Скакова Биби Аргынбаевна,
«Өрлеу» БАҰО АҚ Жамбыл облысы
бойынша Кәсіби даму институты
филиалының аға оқытушысы, Тараз қаласы
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Біліктілікті арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да құзыреттердің оңтайлы ара қатынасын қамтитын болады» деп нақты көрсетілген. Осыдан келіп шығатын қорытынды: біліктілікті арттыру – мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқаруы үшін және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту, кәсіби даму іс-шараларына қатыстыру және өз білімін көтеруі болып табылады. Ал, педагогтердің біліктілігін арттыру – оқыту және оқыту сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны.
Бүгінгі күн талабынан қарайтын болсақ, еліміздің білім беру саясатындағы көкейтесті мәселелердің бірі де осы мұғалімдердің біліктіліктерін жүйелі арттыру болып табылады. Біліктілікті арттыру курстары арқылы мұғалімдерді оқытуда оқытушы жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді де атқаруға дағдыланып, білімі мен біліктілігін арттыруы қажет. Біліктілікті арттыруда жетекшілік жасайтын оқытушының барлық әрекетіне білім алушы мұғалімнің өзі де бойындағы бар білімін көрсете отырып байланыс жасағанда ғана сапалы нәтижеге жетуге болады.
Біліктілікті жетілдіру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы» қызметкерлерінен оның философиялық, педагогикалық-психологиялық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін терең зерттеуді, заманауи талаптарына қарай білім беру технологиялары мен әдістерін, дүниетанымның ұстанымдарын қайта қарастыруды, рухани-адамгершілік құндылықтарға бетбұрыс жасауды талап етеді.
Білім беру саласындағы өзекті мәселе – педагог-кадрлардың біліктілігін арттыру. Осы орайда «Өрлеу» БАҰО-ның алар орны ерекше. Педагогтер қысқа мерзімді біліктілігін арттыру курстарынан алған тәжірибелерін сабақ беруүдерісі барысында кеңінен қолдануға ұмтылады. Өйткені қазіргі уақытта біліктілігін арттыру курстарынан өткен мұғалімдерден оқушылар, яғни білім алушылар тиімді әдістемелік технологияларды, жаңашылдықты талап етеді. Ал осы талап деңгейінен шығу үшін педагогтерден оқыту және оқыту сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдау, кеңейту, тереңдету және жетілдіруді талап етеді.
Әрине, қазіргі әлемдік стандарттар үдесінен табылу жолындағы өзгерістерді енгізуде проблемалар да жетерлік. Соның бірі – әлемдік тәжірибені ұлттық менталитетімізге орайластыра енгізу болса, «Өрлеу» БАҰО оның да тиімді жолдарын ұсынуда. Сөзіміз құрғақ болмау үшін біліктілікті арттыру курстарындағы жаңа парадигмаларға шолу жасап өтсек: «Өрлеу» барлық филиалдарында тәлімгер педагогтерге арналған «Білім беру ұйымдарындағы тәлімгер қызметінің ұйымдастырушылық-әдістемелік аспектілері» біліктілікті арттыру курсын өткізді. Мұндай курс Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Курс жұмысын жаңадан бастаған педагогтерге жұмысқа бейімделу үдерісінде қолдау көрсету үшін тәлімгерлердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған. Курс бағдарламасының басты назарында – тәжірибе: тренингтер, талқылаулар, мәселелерді бірлесіп шешу, оқыту кезінде отандық және әлемдік тәжірибедегі тәлімгерлік технологиялар; жұмысын жаңадан бастаған педагогтің кәсіби даярлық деңгейін диагностикалау әдістері; оқу үдерісін оның тиімділігін арттыру құралы ретінде жоспарлау; жұмысын жаңадан бастаған педагогтердің кәсіби-педагогикалық құзыреттілігін заманауи дамыту нысандары; оқыту мен сабақ беру тәжірибесін арттыру үшін іс-әрекетте зерттеу сияқты бағыттар қарастырылды.
Сонымен қатар Өрлеу мен Алматы Менеджмент Университеті бірлесіп, «Жаңа мектеп: нәтижелі басқару командалары» курсын дайындады. Курс мектептерде басқарушылық лауазымдарды атқаратындар үшін де, көшбасшылық позицияға үміткер педагогтер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз.
6 елде, яғни Армения, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Өзбекстан және Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан халықаралық жоба Future English Online Teacher Community Programme бағдарламасы қайта оралды. Өрлеу Британдық Кеңеспен ынтымақтастық аясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімдерін тегін оқытты. Оқыту British Council Online Teacher Community онлайн-платформасында өтіп, пән мұғалімдері өз пәндік құзыреттіліктерін жұмыстан қол үзбей-ақ жетілдірді.
Педагогтерге «Өрлеу» БАҰО Өрлеудің BilimLand компаниясымен бірлесіп әзірлеген «Қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» онлайн-курсын ұсынды. Оқу қазақ және орыс тілдерінде ұйымдастырылып, 80 сағат ішінде педагогтер 4 модульден өтіп, қорытынды тестілеу тапсырды. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру барысында педаготер мектепте заманауи педагогикалық технологияларды қолдануды, ең бастысы – қашықтықтан оқыту жағдайында оқу үдерісін басқаруды үйренді. Осындай пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған тегін курстар әліде жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 18 мыңнан астам мұғалім Өрлеуден оқудан өтті.
Қазіргі егеменді еліміздің ертеңі білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақтардың қолында. Олай болса, уақыт талабына, замана талғамына сай ұрпақ тәрбиелеуде білікті де білімді, құзыретті, жауапкершілігі мол ұстаздар ғана жүзеге асыра алады. Тұтастай алғанда, ұлттық білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде, үздіксіз кәсіби даму жүйесі табысты жұмыс жасапотыр деген қорытынды жасауға болады. Бүгінгі таңда бұл жүйе мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға, педагогикалық шеберліктің өсуіне, инновациялық технологиялар мен оқытудағы заманауи тәсілдер көмегімен жаңа білім мазмұнын енгізуге мүмкіндік беретін негізгі байланыс болып табылады.