Қазақ халқы қашанда тілге бай, шешен екенін білеміз. Атадан қалған асыл сөзді дәріптеу, қазақ би-шешендерінің кесіп айтар келелі сөздерін бүгінгі ұрпаққа насихаттау басты парызымыз. Осы орайда республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы Алматы қаласында 24-25 қарашада өтті. Аталмыш байқауға республикалық Абай желілік мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысты.
ІІІ республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауын Абай атындағы РММИ ұйымдастырды. Тіл шеберлерінің додасына үш қала, 11 облыстан 22 үміткер қатысып, бақ сынасты.
Шешендік өнер – сан алуан тарихты қамтитын, көп ғасырлық тарихы бар, ұлттық болмысымызды айшықтайтын өнер түрі. Осындай киелі өнерден қуат алып, тіл тазалығына ерекше назар аудару, қасиетті қызыл тілдің қызметін пайдалану басты құндылықтардың бірі.
Оңы мен солын енді танып, қазақ тілінің құдіретінен сусындап, мәйегіне жарып келе жатқан жастармен сөз қағыстыруға Солтүстік Қазақстан облысы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Бекбаулова Алуа қатысып, ІІІ орынды қанжығасына байлап қайтты. Шын жүйріктер ғана озатын бәйгеден оқ бойы озып шығу оқушының тектілігі мен шешендігіне байланысты. Алуаны дайындаған ұстазы Солтан Алтай «Алуа даналығын да, даралығында көрсете алды»- дейді.
Кокбас Жазира,
«BILIM AINASY»
СҚО