Гүлім Сисенова
БҚО Ақсай қаласы
№4 ЖОББМ-нің
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебі – Тәуелсіздіктің төл құрдасы.
1991 жылы желтоқсан айында ашылған батысқазақстандық мектептің алғашқы директоры – СССР Ағарту ісінің үздігі Джумагулов Марат Рамазанұлы. Қазіргі уақытта жас та болса терең танымымен, тынымсыз тірлігімен тың серпіліс танытып үлгерген Кенжегарин Ерболат Мержанұлы мектеп басшысы қызметін атқарып келеді.
2020-2021 оқу жылында мектептің материалдық базасы нығайтылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы мұнда 53 оқу кабинеті, мәжіліс залы, екі «Өзін-өзі тану» кабинеті, бір шеберхана, екі информатика кабинеті, бір IT кабинеті, екі биология, екі химия, екі физика кабинеттері, екі спорт залы, хореография залы, тир, бір «Алғашқы әскери дайындық» кабинеті, бір мектеп мұражайы, 150 орындық асхана жұмыс жасайды. Мектептегі оқушылардың рухани дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолған қойылған. Онда 56 820 дана оқулық, әдістемелік әдебиеттер, көркем әдебиеттер және ғылыми-көпшілік танымдық әдебиеттер қоры жинақталған.
Қазыналы білім ордасына айналған мектептің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етеді, инемен құдық қазғандай білім тұңғиығының нәрін алған «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында еліміздің дамуына өздерінің үлестерін қосуда. Мектептің жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі шығармашылық жұмысы жыл сайын өз нәтижесін беріп келеді. Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грант жеңіп алып, жоғары оқу орындарына түсуі – дәлел.
2020-2021 оқу жылындағы түлектер саны – 85, оның 31-і мемлекеттік грант иегері атанды. «Алтын белгі» аттестатының иегері – төртеу. «Үздік аттестат» иегерлері – төртеу.
Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды парыз санайды. Осы мақсаттағы басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, оқушыларға үш тілді меңгерту.
Жыл сайын мектеп оқушылары облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері атануда. 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының республикалық кезеңінде «Алтын белгі» иегері Лия Сарамбетова қазақ сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. Пән мұғалімі – Габдуллина Злика Есенжолқызы.
«Оқу мен тәрбие – егіз» деген ұғымды өз ісінде жүзеге асырып келе жатқан мектеп ұжымының еңбегі – өзгелерге үлгі боларлық. Қазіргі уақытта 125 педагог жас ұрпаққа қызмет етіп келеді. ҚР БжҒ министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатына» ие болған педагогтар саны – 15; Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған педагогтар саны – 10. Әріптестеріміз тоқсан сайын озық іс-тәжірибе жұмыстарын жандандыру үстінде. 2017 жылы мектеп облыстық «Үздік білім беру ұйымы» байқауында Гран-при иегері атанып, 19 567 миллион қаржы көлеміндегі грантқа ие болып, мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылды.