«Тәрбие – тал бесіктен» дегендей, бүгінгі бүлдіршіннің ертеңгі күні ұлтымыздың көсегесін көгертіп, болашақта елдіктің туын көкке көтеретін көшбасшы болып қалыптасуы үшін олардың жетілу жолы балабақшадан басталатыны белгілі. Ал бүгінгі таңда балабақшалардың әлеуеті қандай? Онда балдырғандарға қандай тағылым беріледі? «Білім айнасының» тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Бұл тұрғыда «Табыстылық кластері» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы мен Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен елордадағы № 83 «Жансая» балабақшасында серіктес балабақшалардың «Мектепке дейінгі жастағы балалар және бастауыш сынып оқушыларының зияткерлік дамуы» атты республикалық семинар-практикумы өтті. Айта кетсек, бұл жерде серіктес балабақша деп отырғанымыз ол – елордадағы №14 «Ақбөпе», №15 «Дарын», №20 «Арайлым», №53 «Арайлым», №80 «Ботақан», №83 «Жансая» балабақшалары.
Семинар-практикумға Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Жанар Маманова, «Өрлеу» БАҰОФ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ПҚБАИ аға оқытушысы Гүлмайра Түсіпова, мектепке дейінгі психология және жеке әдістемелер оқытушысы Айгүл Құсайынова, Қарағанды облысындағы «Гүлдер» бөбекжай балабақшасының басшысы Жанар Байбатырова, Қостанай қаласындағы №29 мектеп жанындағы шағын орталықтың әдіскері Үміт Нұржанова, осы орталықтың тәрбиешілері Ләйлә Шаяхметова мен Гүлжан Аушамина, Қостанай облысы Жетіқара қаласындағы «КМ Бөбек» ЖШС директоры Татьяна Жултаева және Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру мекемелерінің өкілдері, мектеп мұғалімдері, балабақша әдіскерлері, тәрбиешілері және балабақша түлектері қатысты.
Аталған шарада әртүрлі балалардың іс-әрекеті барысында ақыл-ой қабілеттерін арттыруға бағытталған зияткерлік дамуының өзекті мәселелері талқыланды.
Жиын барысында сөз алған Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Жанар Маманова Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы білікті кадрларды даярлап, олардың кәсіби құзыреттілігін арттыруды көздейтінін атап өтті.
«Мектепке дейінгі жастағы интеллектінің қарқынды дамуы балалардың сапалы білім алуын арттырады және ересек адамның білімділігінде үлкен рөл атқарады. Бұл семинарды біздің 3 жылдық жұмысымыздың нәтижесі деуге болады. Алғашқы жылы «Табыстылық кластері» жобасы 8 бағыт бойынша жұмыс істесе, былтыр 10 бағыт бойынша, ал биылдан бастап 13 бағыт бойынша жұмыс істеуде. 13 бағыт бір-бірімен тікелей тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы семинар сол бағыттың бірі, яғни «Зияткерлік даму» бағыты бойынша өткізіліп отыр. Бұл бағыт бойынша 4 жетекші балабақша белсенді жұмыс атқарып жатыр. Ал осы 4 жетекші балабақшалардың құрамында тағы да 17 балабақша бар. Жалпы, 20-дан аса мектепке дейінгі мекеме «Зияткерлік даму» бағыты бойынша жұмыс атқарады», – деді ол.
Семинар-практикумның салтанатты ашылуынан кейін осынау шараға алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтар өздеріне берілген белгілі бір мағынаны білдіретін арнайы төсбелгілерге сәйкес, әр орталықта топ-топ болып жұмыс жүргізді. Мысалы, бір топ робототехникалық орталығына, екінші топ құммен сурет салу орталығына, тағы бір топ эксперименталдық алаңға, енді бір топ интеллектум ойын алаңы сияқты бірнеше тәжірибелік орталыққа топтасты. Онда «Мектеп жасына дейінгі баланың интеллектуалды дамуындағы жаңа ғасыр ойындары» (№53 «Мерей» балабақшасының педагог-психологы Айгерим Ахметова мен тәрбиеші Айжан Имашева); «Асық технологиясы арқылы зияткерлікті дамыту» (№83 «Жансая» балабақшасының тәрбиешілері Бибігүл Берден мен Гүлжан Төлепбергенова); «Мектеп жасына дейінгі балалардың ойлау қабілетін дамытуда құм терапиясын қолдану» («№15 «Дарын» балабақшасының педагог-психологы Элеонора Кошаналиева); «Воскобович ойындары мен қарапайым зерттеу әрекеті – бала интеллектісін дамыту құралы» (№14 «Ақбөпе» балабақшасының тәрбиешілері Оксана Годун, Салтанат Есеналиева, Айғаным Жұматаева); «Наураша» – мектеп жасына дейінгі балалардың іс-әрекеттерінің тәжірибелік эксперименталдық сандық зертханасы (№80 «Ботақан» балабақшасының тәрбиешісі Жұлдыз Қонақбаева); «Мектеп жасына дейінгі балалардың Smart table интерактивті құрылғысын қолдану арқылы зияткерлік дамуы» (№80 «Ботақан» балабақшасының қосымша қызмет жетекшісі Эльнара Жармабаева); «Levenhuk» цифрлық камерасы мен микроскобын қолдану арқылы зерттеу іс-әрекеті дағдыларын дамыту» (№80 «Ботақан» балабақшасының қосымша қызмет жетекшісі Анна Кирилыч); «Брейн-ринг Топжарған» және «Соревновательная алгоритмика мышонка»интеллектуалды-танымдық ойыны (№75 мектеп-гимназиясының робототехника және бағдарламалау мұғалімі Талант Төлеубеков, №20 «Арайлым» балабақшасының робототехника жетекшісі Алтын Джайлибаева, №15 «Дарын» балабақшасының әдіскері Айдана Жәкеева) шеберлік сабақтары өткізілді.
Семинар аясында әлеуметтік серіктестер мен орта білім беру ұйымдарымен, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлесіп, олармен сабақтаса отырып, «Интеллектуалды вернисаж» көрмесі ұйымдастырылды. Онда елордалық серіктес балабақшалар тәжірибесіндегі интеллектуалды даму мәселесі бойынша әдістемелік әзірлемелер, инновациялық тәжірибе, жабдықтар, интеллектуалды даму мәселесі бойынша дидактикалық матераиалдар ұсынылды. Қатысушылар ондағы экспонаттарды көзбен көріп қана қоймай, қолмен де ұстап, өздері де тәжірибе жасауға, коучинг түрінде де зерттеу жүргізіп көруге мүмкіндік алды.
Көрмеде сондай-ақ ұлттық нақыштағы технологиялар да көпшілік назарынан тыс қалмады.
«Бұл – Сәкен Болысовтың авторлық «Жеті керемет» жобасы. Мұндағы киіз үйге қарасаңыз, оның сыртқы жабындысын әдейі ашып қойдық. Себебі мұны әр баланың өзі құрастыра алатынын көрсеткіміз келді. Тек құрастырып қана қоймай, балалар киіз үй құрылымдарының атауларын да жаттайды. Ал киіз үйдің ішкі-сыртқы бөлігі қазақы оюлармен әшекейленген. Олар «мағыналы оюлар» деп аталады. Әр шығарманың анықтамалық кітаптары да бар. Өздеріңіз білесіздер, қазақ халқы оюға аса қатты көңіл бөлген. Мысалы, «қошқар мүйіз», «ирек» сынды оюлар шексіздіктің, кең пейілділіктің мағынасын білдіреді. Сонымен қатар біздегі домбыраны көрсеңіз, оны да бала өзі құрастыра алады. «Бала қабілеті саусағының ұшында» демекші, мұндай жұмысты ұсақ моторикаға жатқызамыз. Мысалы, балалар пазлдар көп пайдаланады ғой. Біз оюларды да пазл ретінде қолданамыз», – деді №14 «Ақбөпе» балабақшасының тәрбиешісі Ардақ Тоқбергенова.
Зияткерлік бағытта жұмыс атқаратын балабақшаларға әдістемелік және ғылыми жағынан қолдау көрсетілетінін айтқан «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы филиалының инновациялық білім және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Ләйлә Боранбаева мен «Тамыр» білім беру мекемесі ЖШС» директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ақжарқын Бадел «Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып балаларының зияткерлігін дамытуда 4 К моделін қолдану» тақырыбында коучинг өткізді. Коучинг барысында Ләйлә Боранбаева зияткерлік бағытта жұмыс атқаратын балабақшаларға әдістемелік және ғылыми жағынан қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ қатысушылар бағдарлама барысында құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, интеллектуалды-танымдық ойындар алаңында тәжірибе алмасты. Мұндағы технологияларға қызығушылық танытқан қатысушылар өздерінің семинардан алған әсерлерімен де бөлісті.
«Семинар-практикумға әріптесіміз Жанар Сейітқалиқызының шақыруымен келдік. Мұндағы қонақтарды қарсы алудың өзі маған ерекше ұнады. Бізді елордалық әріптестеріміз жылы қабылдап жатыр. Шараның да әсері бөлекше. Өзім №20 «Арайлым» балабақшасының «Робот-Тобот» жобасы бойынша шеберлік сабаққа қатыстым. Семинар өте жоғары деңгейде өтіп жатыр», – деді Қарағанды облысындағы «Гүлдер» бөбекжай балабақшасының басшысы Жанар Байбатырова.
Қостанай облысы Жетіқара қаласындағы «КМ Бөбек» ЖШС директоры Татьяна Жултаева енді бұл жерден көріп, көңілге түйгенін өздерінің мекемелерінде де жүзеге асыратынын жеткізді.
Ал Қостанай қаласындағы №29 мектеп жанындағы шағын орталықтың әдіскері Үміт Нұржанова:
«Семинарға келудегі мақсатымыз – мектепке дейінгі балалардың интеллектуалды деңгейін жақсарту. Осы шарадан алған тәжірибемізді өз өңірімізде қолданатын боламыз. Цифрлық бөлімді тыңдаған кезде өте жақсы әсер алдым. Жалпы, семинар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастырушыларға көп рақмет», – деді.
Өз кезегінде Зияткерлік кластерге жетекші № 80 «Ботақан» балабақшасының меңгерушісі Жанар Дүйсенова бұған дейін де ауқымды шараларды өткізгендерін атап өтті.
«Бұл семинар-практикум – біздің алғашқы шарамыз емес. Осыған дейін ойын технологиясы, жобалау технологиясы сияқты біздің педагогтар қолданып жүрген басқа да технологиялар бойынша көрмелер ұйымдастырылды. Мысалы, былтыр «Нұр әлемде» республикалық көрме өтті. Сол жерде интеллектуалдық дамыту бойынша жұмыс жүргізетін 4 кластердің қолданып жатқан инновациялық технологиялары ұсынылды. Еліміздің барлық өңірінен келген меймандар біздің технологияларымызбен танысып, жұмыс істеп көріп, тәжірибе алмасқан болатынбыз. Сонымен қатар 3 жыл бойы кластер жұмысының бағытында қалалық іс-шараларды да өткізіп жатырмыз. Сол сияқты серіктес балабақшалар мен жетекші балабақшалардың әзірлеуімен әдістемеліктер де шығарылып жатыр. Сондай-ақ робототехника бойынша 2019 жылы халықаралық онлайн семинар өткен болатын. Оған да педагогтарымыз белсенді қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Тағы бір айта кететін жай, эксперимент бойынша біздің №80 «Ботақан» балабақшасы арнайы бағдарламаны қорғады. Енді елордадағы басқа да балабақшаларға сол бағдарламаны қолдануға болады», – деді Жанар Дүйсенова.
Сонымен қатар шара барысында серіктес балабақшалардың меңгерушілерімен де тілдестік. Солардың бірі №20 «Арайлым» балабақшасының меңгерушісі Дина Капашева өздерінің атқарып жатқан жұмыстарына кеңірек тоқталды.
«2017 жылдан бері Білім басқармасының бұйрығына сәйкес, бізде эксперименталдық алаң жұмысы жүргізіліп келеді. Сол сияқты мектепке дейінгі мекемемізде робототехника пән ретінде енгізілді. Бүгінгі семинардан біздің балабақшадағы атқарылған жұмысты да көруге болады. Осы семинарда «Бала мен ата-ана» жобасы ұсынылып отыр. Яғни «Робот-Тобот» жобасында ата-аналар балаларымен бірге әртүрлі материалдардан робот құрастырып шығарды. Сондай-ақ сабақтастық процесін де көрсетіп жатырмыз. Мысалы, робототехника балабақшамен тоқтап қалмайды. Ол мектепте де, сол сияқты университетте де пән ретінде жалғасады. Көрмеде біз роботтарды ұсынсақ, университет тарапынан климатты бақылайтын, су ағып кеткенде немесе жылу энергиясының жоғалып кетуі сияқты басқа да жайттарды жүйе өзі тауып алып, сигнализация беретін смартфон ұсынылды. Жұмысымыз өте қызықты әрі шығармашылық жұмыс деуге де болады. Жалпы, біз жаңа заманауи конструктор MRT 1 Brain және A MRT 2 Brain B негізінде жұмыс істейміз. Айта кету керек, біздің балабақшаның оқу-әдістемелік құралдар бойынша серіктестеріміз – Ресейдің Санк-Петербург қаласындағы «Роботрек» ЖШС. Осы компания басшылығының көмегімен педагогикалық құрамды заманауи технологияларға баулыдық. Оның нәтижесі де өте жақсы», – деді ол.
Ал №14 «Ақбөпе» балабақшасының меңгерушісі Гүлбақыт Жүсіпова зияткерлік жағынан осы балабақшалармен бірнеше жылдан бері серіктес ретінде жұмыс жүргізіп жатқанын айтады.
«№80 «Ботақан» балабақшасын біз жетекші ретінде арнайы таңдадық. Өйткені бұл балабақшада қызықты жұмыстар өте көп. Біздің балабақшаның тәрбиешілері осы №80 балабақшадағы әріптестерімізден көп нәрсе үйренді. Қазір өзіміз де Воскобовичтің ойындары арқылы балаларды дамытып жатырмыз. Біздің балабақшада коррекциялық топ пен инклюзивтік балалар бар. Сондықтан да Воскобовичтің ойындарын енгізу туралы шешім қабылдадық. Өйткені ол балаларды зияткерлік жағынан дамытуға өте пайдалы. Ең бастысы бұл тәсіліміз ата-аналарға да ұнап жатыр. Біз ата-аналармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз. Ал бүгінгі шара – біздің ортақ ісіміздің ортақ жемісі», – деді Гүлбақыт Жүсіпова.
2015 жылдың желтоқсан айында ашылған №15 «Дарын» балабақшасы «Зияткерлік кластеріне» биылдан бастап қосылған екен.
«Бізде осы кластердегі барлық бағыт қамтылған. «Дарын» балабақшасы аты айтып тұрғандай, балалардың дарындылығын ерте жастан бастап дамытуға ерекше назар аударады. Дарындылықты жан-жақты дамытуға жұмыс жасап жатырмыз. Шығармашылық дарындылық, көркемдік дарындылық, академиялық дарындылық, психомоторлық дарындылық, әлеуметтік немесе көшбасшылық дарындылықты дамыту бойынша жұмыс жүргіземіз. Академиялық дарындылық бойынша біздің тәрбиешілер тыңғылықты жұмыс жасаса, көркемділік дарындылық бойынша үйірме жетекшілері зер салып айналысады. Сол сияқты бізде робототехника және интеллектум кабинеттерін жабдықтауға да аса мән беріледі. Психомоторлық дарындылық бойынша спорттық және денсаулығын күшейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы кластерге мүше болғанымызға, жетекші кластер меңгерушісі Жанар Сейітқалиқызының басқаруымен жұмыс жүргізіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Жалпы, біз бәсекеге қабілетті болып, қатардан қалыс қалмай, заманауи технологияларды алғашқы болып енгізуге тырысамыз», – деді №15 «Дарын» балабақшасының меңгерушісі Әлфия Ақанбаева.
Әріптестерінің сөздерін қуаттаған №53 «Мерей» балабақшасының меңгерушісі Малика Бакитова мен №83 «Жансая» балабақшасының меңгерушісі Нұргүл Кулбаева да «Зияткерлік кластер» бойынша өз мекемелерінде ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын, бұл семинар-практикум серіктес балабақшалардың ортақ жұмысының нәтижесі екенін жеткізді.
Білім саласының мамандары мен жас ұрпақ үшін пайдасы зор осындай шаралардың ұйымдастырылуына ұйтқы болып, соның жолында қиынды қиыстыра жүріп, жұмыс жүргізетін әдіскерлердің де еңбегі ерен екені рас. Мәселен, аталған семинар-практикумның тиісті деңгейде өтуіне №14 «Ақбөпе» балабақшасының әдіскерлері Галина Недюжина, Қарлығаш Мақсұтова, №15 «Дарын» балабақшасының әдіскері Айдана Жәкеева, №20 «Арайлым» балабақшасының әдіскері Айгүл Сейтмаханова, №53 «Мерей» балабақшасының әдіскері Әлия Талипова, №80 «Ботақан» балабақшасының әдіскері Жұлдыз Ескеева, №83 «Жансая» балабақшасының әдіскері Гүлден Тультаева бір кісідей атсалысып, зор үлес қосқанын айта кеткен жөн. Сол сияқты білікті мамандардың басын бір арнада тоғыстырып, олардың өзара пікірлесіп, білімді жаңғырту жолында тәжірибе алмасулары үшін өз алаңын ұсынып, мәртебелі меймандарға төрелі төрінен орын берген №83 «Жансая» балабақшасының ұжымы да өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқару үшін аянбай тер төккенін айтып өтпеске болмас.
«Ойнай білмеген ойлай да білмейді» дегендей, өрендерді ойната отырып, өрелі етіп тәрбиелеу үшін кейбір мектепке дейінгі мекеме мамандары үздіксіз ізденіс жасап, тың жобаларды қолға алуда. Әлбетте, бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты барлық балабақшаның да деңгейі әртүрлі. Алайда жоғарыдағы жетекші балабақшалардың жұмыстарын көргенде ұлт болашағының жарқын болатынына сенімнің нығая түсетіні даусыз. Осы тәрбие ошақтарынан әлі талай талантты тарландардың түлеп ұшатыны анық. Бұл тұрғыда «Ұстаз – ұлы есім» деген сөзді ұлтқа ұстын болған ұлы тұлғаларымыз бекерге айтпаса керек-ті.
Жан-жақты жетістіктер жарияланып, салмақты пікірлер сараланған республикалық семинардан кейін шараға қатысушылар №64 балабақша мен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасына экскурсия жасады.
Жадыра МҰРАТБЕКОВА
«BILIM AINASY»
Нұр-Сұлтан қаласы