Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен №65 «Бал бала» балабақшасында «Мектепке дейінгі жастағы балалар және бастауыш сынып оқушыларының зияткерлік дамуы» атты республикалық семинар-практикум өтті.
Семинарға еліміздің бірқатар облысы мен елордадағы білім беру мекемелерінің өкілдері, Лев Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры және колледж мұғалімдері, Білім беруді жаңғырту орталығының мамандары, балабақша тәрбиешілері мен мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
Іс-шара елордадағы 5 балабақшаның, яғни №11 «Гаухар», №21 «Гүлдер», №30 «Қайнар», №65 «Бал бала» және №72 «Жанарым» балабақшаларының көрмесімен басталды. Онда әр балабақша өздерінің атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесін көрсетіп, педагогтар бір-бірімен өзара тәжірибе алмасты.
«Бұл 5 балабақша кластер бойынша екінші жыл жұмыс істеп жатыр. «Мектепке дейінгі жастағы балалар және бастауыш сынып оқушыларының зияткерлік дамуы» атты республикалық семинар-практикум аясында ұйымдастырылып отырған осы көрмеде педагогтар мен тәрбиешілер өздерінің жұмыстарын көрсетіп, өзара тәжірибе алмасу үстінде. Балаларды жан-жақты дамыту үшін әр педагогтың аянбай еңбек ететіні белгілі. Өздеріңіз білесіздер, педагогтар креативті болуы керек әрі командамен де жұмыс істей білуі тиіс. Бұл тұрғыда осы республикалық семинар-практикумның пайдасы зор деп ойлаймын», – деді №65 «Бал бала» балабақшасының меңгерушісі Гүлайым Диханбаева.
Аталған 5 балабақшаның тәрбиешілері мектепке дейінгі бұл мекемелер балдырғандардың санасына зияткерлік білімнің нәрін сіңіріп жатқандарын айтады.
«Біздің балабақшалардың педагогтары балалардың ойлау қабілеті мен қиял танымдық қызығушылықтарын, белсенділігін дамыту үшін заманауи технологияларды қолданады. Сонымен қатар тәрбиеленушілерді одан әрі дамыту үшін осындай семинар-практикумға қатысып, әріптестерімізге тәжірибемізбен бөлісіп, «Зияткерлік даму» кластерінде ынтымақтаса отырып, өзіміз де үйренеміз», – дейді олар.
Бауыржан ҚЫЗЫРХАНҰЛЫ
«BILIM AINASY»
Нұр-Сұлтан қаласы