Аманова Гульхан Сабырхановна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренері
Мәтін — бұл жалпы (бір) тақырып төңірігіндегі біріккен, сабақтастық пен тұтастық тән, ақпаратты жеткізетін мазмұнды (мәнді) сөйлемдердің тізбегі. Мәтін сөзінің этимологиясы семантикалық құрылымдардан тұрады; адамның жасаған нәрсесі, осы істелген нәрсе әлементтерінің ішкі байланыстылығы, істелген нәрсенің шеберлілігі және осы аталған үш семантикалық құрылымдарға сай оны үш пән — мәтінтану, герменевтика және поэтика зерттейді. Мәтінтану қарастырылып отырған мәтіннің қай дәуірге немесе авторға тиесілі екендігін анықтайды. Герменевтика мәтінді түсіндірумен айналысады. Киелі мәтіндер герменевтикасы экзегетика деп аталады. Мәтінді қарастыру шеберлігін поэтика зерттейді. Ол Мәтіннің қалай құрылғанын, оның құрылымы мен композициясын зерттейді (формальды мектеп, құрылымдық поэтика, генеративті поэтика). Мәтінді қазіргі семиотика (мәдениет мәтін ретінде) мен мәтін философиясындағыдай тым кең мағынада түсінуге болады.
1) мәтіннің барлық элементтері өзара байланысты (өзара байланысқан) (құрылымдық поэтика тезисі).
2) мәтін элементтерінің арасындағы байланыс қайталанып, өзгеріп отыратын бірліктер мотивтер ретінде айқындалады. (Мотивті талдау тезисі);
3) мәтінде кездейсоқ ештеңе жоқ (психоталдау);
4) мәтіннің әрбір жекеленген және үстірт кәрінісінің (мәнінің) астында мифологиялық сипаттағы терең, әмбебап заңдылықтар жатыр (К.Т. Юнгтің аналитикалық психологиясы);
5) мәтін шындықты суреттемейді, ол онымен өзара күрделі қарым-қатынасқа түседі (аналитикалық философия және тілдік актілер теориясы);
6) бір мәтіндегі ақиқат нәрсе, басқасында жалған болып шығуы мүмкін ( мүмкін дүние (нәрсе) семантикасы);
7) мәтін — қатып-семіп қалған мән емес, ол автор мен оқырман және мәдени контекст арасындағы сүхбат (Бахтин поэтикасы).
Мәтіннің ажыратылуы тек осы жазбаша варианты негізінде жүзеген асады. Мәтін тілдік бейнелеудің саналы түрде игерілуі болып табылады. Ол – «бір үзік шындықтың графикалық бейнесі». Осыған байланысты тілдің жазбаша және ауызша варианттарының арасындағы белгілерді ажырата білу аса маңызды.
Тілдің жазбаша варианты қалыптасудың ұзақ үдерісі дәуірінде өзіндік ерекшеліктерге ие болып, олар жүйелі сипат ала бастайды. Мәтін құрылымының жеткілікті зерттелмеуіне байланысты тілдің жазбаша варианттарының жүйелілігін анықтау оңай емес. Мәтіннің типтері де әр түрлі, олардың негізгі сипаттары да бірдей болмайды, сондықтан олардың осы ерекшеліктерін бір схемаға сиғызу үшін сан алуан мәтіндерді тексерудің жинақталған тәжірибесі керек. Тілдің жазбаша түрінің негізгі сипатты ерекшеліктерінің бірі – оның функционалды бағыттылығы. Яғни, хабарлаудың алдын ала белгіленген белгілі бір мақсатын орындауға бағытталғандығы. Жазбаша мәтін міндетті түрде біреуге бағытталады (Жалпы, тілдік қолданыстың барлық түрлерінің де мақсатты бағыты болады). Бірақ жазбаша мәтіннің бағыты ауызша сөйлеудегідей емес – тікелей, тура болмайды, жасырын жатады. Ауызша сөйлеуде дауыс ырғағы, қимыл, ым, т.б. сөйлеушінің мақсатын анық көрсетіп тұрса, жазба тілде, мәтіннің кейбір түрлерінде оны ашу керек, дәл таба білу керек.
Ауызша тілдің негізгі формасы – диалог болса, жазбаша тілдің ондай формасы – мәтін (монолог). Ол тілдік бейнелеудің түрлі құралдарын тудырады. Диалогта олар – ауызекі лексика мен фразеология, қысқалық, үзіктілік, жүйесіздік, жалғаулықтардың болмауы, т.б. болса, монологта – жазба лексика, логикалық ізбе-ізділік, синтаксистік толықтылық, байланыстырушы элементтердің кең жүйесінің болуы, аяқталғандық, т.б. жатады. Ауызша тіл әрқашан нақтылыққа, біркелкілікке, түсіністілікке ұмтылады, жазбаша тіл жалпы, дерексіз, біркелкі түсінілмейді, интонациясы жағынан көп салалы, әр түрлі түсініледі. Мәтін өз бойына жазба тілдің заңдылықтарын жинақтайды. Мәтін тәртіпті, ұйымдасқан, алдын ала белгіленген тұлғалар мен тәртіпсіз, ұйымдаспаған, оны құру негізінде пайда болған тұлғалардың бірлігінен тұрады. Бұдан мәтіннің күрделі, жан-жақты құбылыс екенін көреміз. Мәтіннің осы екі жақты табиғаты оны ұйымдастырудың кейбір заңдылықтарын анықтауды қажет етеді.
Мәтін туралы алғаш per қазақ тіл білімінің ғылыми негізін салушылар — А.Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов еңбектерінде айтылған болатын. А.Байтұрсынұлы мәтінді «шығарма сөз» деп атап, сөйлеудің бірлігіне жатқызады.
«Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты — шығарма сөз, ол аты қысқартылып, көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын — бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр.
Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері:
Тақырыбы. 2. Жоспары. З.Мазмұны. 4.Түрі.
Тақырып — әңгімедегі пікір не нәрсе туралы болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады. Мәселен, пікір жаз туралы болса, шығарманың тақырыбы «жаз» болады. [1,263].
А.Байтұрсынұлы мәтіннің (шығарманың) тақырыптан, ал мәтін (шығарма) мазмұнының үш мүшеден, яғни аңдату, мазмұндау, қорытудан тұратынын көрсетті. Мәтіннің қатысымдық қызметін тудыруға қатысатын айтушы ойының өзге үшін бағытталатынын алғашқылардың бірі болып айтты.
Жоспар. Сөз шығарудан бұрын шығарушы айтатын пікірін қай ретпен жазатынын мерзімдеп, жоспарлап алады: онысы неден бастап, неден соң нені айтып, немен аяқтайтынын белгілеп алады, я қағазға жазып алады. Қай шығарма сөзде де болса, жоспар болады.
Мазмұн. Шығарманың тақырыбынан басқасы мазмұны болады. Солай болған соң, мазмұн дегеніміз бір нәрсе туралы ойға алған пікірді айтуға жұмсаған бүкіл сөзіміз мазмұн болып шығады. Мазмұнның үш мүшесі болады: І.Аңдату. 2.Мазмұндау. З.Қорыту. Мазмұнның аңдатуына мазмұн туралы алдын ала айтарға керек болған ғана ойлар айтылып шығады. Сондықтан мазмұнның бұл мүше мазмұн біткеннің бәрінде бола бермейді. Аңдату мүше шығармаларда керегіне қарай болады. Мазмұндауында, ой тиегін ағытқан сияқты, айтайын деген пікірдің бәрі айтылады. Мазмұндау — шығарманың мазмұн мүшесінің ең зоры, онсыз шығарманың мазмұны болмайды. Мазмұнның қорытуында мазмұндауда айтылған пікірдің қорытылып, мағызы шығарылады. Қорыту мүше мазмұн біткеннің бәрінде бола бермейді, бұ да керегіне қарай болатын мүше.
Сөйтіп шығарма мазмұнының аңдату, мазмұндау, қорыту — үш мүшесінің үшеуі де болуға ықтимал, басқалары болмай, жалғыз ғана мазмұндау болуға да ықтимал, кейде аңдату мен мазмұндау ғана болады, кейде мазмұндау мен қорыту ғана болады. Қ.Жұбановтың еңбектерінде, қазіргі тіл біліміндегі терминдік атаулармен берілмесе де, мәтін мәселесіне қатысты пікірлердің болғандығы анық байқалады. Көрнекті ғалым Қ.Жұбанов мәтінді «сөз» деп атайды.
Филолог — ғалымдар Б.Шалабай, М.Ахметова «Мәтін лингвистикасының негізгі мәселелері» атты мақаласында: «Мәтін лингвистикасы — мәтіннің мағыналық әрі құрылымдық жақтарын зерттеумен айналысатын тіл білімінің іргелі саласы. Жалпы тіл білімінде осы жаңа ғылыми саланың тез қарқынмен дамуы лингвистикалық зерттеулер ауқымының кеңеюімен, тіл біліміндегі функционалдық бағыттың дамуымен тікелей байланысты. Осы құрылымды айқындайтын басты белгілері — жүйелілік және тұтастық. Мәтіннің тұтастық категориясы сол мәтінді ұғынып, мәнін түсінгенде ғана пайда болатын, оның логикалық жағымен тығыз байланысты болса, ал оның жүйелілігі күрделі бірліктерді құрайтын тілдік құралдардың белгілі әдіс — тәсілдермен ұйымдасуынан көрінеді.
Мәтінге тән ғылыми белгілер:
1.Тақырыптық — мазмұндық бірлігі мен тиянақгылығы;
2.Коммуникативті мақсаттылығы, прагматикалық бағыттылығы;
3.Құрылымдық біртұтастығы;
4.Құрылымдық — логикалық жүйелілігі.
І.Мәтіндегі берілетін (ауызекі, жазбаша) ой, пікір, мазмұн белгілі бір тақырыпқа негізделеді, яғн мәтін белгілі бір тақырыта аяқталған ойды білдіреді. Мысалы: мәтінде барлық уақытта негізгі ой болады, мәтінді құрылымдық бөлімдерге белуге болады, мәтіннің құрылымдық – мазмұндық. Бөлімдері және ондағы сөйлемдер бір — бірімен жүйелі түрде байланысады.
Ең алдымен, мәтіннің тақырыптық — мазмұндық бірлігі деген мәселеге тоқталайық. Ол үшін бірінші кезекте «тақырып» ұғымының мәнін ашып алған жөн.
Бұл мәселеде де ғұлама ғалым А.Байтұрсыновтың пікіріне жүгінуге тура келеді: Тақырып — әңгімедегі пікір не туралы болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады. Мәселен, пікір жаз туралы болса, шығарманың тақырыбы «жаз» болады. Әңгімедегі пікір не туралы екенін күн ілгері білдіру үшін, шығарманың тақырыбы басына қойылады. «Айман — Шолпан», «Бақытсыз Жамал» … деген сөздер шығарма тақырыптары болады және бұл сөздер «Айман — Шолпан», «Бақытсыз Жамал» турасында айтылатын әңгімелердің басында тұрады».
Ғалымның бұл сөздерінен біз, біріншіден, тақырып, әңгіменің (мәтіннің) арқауы, өзегі, объектісі екендігін білдік, екіншіден, тақырып мәтіннің ішіндегі пікірді алдын ала анықтап, оқушыға әңгіменін мазмұны жайлы білдіріп тұратынын аңғардық. Енді «мазмұн» деген ұғымды анықтап алайық. Тағы да А.Байтұрсыновқа оралайық: « мазмұн дегеніміз бір нәрсе туралы ойға алған пікірді айтуға жұмсағанбүкіл сөзіміз мазмұн болып шығады».
Келтірілген екі анықтамадан шығатын қорытынды: тақырып «пікір не нәрсе туралы екенін білдірсе, мазмұн «бір нәрсе туралы ойға алған пікірді».
Кез келген адам ойын дұрыс әрі жатық, әсерлі жеткізуге тырысады. Себебі сол арқылы басқалармен оң қарым — қатынас орнатып, көздеген мақсатына жетуге мүдделі болады. Нақтырақ айтсақ, мәнсіз, мағынасыз сөздің өзі оны тиісті жерінде мәнерлеп, әсерлеп жеткізе білгенде ғана құдіретті күшке айналады. Сөйлеуге үйретуде тұтас мәтін синтаксисін меңгертуді оның негізгі белгілерін танытудан бастаған жөн. Оқушыларға жүйелі басталған, белгілі бір жайды хабарлаған, сипаттаған, пікір білдірген, тиянақты аяқталған, тақырыптық бірлікте болатын, логикалық жүйеде құрылған, құрамына енетін қайырымдары мен сөйлемдері бір-бірімен тығыз байланысқан мәтіндерді түрлі жаттығулар арқылы жоғарыда аталған белгілерімен жүйелі түрде игертіледі. Мәтіннің құрылысын меңгертуде талдау, жинақтау, бақылау және салыстыру әдістерін пайдалана отырып жүргізу тиімді. Сондай-ақ ойлаудың индуктивтік, дедуктивтік және аналогиялық түрлері бойынша жұмыс жүргізу мәтін арқылы оқушының тілін дамытуда нәтижелі болады.