Скакова Биби Аргынбаевна,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының тренері, Тараз қаласы
«Сын тұрғысынан ойлау» деген сөз тіркесінде қолданылатын «Сын тұрғысынан» деген термин ойдың мәселені немесе проблеманы шешу үдерісіне шоғырлануын білдіреді. Бұл тұрғыдан алғанда сыни сөзі «мақұлдамау» немесе «теріске шығару» дегенді білдірмейді. Сын тұрғысынан ойлау пайымдау, тұжырым жасау немесе проблеманы шешу үдерісі жүрген барлық жағдайларда, яғни неге сенуге болады, не істеу керек және мұны ойластырған әрі рефлексиялық тәсілмен қалай істеуге болатындығын анықтау қажет болған жағдайлардың барлығында орын алады.
Осы көзқарас тұғысынан келгенде, сын тұрғысынан ойлау дегеніміз — «ойлау туралы ойлану» деген сипатқа ие. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Мұғалімдер педагогикалық білімі бар және қосымша оқып, өз біліктілігін арттырушы субъектілер болғандықтан, оларда бұл дағдылар дамыған және іс-тәжірибеде қолданылады деп болжанады.
Сын тұрғысынан ойлаудың тамырын сонау сократтық дәстүрге дейінгі 2500 жыл бұрынғы дәуірден көруге болады, сол кездің өзінде беделді негізде алынған білімді тексеру үшін жетекші сұрақтарды пайдалану қалыптасқан: олар тиімділік, нақтылық пен логикалық сабақтастықтың талаптарына жауап бере ала ма деген сауалды ортаға тастайды.
Сын тұрғысынан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. Бұл модуль оқушылардың да, мұғалімдердің де сын тұрғысынан ойлауды дамытуды саналы және оймен қабылдауын көздейді.
Бұл модуль шеңберінде біз сонымен қатар 1-модульде келтірілген әлеуметтік-сындарлы тәсілдерді, оқытуды дамыту үшін тиімді бағалауды («Оқу үшін бағалау» модулі) және түрлі жастағы балаларға білім берудің сараланған тәсілін қолдануды («Талантты және дарынды балаларды оқыту» және «Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу» модульдері) қарастырамыз.
Сын тұрғысынан ойлау – оқу мен жазуды дамытатын, оқушыны мұғаліммен, сыныптастарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге баулитын бағдарлама. Осы ретте оқушы — ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші. Мұғалім — әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы ретінде көрінеді.
Осы ретте Жамбыл – «Өрлеу» филиалында өтіп жатқан курстар мен түрлі іс-шаралар барысында оқушылардың білімін толықтыру мен үлгермеуші оқушылармен жұмысты жандандыру бағытында жаңартылған білімі беру мазмұны аясында тиімді тәсіл болып отырған сын тұрғысынан ойлау бағдарламасын басты назарға алады. Себебі сыни ойлау – адам өмірінің бір саласы. Бұл философия адамдарға көптеген жолдар мен шешімдер ішінен маңызды әрі пайдалы екенін, тек қажетті ақпараттарды ғана жинақтап, жаңа білімді бұрынғыдан ажырата алуға көмектеседі. Сыни ойлауды дамыту технологиясының дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы – білімнің дайын күйінде берілмеуі. Сын тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану нәтижесінде жеке тұлғаның қабілеттері жандана түседі және білім прагдимасы қалыптасады.