Home » Мақалалар » МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Куатбекова Лайла Кулбаевна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
оқу жұмысы және мониторингтік қызмет бөлімінің бастығы, т.ғ.к, доцент

Иманалиева Гульнур Алихановна
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты 
Тараз қаласы

Қазіргі таңда педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту – педагогтің кәсіби тәжірибе негізінде үздіксіз өз білімін арттыру, дамыту, шыңдауға әкелетін кәсіби тәжірибені жаңарту, жаңалықтарды қабылдау мен меңгертудің қарқынды процесі.

Білімдегі жаңашылдықты одан әрі ізгілендіру, жеке тұлғаны қалыптастыруда озық, жаңғыртылған әдістемелік жүйені меңгеру, әлемдік білім беру кеңістігіндегі ел дамуына оңтайлы ізгі қадамдарды игеру, жаңа талаптарға сәйкес жүйелі жұмыстарды жүзеге асыру білікті педагогтердің міндеті болып отыр. Заманауи білім беру жүйесінде мұғалімнің шығармашылық жағдайда жұмыс жасап, нәтижелерге жетуі үшін педагогикалық әрекетті талдап, әр әрекеттің мәнін түсінудің маңызы зор. Сонымен қатар қалыптан тыс шешімдерді  жауапкершілікпен жеке қабылдай алуы қажет. Бұл педагогті оқу процесін ұйымдастыруға арналған дайын әдістерді пайдаланып қана қоймай, жеке тұлғаға бағытталған әрекетті ғылыми тұрғыда ұйымдастыра алуына жетелейді.

Қазіргі заман мұғалімінің міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін — өзі толық жүзеге асыруға дайын білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Бұл міндетті тек кәсіби білімі жетік, құзыретті, бәсекеге қабілетті ұстаздар ғана атқара алады. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. Жаңа формация мұғалімінің бойында мәселені көре білу, ойлаудың ерекшелігі мен икемділігі, қиялындағы сипаттай білу қабілеттілігі, сыни ойлауға және өзіндік бағалау деңгейі басым болуы керек. Осындай бірлік компоненттеріне бағытталған біліктілік арттыру жүйесіндегі әрекет мұғалімнің кәсіби дамуындағы міндеттерді шешу үшін қажет.

Қазіргі қоғам алдында тұрған өзекті мәселе бұл — жан-жақты дамыған, көпмәдениетті, шығармашыл, әлеуметтік бейімделген тұлға қалыптастыру. Оқушы қабілетін жан-жақты дамытып, шығармашылығын ұштай білу үшін ұстаз өзі шығармашыл, жаңашыл, озық ойлы, кәсіби шебер маман болуы қажет. Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс — оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Өзгермелі қоғамдағы кәсіби құзыретті мұғалім – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға.  Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы  шеберлігі. Осы айтылғандарды жинақтай келіп, кәсіби құзыретті мұғалім — рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға.

Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықтарды игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңестігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну. Оқушылар мұғалім қауымынан тек білімге ғана емес, өмірге үйрететін қабілеттілікті қажет етіп отыр. Демек, болашақ түлектердің осы ақпараттық қоғамнан қалыспай, жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, нақты бағыт-бағдар беруші болып шығуы — бұл қазіргі заманның талабы. Міне, құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ маман — қазіргі оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда, білім беруде, тәрбиелеп өсіруде белгілі бір құзіреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.

Мұндай құзырлылықтың қатарына мыналар жатады:

  • бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);
  • мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
  • оқу-танымдық құзіреттілік (өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
    • коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
  • ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
  • әлеуметтік-еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
  • тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті).

Аталған құзыреттілік қасиеттерді тұлға бойына дарытуда педагог қауымның арнайы әлеуметтік білім беру құзыреттіліктерінің жан-жақты болуы талап етіледі. Егер педагог өзінің кәсіби өсу жобасын дұрыс жолға қоя отырып, өзінің кәсіптік қызметіне нақты берілу арқылы тұлғаның алған білімін өмірде қолдана білетіндей тапсырмалар жүйесін ұсына алатын жағдайда болғанда ғана оқушы құзыреттілігін қалыптастыруға мүмкіндік табады. Жаңа технологияны меңгеруде мұғалімнің жан – жақты білімі қажет. Қазіргі мұғалім:

  • педагогикалық үрдісте жүйелі жұмыс жүргізе алатын;
    • педагогикалық өзгерістерге тез төселетін;
    • жаңаша ойлау жүйесін меңгере алатын;
    • оқушылармен ортақ тіл табыса алатын;
    • білімді, іскер, шебер болу керек;

Жаңа педагогикалық технологияның ерекшеліктері – өсіп келе жатқан жеке тұлғаны жан – жақты дамыту. Инновациялық білімді дамыту, өзгеріс енгізу, жаңа педагогикалық идеялар мен жаңалықтарды өмірге әкелу. Бұрынғы оқушы тек тыңдаушы, орындаушы болса, ал қазіргі оқушы – өздігінен білім іздейтін жеке тұрға екендігіне ерекше мән беруіміз керек.

Қазіргі оқушы:
• дүниетаным қабілеті жоғары;
• дарынды, өнерпаз;
• іздемпаз, талапты:
• өз алдына мақсат қоя білу керек.

Қорыта келгенде, О.Бальзактың “ұдайы еңбек ету- өнердің де, өмірдің де заңы” дегеніндей, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін артыруда мұғалімге үнемі ізденуге, тұрақты еңбек етуді міндеттейді. Атап айтқанда, олар – білім сапасын арттыру, оқушылардың біліміне, ойлау қабілетіне сай деңгейлеп оқыту, ғылыми-ізденіс қабілеттерін қалыптастыру. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармағанымыз жөн. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.