ғасырға жол тартатын ұлы ғалымдар мен ойшылдардың, дала ұстаздары мен дала заңгерлері атанған қазақтың би-шешендерінің өсиетке толы сөздері — тәрбие құралы, өмірлік сабақ. Айталық, тәрбие мен білім, өнер мен мәдениет, еңбек пен адамгершілік, ізгілік пен ілтипат, ықылас пен ыждаһаттылық жайында сөз қалдырмаған даналар жоқ шығар. Солардың бірі – Ыбырай Алтынсарин.

Ы. Алтынсарин адамның өмір тіршілігіндегі оқудың арқасында іздемей табылатын игіліктерді таусылмас байлыққа теңеді және соны сөз етті, оқушының санасына әсер ету үшін ұлттық тәрбиеге аса мен береді. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрсе-дағы заманда да оның ғибратты сөздері маңызын жойған жоқ, керісінше, қазіргі жаһандану заманында айтқандарының құны арта түседі.

Білім беру жүйесінде тәрбие мен білімнің егіз ұғым екенін ешкім жоққа шығармайды. Алайда білім беруге қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – нарықтық  экономиканың даму қарқынына сәйкес жаңа технология талаптары деңгейлеріндегі  еңбек резервтерін дайындауды қамтамасыз етуге қажетті жағдайлар туғызу  күн тәртібінен түспегені абзал. Осы орайда ұлттық білім беру мәселесі кезек күттірмейтін рухани мәселеге айнаулы қажет екендігін айтқан артық емес. Ал мұндай өзекті мәселе бойынша, «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте білімдік деңгейімен анықталады. Әлемдік білім кеңістігіне толығымен кірігу білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз. Бұл үшін оқушыларды жоғары сатыда оқытуды көздейтін білім беруге көшу қажет» дегені қай елдің болсын өсіп-өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты болары анық. Ендеше бәсекеге қабілетті ұрпақ, ой-өрісі кең жас, ой-танымы терең –парасатты  аға ұрпақ болашақтың жарқын болуына өз үлестерін қосуы азаматтық парызға, ұлттық мүддеге ұласуы шарт.

Аталған еңбекте еуразиялық кеңістіктің өзіне тән рухани-мәдени болмысын жан-жақты саралап, анықтауға ғылыми-әдіснамалық негізі ретінде «Жалпы мен ерекшенің және жекешенің диалектикалық бірлік заңын» басшылыққа балаған орынды деп көрсетеді. Ол ХІХ ғасырда Еуразия идеясын жақтап, Ресей империясының жалғыз тілдік, жалғыз мәдениеттік білім беру саясатына нақты ісімен де сөзімен де қарсы шығушылардың қатарында Л.Толстой мен Ы.Алтынсариннің болғанын айтады. Бұл ұлы ағартушылар мен жазушылар Еуразия кеңістігіндегі халықтардың рухани-мәдени сұраныстарын қанағаттандыратын білім берудің көп мәдениеттік үлгісін таңдауға үндегенін де атап өтеді.

Бүгінгі жаһандану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес ұлттық сананы сақтау күресі екенін түсіну. Ұлттық тәрбие – жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі  негізінде қалыптасуы. Ал біз жоғарыда атап өткен ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, жаһандану жағдайында ұлттық білім беру жүйелерінде  қолдану азамттық іс, ұрпақ болашағына арналған игілікті шара болары анық. Яғни оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да мектепте де ұлтжандық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.

Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық мәдени құндылықтардың алмасуы оқыту процесі арқылы жүзеге асырылады. Жеке тұлғаның ұлттық білім беру және тәрбилеу арқылы дамыта отырып, нақты әрекет арқылы оқытуда қажетті жақсы қасиеттерді барынша адам бойынша адам бойынан орын алып, қалыптасуы шарт. Бұл асыл қасиеттер қатарында, бірінші кезекте, индивидтік, шыдамдылық,  белсенді қарым-қатынас, өзіндік тәртіп, тағы басқа жағымды құндылықтар аталады.

«Адам мен адамның бір-бірімен араласуы өзара қарым-қатынасында ғана адамның адамдығы өзі үшін де, өзгелер үшін де ашылады», — дейді философ М.М.Бахитн. Ендеше, жаһандану жағдайында ұлттық білім беру барынша отаншылдық  сезімдер мен салтын сақтап дәстүрін дәріптейтін, сонымен қатар, ұлтты құрайтын ана тіліміздің ұрпақ санасында, ересектер танымында берік орын алуы бүгінгі тақырып туралы айтар ойымыздың бір парасы ғана деп білген жөн.

Қорыта келгенде, тәуелсіздіктің бақытын  сезінген халықтың, яғни мектептен бастау алатын азаматтарының ұлттық білім, ұлттық тәрбие, ұлттық таным, ар-намыс, ұят, мәдениет үрдістерін ой-санасында мықтап қалыптасуына қарастыру білім беру мекемелерінің ұрпақ алдындағы қасиетті парызы деп білеміз.

Ел тәуелсіздігі бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің дұрыс білім, тәлімі терең тәрбие алып шығуына мол мүмкіндік береді, тек отбасы мен мектепте соны жүзеге асыру ғана мақсат етілуі тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.А. Евразийский союз. Идеи, практика, перспективы. М.,1997
  2. Дарынды педагог //Қазақстан мектебі. 1968-№11, 23б.
  3. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. А, 1994-333Б.
  4. Ыбырай Алтынсарин тағылымы: әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер.Алматы:Жазушы, 1991

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.