Әбдіманап Дана Қанатқызы,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық
Педагогикалық университеті
филология факультетінің
1-курс студенті
Зымыраған уақыт. Күні кеше ғана мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезде «Елбасы медалі» жобасына қатысуға өтініш білдіріп, жобада жүрексіне алғашқы қадамымды бастаған едім. Аталмыш жоба жайлы басылымда жарық көрген бір мақаламда: «Қазіргі таңда бұл жоба — шығармашылықты шыңдайтын алаңыма айналғандай. Бәлкім, мен осы жобаның жеңімпазы атанармын, бәлкім, атанбаспын, бірақ осы жобада болғанымның өзі — мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, бұл жоба — менің өзімді — өзім шыңдап, рухани дамуыма ұйытқы болып отыр. Осы жобаға қатысушы барлық құрбы-құрдастарыма, замандастарыма, аға-апаларыма жетістік пен жеңіс, қажырлы еңбек, толағай табыстар тілеймін» деген болатынмын. Расында да, шығармашылық тұрғыда шыңдалып, былтыр қола медаль иегері атанған соң, алтын медаль алуға ұсыныс білдіріп, осы бағытта жұмыс жасап жатқан жайым бар.
Осы орайда, жоба жайлы тағы да айта кетуді жөн санап отырмын. «Елбасы медалі» жобасының құндылығы — жастардың тұлғалық қабілетін ашып, өз бетінше шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасауында. Осы мақсатта жоба қарым-қабілетті дамытуға, жастардың рухын көтеруге, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған 7 бағытта жұмыс жасайды. Олар — «Спорт», «Дарын мен дағды», «Кітап оқу», «Волонтерлік», «Ұлттық мұра», «Туристік», «Жұмыс тәжірибесі» деп аталады. Әр қатысушы өзіне ұнаған бағытты таңдап, таңдаған бағыты бойынша берілген тапсырмалармен жұмыс жасайды. Бұл жоба бойынша қол жеткізген нәтижені жетістіктің 7 жебесі деп те атайды.
Жобаға қатысу үшін me.fnn.kz онлайн платформасына тіркеліп, ұсынылған «алтын», «күміс» немесе «қола» бағыттарын таңдау керек. Үш деңгейде, яғни: қола, күміс және алтын медаль үшін жұмыс жасауға жұмылдыратын жобаға 14 пен 29 жас аралығындағы жеткіншектер мен жастар қатыса алады. Сондай-ақ, жобаға мүмкіндігі шектеулі жандар да қатыса алатындай жағдай жасалған.
Шәкірт шағымнан бастау алған «Елбасы медалі» жобасы студенттік шақта да мені шабыттандырып келеді десем әбден болады. Не үйрендім? Не түйдім? Өмір жолымда пайдасы қандай? деген сауалдарға жауап бере кетейін.
Бұл жоба — қазіргі заман талабына сай жаңашылдықпен, тапсырмаларды үлкен шеберлікпен жүйелі түрде жүргізетін, ұйымдастырушылық қабілетті күн санап арттыратын, құрдастарымен тез тіл табысып, нәтижеге қол жеткізуде іскерлігімен ерекшеленетін, үйренуден жалықпайтын, сонымен қатар, білуге құмар, өз мамандығының жетік меңгерген маман болуға көмектесетін жоба. Сондай-ақ, жоба инновациялық жаңару заманында үнемі ізденісте болуды мақсат етіп қана қоймай, әр қоғаммен тығыз қарым-қатынас орната білетін, ұйымшыл ұжымда жұмыс жасай алатын тұлғаны қалыптастырады. Ол – қатысушыларға әлемдік негізде білім мен ақпарат бере отырып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын шеберхана. Әр қатысушының әрбір іске жауапкершілікпен қарауына, еңбекқор болуына, бос уақытын ұтымды пайдалануына, өзін-өзі ұстау мәдениетіне, сөз саптауына, адамдық бейнесіне қалыптастыруына, терең білім алуына жәрдемдеседі. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүрудің ізгі жолын нұсқайды.
1 желтоқсан — Елбасы күні қарсаңында «Елбасы медалі» жобасына қатысушы ретінде жобаның өз деңгейінде жүргізілуіне ат салысып жатқан барша әдіскер-ұстаздарға, тәлімгерлерге шексіз алғыс айтып, еңбектеріне табыс тілегім келеді. Жастарды қолдап, шығармашылық тұрғыда шыңдалуына ұйытқы болған шеберхана іспеттес «Елбасы медалі» жобасы өміршеңдігімен өмірімізге өлшеусіз үлес қосуда. Жан-жақты тұлға қалыптастырудағы еңбектеріңіз жемісті болсын! Ел ертеңі – жастарға жасаған әрбір игі бастамаларыңыз жетістікке жол бастай берсін!