Home » Білім және тұлға » 40 жылдан кейінгі жүздесу

40 жылдан кейінгі жүздесу

Оқу ордасын тәмәмдап, дүниенің әр қиырына арман қуып кеткен, №7 мектеп түлектері Бас қалада бас қосты. Тіпті анау Германия, Ресей секілді елдерден 40 жыл бұрынғы сыныптастарын көріп, сағынышын басу үшін арнайы келгендер бар. Қуанышты кешке бір партада өмірінің біраз бөлігін өткізген дос-жарандармен қатар сол кездегі мектеп басшысы да қалыс қалмай төбе көрсетті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясында үлкен мереке. Шараның басын аталмыш білім ордасының 2017 жылғы түлегі Саттарова Дариға «Наши школы» әнімен ашып берді. Алғы сөз кездесудің өтуіне себепкер, мектептің қазіргі директоры Жанат Тұрсынбекқызына берілді:

  • «Бүгін біздің ұжым үшін ерекше күн. Жолдың ұзақтығына қарамастан шекара асып келгендеріңізге алғысым шексіз! Мектеп – бұл барлығымыздың ортақ үйіміз. Көптің ең қызықты, қымбат естеліктері сақталып қалатын қарашаңырағы десек те артық емес. Барлықтарыңыз да қош келдіңіздер. Құжаттарыңыз архивімізде әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Бұл біз үшін мәртебе. Арамызда түлектер ғана емес, сонау 1979 жылдары мектеп директоры қызметін атқарған, аяулы ұстаз Руденко Нина Васильевна да отыр. Сіздің ерен еңбегіңіз орасан зор. Біздің жетістіктеріміз осындай тұлғалардың үлесінің жемісі. Сіздің абыройыңыз бен беделіңіз бізге де бұйырсын, бізге де жұғысты болсын дейміз», — деді Ж.Тұрсынбекқызы.

Түлектер айтулы жиында дүниеден өткен замандастарын еске алуды да ұмыт қалдырған жоқ. 1 минут үнсіздік жариялап, олардың жақсы істерін айтып, ортаға салды…

Шара әрі қарай қымбат естелік суреттер мен сақталған бейнежазбаларды тамашалаумен жалғасты. Сондай-ақ, түлектердің атынан сыныптың ең үздік ұйымдастырушысы Ольга Михаиловна сөз сөйлеп, ақ тілегін арнап, мектепке әкелген сыйлықтарын тарту етті. Жанна Тұрсынбекқызы естелік ретінде қолдан жасалған мектептің суреті бейнеленген эксклюзив жұлдызшаларды сыйға тартты.

 

 

 

 

 

 

 

 

Түлектер жиыны концерттік бағдарламамен жалғасты.

Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясын тәмамдаған бітірушілердің осы бір басқосулары өзге де замандастарына үлгі боларлықтай.

Әрбір адам түлеп ұшқан білім ордасын осындай сағынышпен іздеп келіп, ұстаздарының қадір-қасиетін бағалай білсе дейміз!

Мирас Хизатолла
«Білім айнасы»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.