Home » Мақалалар » Алғыс айту – ізгі қасиет

Алғыс айту – ізгі қасиет

1 наурыз – Алғыс айту күні. Бұл күні қазақстандықтар бір-біріне құрмет көрсетіп, ризашылық білдіреді. Шуақты көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мерекеде Қазақстандағы өзге этнос өкілдері қиын-қыстау кезеңде құшақ жая қарсы алған кеңпейіл де қонақжай қазақ халқына алғыс айтады.

Қазақстанда бұл мейрам 2016 жылдың 14 қаңтарынан бастап тойланып келеді. Елбасымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды — Алғыс айту күні етіп жариялады. Міне, осы күннен бастап жыл сайын мереке ретінде өткізіліп келеді.

Алғыс айту мерекесі күні туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» – деп атап өтті.

Алғыс айту күні – ізгілік пен жақсылықтың, бейбітшіліктің жарқын үлгісі, елімізде мекен етіп жатқан түрлі ұлт пен ұлыстың қазақ халқына алғыс айту күні! Түрлі тарихи кезеңдерде қазақ жеріне қоныстанған ұлттар бүгінде Тәуелсіз Қазақстанмен бірге жасасып, ел дамуына үлес қосып, бірлік пен татулықта өмір сүруде.

Алғыс айту күнінде  əр шаңыраққа құт, береке, сәттілік пен табыс, қуаныш пен бақыт, мереке мен шаттық тілейміз! Еліміздің іргесі бүтін, шаңырағымыз биік, ауырбіршілігіміз берік болсын!

Байқоңыр қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.