Лепесова Кенжегул Дуйсеновна.
Алматы қаласы, Бостандық ауданы,
Махатма Ганди атындағы №92 лицейдің
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Жүз жасаған жыр алыбы, айтыс өнерінің дүлдүл ақыны, ұлы дала жырауы Жамбыл Жабаевтың туылғанына биыл 175 жыл. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен жыр жампозы 14 жасында-ақ Сүйінбай ақыннан бата алып, сөз өнерінің даңғыл жолына түседі де, өмірінің соңына дейін жырлап өтеді. Бүгінгі мақаламда Жамбыл жырларының дидактикалық мәнін, орта мектеп оқушыларына жырау шығармаларын оқытудың онлайн және офлайн тәсілдері мен жыр алыбы туындылары арқылы оқушыларды шешендік өнерге баулу тәсілдерін қарастыруды жөн көрдім.
Жамбыл ақын өмір бойы сахарадай кең даланы, асқар тауды, ел ынтымағы мен ұлт татулығын, ер жүрек батырлардың ерлік істерін жырлап өтті. Жыры арқылы туған жерді, елді, Отанды сүюге, оны құрметтеуге, ел тұтастығын мен бірлігін сақтауға және ел үшін, туған жер үшін күресе білуге, батырлардан үлгі алып, бабалар аманатын сақтауға үндейді. Мысалы, «Жүз жасаған жүректен» өлеңінде:
«Уа, қарағым, балалар!
Ер бол демей, не дейін.
Ереуілді майданда,
Үстем болсын мерейің!
…Жүз жасаған жүректен
Жырларымды төгейін», [1., 104-б.] – деп балаларды ерлікке шақырады.
Жырау туындыларының негізгі мақсаты – ел еңсесінің биік болуы. Еңсемізді тік ұстау үшін біз өз бойымыздағы қанымызбен берілген батырлықты, адалдықты, отансүйгіштікті әлсіретпей, жалындатып, жандандырып отыруға тиіс екенімізді дәріптеді. Бүкіл өмірін адамгершілік құндылықтары мен әділеттілікті дәріптеуге және патриотизмге тәрбиелеуге арнаған жырауды орыс әдебиетінің көрнекті ақыны Николай Тихонов: «Өз халқының ар-намысы, дауысы, жүрегі мен шынайылығы» деп бағалауы тегіннен тегін емес еді. Жыраудың өзі айтқандай, шын есімі «халық» деп аталатын ұлы тұлғаның қазыналы жырларын өскелең ұрпаққа дәріптеу – ең бірінші кезекте мұғалімдердің міндеті екені анық.
Орта мектеп оқулықтарында Жамбыл шығармашылығын оқыту бірнеше сағатқа ғана тоғыстырылған. Жыраудың тәлім-тағылымға мол мұрасын бұл сабақтарда толықтай беру жеткіліксіз. Сол үшін қосымша сыныптан тыс іс-шаралар өтіп, шәкірттерге патриоттық тәрбиенің нағыз қайнар көзін беруге болады. Қызықты презентациялар (слайд) жасау арқылы жырау шығармашылығымен таныстырып алған соң, оның өмірінен, шығармашылығынан түрлі сұрақтар қоя отырып, білімді бекіте түсу оң нәтиже берері сөзсіз. Немесе ақын өлеңдерінің мазмұнына байланысты суреттер салғызып, көрме ұйымдастырып, онда барлығы өз суреттерінің мән-мағынасын ашып әңгімелесе, алынған ақпарат жүз пайыз бала санасына бекитіні даусыз. Қазіргі таңда онлайн режимде жұмыс жасап жатқандықтан, түрлі байқауларды қашықтықтан ұйымдастыруға да болады. Көрмелердің орнына оқушылардың салған суреттерін бір видеороликке тоғыстырып, өзге сыныптарға эстафета қылып жолдау шәкірттердің қызығушылығын тудырып, бәсекелестікке жетелейді. Көзбен көру арқылы оқушылар ойша елестетіп, қиялын дамытады. Сондықтан «Галереяға саяхат» әдісі арқылы бейне бір мұражай аралағандай қылып, Жамбылдың тұрған үйін, пайдаланған заттарын, замандастарымен жүздескен сәттерін көрсете отырып, ақын өмірбаянын және шығармашылығын нәтижелі игертуге мүмкіндік мол. Мұндай әдіс арқылы санада сақталған ақпарат уақыт өте келе еш ұмытылмай, керісінше Жамбыл атын естігеннен саналарында жаңғырып тұрары сөзсіз.
Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Қазақ халқы табиғатынан ақын, жыршы халық. Белгілі шығыстанушылар, білікті орыс ғалымдары мұны талай мойындап жазған», [2., 251-б.] – дей келе, Жамбыл туралы бірталай зерттеу жүргізіп, жыраудың ақындық ортасы туралы сөз қозғайды. Оның тәлім алған ұстаздары мен өзі үлгі болған шәкірттері туралы кеңінен толғап жазады. Сол сияқты біз де өскелең ұрпаққа жырау поэзиясын оқыта отырып, оқушылар арасынан Жамбылдай жыр сүйер тұлғаны қалыстастыруымыз әбден мүмкін. Көрген, білген, оқыған, тоқыған ілім жоғарыда атап өткен әдіс-тәсілдерден кейін оқушы бойында тұншығып жатпасы анық. Санаға сіңген білім жарық күндей жарқырап, шуағын төгу үшін, оны сөз өнері арқылы жарыққа шығару керек. Яғни мұндай игерілген білімі бар шәкірттерді шешендікке баулу қиын болмайды. Шәкірттердің жас ерекшеліктеріне сай, түрлі пікірсайыстар ұйымдастыруға болады. Ал онлайн форматта Жамбылдың патриоттық өлеңдерін жаттатқызып, жыр бәйгесін жасау да тиімді тәсілдің бірі саналады. «Жамбыл – жыршылық өнердің де асқан шебері. «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы» дастандарын жырлаған» [3., 200-б.]. Ұзақ дастандарды нақышына келтіре жырлау дәстүрін қайта жаңғыртып, жас жеткіншектер арасында бәйге ретінде ұйымдастырса, қысқа өлеңдердің байқауына қарағанда қызықтырақ өтетіні айдан анық. Мұндай сайыстарды түрлендіріп ұйымдастыру әр педагогтің шеберлігіне байланысты. Отансүйгіштікке, ерлікке, бірлікке, ынтымақтастыққа тәрбиелейтін жырларды жаттаған балаларды марапаттап отырудың еш айыбы жоқ. Есесіне жастайынан білім бәйгесінде шауып үйренген шәкірт есейе келе ауқымды шараларға белсене атсалысатыны ақиқат. Білім мен білікті қатар дамытып, шеберлікті шыңдап жүрген оқушыларымыз – алдағы уақытта бәсекеге қабілетті бола түспек.
Қорыта айтқанда, Жамбыл шығармашылығынан жастайынан сусындап өскен шәкірттер келешекте ел тізгінін ұстайтын рухты, жігерлі, ұлтжанды азамат боп өсетіні айдан анық. Жырау шығармаларын тек сабақ барысында ғана емес, қосымша іс-шаралар арқылы да ұйымдастыра отырып, Жамбыл жырларындағы тұнып тұрған ұлттық құндылықтарды, ар, намыс, батырлық, ерлік, отансүйгіштік сынды тәрбиені сіңіруге жұмыстанудың алғашқы қадамын жасау – біздің, яғни ұстаздардың қолында екені даусыз. «Не ексең, соны орасың» дегендей, Жамбыл жырларынан қуат алып өскен ұрпақ ел тарихын жіті түсініп, ұлт құндылықтарын қастерлеп, тәуелсіздіктің қадірін біліп өсері сөзсіз. Сондықтан, мұндай нәтижеге жетудегі біздің мақсат – жырау туындыларын тиімді, қызықты тәсілдермен оқыту, санаға тоқыту, сол арқылы мәңгілік елдің саналы ұрпағын тәрбиелеу.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Жамбыл. Туған елім. Өлеңдер, толғаулар, дастандар, айтыстар. /Құраст. Е.Дүйсенбайұлы. – Алматы: Раритет, 2006. – 208 б.
- Жолдасбеков М. Ұлы дала әдебиеті. – Нұр-Сұлтан: «Күл-тегін» баспасы, 2020. – 416 б.
- Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2005. – 576 б.