Францияда 1995 жылдан бастап мектептер мен университеттерде Ұлттық қауіпсіздік агенттігі жұмыс істейді. Агенттік білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады, ғимараттың беріктігін тексереді, түрлі тәуекелдерді ескеріп, жазатайым оқиғаларға талдау жұмыстарын жүргізеді. Франция мектептерінің кіреберісінде ғимаратқа кірушілердің рюкзактары мен сөмкелерін тексеретін күзетшілер тұрады.
Германияда федералды жерлердің жеке білім министрліктері жұмыс істейді. Әрбір мектепте дабыл жүйесі орнатылған және террористік шабуыл болған жағдайда не істеу керектігі туралы нұсқаулықтар нақты жазылған. Қауіпсіздік жүйесі полицияға төтенше жағдай туралы автоматты түрде хабарлайды.
Ресейде мектептердегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Білім министрлігіне жүктелген. Мемлекеттік органның ұсыныстарына сәйкес мектептерді ІІМ жанындағы арнайы қауіпсіздік қызметтері мен жеке күзет ұйымдары күзетуі тиіс. Бұл ретте дабыл сигнализациясы, бейнебақылау және бақылау жүйесінің болуы міндетті. Білім беру ұйымдарының есіктері бөгде адамдардың ғимаратқа рұқсатсыз кіруіне жол бермей, сенімді қорғанысты қамтамасыз ететін материалдардан жасалуы тиіс. Бұдан бөлек, терроризмге қарсы шаралар қабылдауға жауапты лауазымды тұлғалар айқындалады.