Мусина Шынзада Адиетовна
М.Өтемісов атындағы БҚУ,
Орал қаласы, Қазақстан
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Отыз жыл- қас-қағым сәтті халқымыздың тарихында дағдарысы мен дамуы алмасқан уақыт деп те қараймыз. Азат еліміздің алғашқы жылдарында белесті тарихтың ақтаңдақ беттер ақтарылды: дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Нәтижесінде ел еңсесі көтеріліп, ұлттық рухымыз асқақтады. Тәуелсіздік алған жылдарынан бастап, Қазақстан Республикасының түкпір- түкпіріне келіп, орналасып жатырған қазақ хандастар Батыс Қазақстанға да толассыз келіп жатты. Оралдың оралман отбасыларының ортаға тез бейімделу ерекшеліктері таң қалдырмай қоймады. Қазақстың ұлттық болмысын қатаң сақтаған, салт- дәстүрді ерекше дәріптейтін, ана тіліне ерекше құрметпен қарайтын ағайындарымыз туралы қаншама зерттеулер жүргізілді. Батыс Қазақстандағы қоныс аударушылардың әлеуметтік бейімделуі бойынша зерттеу материалдарына назар аударсақ, «Батыс Қазақстан облысындағы демография проблемаларын шешу, оның ішінде ауыл мен қала арасындағы көш- қон байланыстары туралы зерттеулерді парақтап, сауалнамалық зерттеулерді көзім шалды, онда Орал қаласының Зашаған ауылын (Арман, Кең дала, Көктем, Сартау, Жақсы ауыл, ПДП-8, ПДП- 9 шағын аудандары) Подстепное ауылын (Зеленов ауданы), Тасқала ауылын (Тасқала ауданы), Ақсай қаласын (Шанхай шағын ауданы), Қызылтал ауылын, Пугачев ауылын (Бөрлі ауданы) қоныстанған оралмандарға жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға 1497 адам, 300 отбасы тартылған екен. Сұрау салынған тұрғындардың шамамен жартысы ер адамдар, екінші жартысы әйел адамдар. Сауалнамаға қатысқандардың негізгі жас құрамы- 18-лен 50 жасқа дейінгілер. Мектеп жасындағы 7-18 жастағы балалар 25 пайыз құрайды. Барлық сұхбат бергендер этникалық тұрғыдан қазақтар. Қоныс аударушылар 3 негізгі топқа бөлінген: 1. Өзбекстаннан (Самара облысы, Ташкент облысы, Қарақалпақстан) қоныс аударушылар. 2. Ресей Федерациясынан (Ресей Федерациясының Батыс Қазақстан облысына шекаралас) қоныс аударушылар. 3. Ішкі (облысаралық, облысішілік, ауданаралық, ауданішілік) қоныс аударушылар[7, 66 б.)
… «Атамекенім- алтын бесігім» демекші алысқа ұзап шықсаң жеткенше асығасың, шетте ұзағырақ жүріп қалсаң, жүрегіңді сағыныш кернеп, кеудеңді мұң басады. Ал шет жұртта тұратын қазақтың атажұртын жүрегінің құндағына бөлеп, кие тұтып жүретіні анық, сондықтанда Тәуелсіздігіміздің биік белестерінің бірі шет елде жүрген исі қазақтың басын қосу- үлкен ұлттық рухани өрлеуі мен елдік оқиғасы, қазақ мемлекетінің жарқын бетбұрысы, жойқын ұмтылысы болды….» дейтін исі қазақ халық тарихының қатпарлы кезеңдерінде атамекенін тастап кетуге мәжбүр болған қазағының тарихи отанына оралғанын көңіл құндағына бөлеп, қуанып, қазаққа қазақ қосылғанын мақтанышпен айтып жүр. Мен, ұстаз ретінде Бір жағынан қаламыздың Хиуаз Доспанова атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектепте оқитын оралман балаларының білімге, өнерге ден қоятынын ерекше атап өткім келеді. Қарақалпақстан республикасы, Бозатау облысы, Мойнақ ауданы, Қызылжар ауылынан келген Зашаған кенті ПДП-5, №444- інші учаскесінде тұратын Нұраддинов Бердібайдың отбасының балалары, 2005 жылы Ташкент қаласынан, жоғары Шыршық ауданы, Жамбыл ауылынан Орал қаласы Зашаған кентінің, ПДП- 5, №141- інші учаскесінде тұратын Сайлыбаев Жанболаттың отбасы төрт баласын осы аталмыш мектепте оқытқан еді. Қарақалпақстан Республикасынан келген Джалгасовтар отбасы балалары Орал қаласының А.Байтұрсынов атындағы № 10 жалпы орта білім беретін мектебін оқып бітіріп еңбекке араласты. Өнерлі оралман балалары , ана тілінде төсіле сөйлейтіндігі таң қалдырды.
Оралмандарды елімізге шақырып, оларды құшақ жая қарсы алуымыздың да өзіндік себептері жоқ емес. Тәуелсіз мемлекеттің стратегиялық жоспарына сәйкес іске асырылуға тиіс міндеттердің бірі- аумағы жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орынды иеленетін елдің халқының санын арттыру, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Осы зерттеу жұмысымызға арқау болған оралмандармен кездесіп, сұхбаттасқан кезде, көшіп келу барысында қалыпты өмір сүруге жағдай болмағандығын, абаттандырылмағандығы, жер телімі енді ғана игеріле бастағаны 1-2 жанұя салынып бітіп тұрған үйлерге орналасса, көпшілік оралмандар барақта тұрып, үйлерін салып жатырған екен. Су құбырлары 5-7 жылға дейін қиындық туғызғандығын айтады. Ал, қазір, әдемі үйлер, гараж, шаруашылық құрылыстар, газ, электр желілері тартылған, спутниктік антеналар, биік дуалмен қоршалған зәулім үйлер, шаруашылық құрылыстар, шетелдік қымбат автокөліктері бар. ПДП -7,8 адерстерде тұратын тұрғындар үйлердің шашыраңқы орналасқандығын сөз арасында айтып қалды. Көпшілік үйлердің арақашықтығы өте жақын (1-1,5 метр). Мемлекет бөлген квотаның жер телімін сатып алуға да жетпей қалғандығын, сондықтан бұрынырақ келген оралмандардың жерінің жартысын (5 жүздік) сатып алуға тура келгендігін алға тартты. Жұмысқа тұра алмаушылықтың бірден- бір себебі орыс тілін меңгермегендіктері деп санайды. Су құбырының жоқтығынан және жерді өңдеу жағдайлары болмағандықтан бақша өсіре алмайды. Көшулерінің басты себебі- тарихи отандарына оралу (100%), балалар туған тілдерін, мәдениетін ұмытып, ассимиляция салдарынан көз алдымызда «өзбек» болып баратын дейді. Өзбекстан оралмандарының ерекше белгісі отбасының көп балалығы. (30 жастағы ата- аналардың әжептәуір жастығына қарамастан 4-5 балалары бар) Түгел ауыл болып көшеді, бір- біріне жақын адамдар шағын орналасқан. Кейбір үйлерде 12-16 адамнан тұрады. «сіздің жанұяңызда кіріс көзі не?» деген сұраққа, көбі «Жалдамалы жұмыс- шабашка» деп жауап береді. Бұл Зашаған кентінде тұрып жатырған қоныс аударып келушілерге тән жағдай. Бұл сөздің мағынасы құрылыс жұмыстары болса керек. Бірақ құрылыста жалданып жазғы уақытта жұмыс істейді екен.
Осы сұхбаттасу кезінде байқағанымыз, «Өзбек» қазақтарының оралғандарының көші- қонының 2 толқынын бөлуге болады. көші- қон бірінші толқыны-2001-2002 жылдары Самарқан және Ташкент облыстарынан келген қоныс аударушылар. Олар Даринск ауылында, Зеленов ауданының Переметное ауылында , Тасқала ауданының, Тасқала ауылында, Бөрлі ауылында, Бөрлі ауданының Қызылтал ауылында қоныстанған [7, 68б.] . Жергілікті (көрші- қолаң) тұрғындардың айтуына қарағанда өмір сүру деңгейлері, әлеуметтік жағдайлары жоғары: олар еңбекқорлықтарымен ерекшеленеді екен.Үйлері тастан салынып, аулалары қоршалып, бау- бақша, тіпті кейбіреулері үй құстары мен үй жануарларын ұстайтындарда кездеседі екен. Оған қоса өқосымша жалға жер алып, өңдеп бау- бақша өсіретіндіктері тағы бар.
Көші- қонның екінші толқыны (3жылға дейін)- Қарақалпақстаннан қоныс аударушылар. Оларда негізінен алғанда Зашаған кентінде (ПДП- 8,9), Переметное, Подстепное, Бөрлі ауылдарында оралмандар екі лекке бөлінеді, 1 лек- Самарқан, Ташкент қазақтары, 2 лек- Қарақалпақ қазақтары. Ташкенттіктен өздерін Сырдариялықтармыз деп атаса, Қарақалпақстаннан келгендер өздерін амудариялықтармыз деп атайды екен. Сырдариялық қазақтар әлеуметтік өмірге табысты бейімделген, жұмыс істейді,бағбандықпен айналысады, бақша егіп, мал ұстайды. Амудариялық қазақтармен әңгіме барысында жұмыссыз жүргендерін, оларға бөлінген квота 2001-2002 жылдармен салыстырғанда төмендеп кеткендігін тілге тиек етті. Көбі бұрынғы тұрған жерлері әлдеқайда жақсы болғандығын алға тартады. Алайда тарихи отанына қайту талпыныстары оларды осында алып келген. [7, 70-71бб.] Оралмандардың сырдариялық, амударилық деп бөлінуі туралы зерттеу еңбектерінде де көрініс тапқан. Онда БҚО аймағындағы аудандарда орналасқан қоныс аударушылардың қарақалпақстаннан келгендері туралы жергілікті тұрғындар былай сипаттайды:әйелдері әдетте жұмыс жасамай, бала тәрбиесімен айналысады екен.
Орал қаласына келген оралман ағайындардың жағдайы жақсы, бәрі дерлік еңбек етеді. Тіпті зейнеткерлерге де тыным жоқ. Бос жүрген жанды көрмейсің, ең құрығанда бау- бақша баптайды. Орта мектеп бітірген жастар арасында да тегін оқу грантын ұтып алып бүгінгі күні қызметке аралып кеткендері жиі кездеседі. Атажұртында жағдайын жасап, өз еңбегімен тер төге елге қызмет етіп жүрген оралман ағайындардың есімдерін атап өтпеске болмайды. Жақында жерлес тілшіміз Серік Ықсанғалидың «Көш жандана бастады» тақырыбында мақаласын оқыған едім, Ресейден келген Елтай Камелешов, Өзбекстаннан келген Зухра Құрбанбаева, Әбдікәрім Омаров, Мұхтар Пирмағамбетов сынды ағайындарымыздың, жеке кәсіпкерліктерін ашып, халықты жұмыспен қамтып, еңбек нарығында үздік атанып отырғандығы туралы естіп, таңырқадым. Еліме ризамын! Ерінбей еңбек етсең, бақытың қолыңда, ең бастысы- атамекендеміз,- дейді ағайындар. Өзбек елінен келген бауырымыз Нұрәділ Алдаров Оралдағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Зеленов ауданында «Олжа» шаруа қожалығын құрды. Қазір мал және егін шаруашылығымен айналысуда. Соңынан «Новенький» жеке кәсіпкерлігін ашып, көлік тасымалын да қолға алды. Нәтижесінде бұрынғы 7 жұмыссызды тұрақты еңбекпен қамтыған. Тағы бір Өзбек елінен келген қандас, тасқалалық Санжарбек сағынов «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты аясында 6 құрылтайшымен КС- «Зергер и Т» ЖШС- ін құрды. Кейін несие серіктестігінен «Рамазан» жеке кәсіпкерлігі құрылып, пластикалық терезе жасау цехын ашты. Күні бүгінге дейін олар халыққа қызмет көрсетуде. Оралдың оралмандары жергілікті халықпен мидай араласып,бауыр басып, әр салада еңбек етіп, ұрпағын өсіріп, өзара дос- жаран, кестелі сөзбен айтқанда, «тастай батып, судай сіңді». Қандастар облыстың экономикасы мен мәдениетін дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлікті алға бастыруға қомақты үлесін қосып жүр. Бұл игі үрдіс оң жалғасын тауып, «Елге- ел қосылған- құт мекенге» айналғанымыз хақ . Ағайынымызды бауыр тартайық! Жанашыр бола білейік!.
Әдебиеттер:
- Боранқұл А. «Оралманға оң көзқарас // орал өңірі-2007.- 20 қазақ.- 2 б.
- Байтеміров Ш. «Қандастарымыз елге оралуда» // Жайық үні.- 2007,- 27.12.- 3 б.
- Ихсанғали Серік «Бауырды жатсынбай, бауырға тартайық!» // Орал өңірі.- 2016.- 18.02.-Б. 11.
- Ихсанғали Серік «Көш жандана бастады» // Орал өңірі.- 2016.- 29.11.-Б. 10.
- Омарұлы Б «Жүректің көзі»- Алматы- 2007- 327б.
- Сдықов М, Аман Ә, Мәден А, Шергалиева М «Батыс Қазақстан территориясындағы жақын шет елдердегі этнодемографиялық процестер» — Орал, 2008-328б.
- «Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» : ғылыми- танымдық мақалалар жинағы — Астана полиграфия- 2013.- 200 б.
- Республикалық «Ел- жұрт» ақпараттық газеті, 2016ж. 29.11.