Home » Мақалалар » Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ — ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ИДЕЯЛАР

Ы.АЛТЫНСАРИННІҢ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ — ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ИДЕЯЛАР

Андия Беисенкулова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Жамбыл облысы бойынша
ПҚ БАИ әдіснама және педагогикалық инновация кафедрасының
аға оқытушысы, Тараз қаласы

Еліміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толу қарсаңында азаттық үшін ағартушылық ісімен тәуелсіздікке үлес қосқан қайраткерлердің бірі Ыбырай Алтынсарин туралы айтпай кету мүмкін емес.

Қазақ даласында білімнің шырағын жағып, ұлт ұстазы атанған Ы. Алтынсариннің туғанына биыл 180 жыл. Аса көрнекті ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, фолькоршы Ыбырай Алтынсарин барлық сан қырлы қоғамдық қайраткерлік және шығармашылық іс –әрекетімен қазақ халқының әлемдік өркениетті мәдениетімен танысуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға шақырды.

XIX ғасырдың 60 жылдарында өмір кешкен қазақ халқының адал перзенті, ұлттық мақтанышы, қазақ педагогика ғылымының негізін салушы, аудармашы, қоғам және мәдениет қайраткері, Ыбырай Алтынсарин оқыған мектепте жаратылыстану, гуманитарлық пәндер оқытылған: ана тілі, орыс тілі, татар тілі, география, арифметика, геометрия, ән-күй, гимнастика. Әрі ол мектептерде әдеби кештер ұйымдастырылған. Бұл мектепте баланы қорқытып, сескендіруге тыйым салынған, қорыққан баланың тілі кекеш болады деп білген, балаларды шындықты бағалай білуге, еңбекті қадірлей білуге кішіпейіл, ұқыпты болуға шақырған. Мектеп ісінде Ы. Алтынсарин бірінші кезеңге мұғалімді қойды. Ол жөнінде өзі былай дейді: «Халық мектебі үшін басты тұлға – мұғалім, ең тамаша деген педагогикалық басшылық, ең жомарт деген мемлекеттік жарлықта, тыңғылықты педагогикалық бақылау да онымен теңесе алмайды». Білім беру ісі жаңа жанданып келе жатқан қазақ даласы үшін оның пікірінше, мұғалімнің маңызы ерекше жоғары, сондықтан да ол «жақсы мұғалімді дүниедегінің барлығынан жоғары бағалаймын» деген еді.

Ыбырай Алтынсарин әлем әдебиетінен К.Ушинский, Л.Толстой, И.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Ел аузынан жиналған мақал-мәтелдер, эпос үлгілері, ақындар сөзі Ыбырай Алтынсариннің зерттеушілік қырын ұштай түседі. Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларының менталдық бейнесін жасаған жазушы, көркем сөз шебері. Оның дидактикалық әңгімелері қазақ баласының жан сарайын, кәсіби ойлау қабілеттерін қамтиды. Ыбырай Алтынсарин біріншіден, Шоқан мен Абайдың туған халқын мәдениетті халықтар қатарынан көргісі келетін арманын өз қолымен іс жүзіне асырды. Ол бұратана халықтар үшін тың үлгімен мектеп ашып, оқу құралдарын жазып, жинақтаған жаңашыл-педагог. Екіншіден, өзінің шығармаларын қос тілде бірдей жазды. Үшіншіден, соқтықпалы соқпақты, дүбірлі кезеңдерде Ыбырай Алтынсарин өз халқымен бірге болып, оның барлық ауыртпалығын бөлісті. Бүгінгі күн тұрғысынан айтқанда, Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы мен өмір жолы инновациялық идеялар мен іс-әрекеттерден тұрады. Ы.Алтынсарин қазақ шәкірттерінің таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазу мәселесімен де жемісті шұғылданды. Ол орыс-қазақ училищелеріне К.Д.Ушинскийдің «Балалар дүниесі», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу кітабын», Б.Ф.Бунаковтың «Әліппе мен оқу кітабын», Тихомировтың «Грамматиканың элементарлық курсын» оқу құралы ретінде ұсына отырып, кейін солардың үлгісімен өзі де «Қазақ хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты екі оқу құралын бастырып шығарды. Ол қазақ сахарасында тұңғыш рет ана тілінде дүние тану мектебін ашып, оның тұңғыш мұғалімі болды, қазақ тілінде әліппе жазды, алғаш рет ана тілінде оқулық – хрестоматия шығарды. «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица әрпі негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Хрестоматия балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгіме-новеллалардан құрастырылды. Олардың бірқатарын өзі жазды, біразын сол кездегі орыс оқулықтарынан еркін аударып алды. Хрестоматияға қазақтың халық әдебиетінің үлгілерін де іріктеп кіргізді. «Қазақ хрестоматиясы» арқылы жеткен Ыбырайдың бүкіл әдеби мұрасы оның көркем шығарма жазуды ағартушылық идеясына бағындырғаны айқын көрсетеді. Ол әдебиетті бала санасына әсер ететін, оны жақсы, үлгілі істерге үйрететін күшті құрал деп ұқты.

Ыбырай Алтынсарин дүние жүзі педагогика классиктерінің гуманистік идеяларын басшылыққа алып, оларды қазақ даласында оқу-ағарту тәжірибесіне енгізген тұңғыш педагог болды. Хрестоматияға Ыбырай Алтынсарин, біріншіден, қазақ халқының ертегілерін, аңыз-әңгімелерін таңдап, талғап енгізуге зер салса, екіншіден, өзінің дидактикалық ақыл-нақыл түрінде жазылған қысқа әңгімелерін енгізді, үшіншіден, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Паульсон, И.А.Крыловтардың тәлімдік мәні зор шығармаларын аударып енгізді. Ол өзінің хрестоматияға енгізген әдеби шығармаларының бәрін негізгі педагогтік ісімен тығыз байланыстыра білді. Яғни, хрестоматияға енгізген материалдарды іріктеуде, біріншіден, әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінен хабардар ету принципін, екіншіден, оқытуларды адалдыққа, қайырымдылыққа, еңбекке, ұқыптылыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу, адамгершілік жақсы қасиеттерді олардың бойына таратуды көздеді. Үшіншіден, жастардың әсіресе бастауыш сынып оқушыларының түсінігіне жеңіл, тілі жатық әңгімелерді іріктеп, таңдап беруге тырысты. Ол  «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту» жөніндегі оқу құралына өзінің негізгі идеяларын баяндаған.

Ыбырай Алтынсарин өзінің мәдени-ағарту қызметінде сауаттандырумен шектелген жоқ, тап бүгінгідей жастарды кәсіптендіру мәселесін қоса көтерді. Бүкіл қазақ қауымын өзіне қаратып, балаларды жаппай мектепке тартқан жас Ыбырайдың мәдени-инновациялық қызметі оны біраз сергелдеңге салды. Ыбырайдың қазақ-орыс тілді бастауыш мектептері жалпы Орта Азиялықтарға, қазақ халқына тән менталитет пен еуропалық озық үлгілердің синтезі негізінде құрылды. Ыбырай Алтынсарин бастауыш мектеп педагогикасы мен әдістемесінің негізін қалаған тұңғыш әдіскер-ғалым, кіші жастағы балалар психологиясына жетік педагог-маман, бастауыш мектеп оқулықтарының, әдістемелік құралдардың авторы.

Алтынсариннің демократиялық — ағартушылық бағыты, оның педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты. Біріншіден, бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға және соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнады. Екіншіден, ұстаз тәлімгерлер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми — әдістемелік басшылық жасауға көңіл бөлді. Үшіншіден, шығармаларында қазақ халқының ХІХ ғасырдағы қоғамдық өмірінде болған саяси әлеуметтік мәселелерді жан — жақты қамтып жазуға жұмсады. Ол өз шығармаларында шәкірттерін адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнерлі азамат болуға шақырды.

Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық ой-пікірлері оның творчестволық қызметінің кез-келген саласымен өзектесіп жатады. Ол бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, оларға дүнияуи ғылымдарын үйретуге, төл оқу құралдарын жазып шығаруға, мектеп үшін жақсы ұстаз-мұғалімдер даярлауға, оларға күнделікті ғылыми-методикалық басшылық жасауға арнады. Өзінің ғылыми-публицистикалық, жазушылық творчествосын қазақ халқының өмірінде ХІХ ғ. өрістеген қоғамдық, саяси-әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып жазуға жұмсады. Сөйтіп, өзінің бар өмірін ағартушылық ісіне бағындырып, қазақ жастарын адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнегелі, өнерлі азамат болуға шақырды, теріс пікірлерден, ескі әдет-ғұрып, соқыр сезімдерден, ұрлық, зомбылық, жатып ішер жалқаулық сияқты жаман қылық, жат мінездерден бойын аулақ ұстауға шақырды. Әрине, Ы.Алтынсарин Шоқан мен Абай сияқты арнаулы психологиялық еңбектер жазып қалдырмады. Әйтсе де оның сан алуан сындарлы ойға толы шығармаларын (оқу құралдары, хаттары т.б.) қоғамдық, балалар және педагогикалық психологияның кейбір мәселелеріне орайлас айтылған әр түрлі қызықты деректер бар. Ы.Алтынсарин қозғаған осындай пікірлерге: адам және оны тәрбиелеу жолдары, оқыту процесінің психологиялық және педагогикалық негіздері, ұстаз проблемасы, қоғамдық психология мәселелері, т.б. жатқызуға болады.

Қазақ халқының келешегі тек өнер — білімде деп түсінген Ыбырай Алтынсарин өз ойын іске асыруда түрлі тосқауыл кедергілерге кездесті, бірақ оларды табандылықпен жеңе отырып, өз мақсатын іске асыра білді. Бүгінгі күнгі жаңартылған білім берудің де алға қойған қағидасының бірі баланы мәжбүрлі емес, білім алуға қызықтыру арқылы білімге деген уәжін арттыру арқылы оқушыны құзыретті тұлғаға айналдыру.

Ы.Алтынсаринның ХІХ ғасырдың аяғында өзінің педагогикалық қызметінде ұстанған негізгі принциптері ХХІ ғасырға аяқ басқан, бәсекеге қабілетті 30 елдің қосылуға ұмтылыс жасап отырған Қазақстанның қазіргі рухани – мәдени дамуында өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Егемен еліміздің өркениеттілікке жету жолында Ыбырай Алтынсариннің де үлесі бар екенін біліп, айта жүретін жаңа буын жастар бар деп сенім артамыз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.