Home » Мақалалар » Ауыл тарихы – ел тарихы

Ауыл тарихы – ел тарихы

Балхиева Венера Амирбековна
М.Х. Дулати атындағы
Тараз өңірлік университеті

Ертеден-ақ көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ежелгі мекені – ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл — дәстүрлі қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан қауымдастық. Ауыл – ол ұлтымыздың ұйытқысы. Ауыл — ол әрбір қазақтың кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген жері. Әрбір қазақтың сан толқын ұрпақтың кіндігі, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Әлемнің ең асылы, аяулысы ана болса, ал ауыл барлық халықтың анасы, тіршіліктің нәрі десек болады.
Әрбір ұлттың түп-тамыры ауылдан бастау алады. Қазақ халқындағы «Ауыл түбі -бірлік, қауым түбі-тірлік», «Ауылдың амандығы-елдің амандығы» деген мақалдар ауылдың этникалықэкономикалық және рухани маңыздылығын білдіреді. Жалпы қазақ даласындағы ауылдарды алсақ әрбір дәстүрлі қазақ ауылы  бір атадан тараған ру мүшелерінен тұрды. Ауыл ішінде негізінен некелік қатынастарға тыйым салынған. Тек көрші ауылдармен яғни басқа ру өкілдерімен некелік қарым-қатынас құруға рұқсат болған. Осындай некелік қарым-қатынас ауылдарды жақындастырып, туыс еткізді. Ауылдың әлеуметтік құрылымы батыстық тұрғыдан қаралып жүрген тап, феодал, шаруа тәрізді ұғымдарға сәйкес. Біріншіден, рулық-ауылдық қоғамда отырықшы мәдениеттердегідей жерге деген жеке меншік дамымаған. Ол рудың меншігі болып есептелген. Бай ауылдастардың малы да бүкіл ауыл мүшелерінің игілігі ретінде табыс көзіне айналған. Тіпті, басқа ауылдан түскен қалыңдық та бүкіл ауылдың келіні болып IXесептелген. Әмеңгерлік, жесір дауы сияқты әлеуметтік құбылыстардың да тамыры осында. Екіншіден, ауылдар арасындағы әр түрлі қайшылықтар мен күрделі мәселелерді ауылдың беделді адамдары — ақсақалдар мен билер реттеп отырған. Әдетте, қазақ ауылдарында 10 — 20-ға дейін үйлер болған. Әрбір ауыл көшпелі мектеп, жалдамалы молда (кейінірек мұғалім) ұстаған, кілем, алаша, шекпен т.б. тоқитын, үйшілік, зергерлік, ұсталық ететін қолөнершілер болған. Ауыл ән мен күйдің, өлең мен жырдың, ақындар айтысы мен шешендер сайысының орталығы болып, ұлттық дәстүрдің тоғысқан жері, халық өнерінің нағыз бастауы болды. Бірақ ауылдың басты міндеті ол мал шаруашылығын дамыту болды. Ауылдың көшіп-қонудағы басты мақсаты да сол малды тойындыру мен басын көбейту еді.

Алайда, табиғи апаттар (қуаңшылық, жұт, індеттер), әлеуметтік және саяси аласапыран оқиғалар, сонымен қатар XIX ғасырдан бастап қалыптасқан жаңа жағдай қазақтың ауылдық типін күйзеліске ұшыратқаны белгілі. Ол батыстық (ресейлік) қысымға шыдай алмады. Осының нәтижесінде тозу, қақтығыс, мәдени дағдарыс көріністері ауылдық-тектік қоғамды жайлай бастады. Әкімшілік реформаның нәтижесінде қазақ жеріндегі ауылдық басқару болыстық жүйемен алмастырылды. Қазақ ауылдары отарлық саясат тұрғысында мал өнімдерін өндіретін шикізаттық ұжымдарға айналды. Кеңес өкіметінің кезінде көшпелі ауылдарды жаппай отырықшылыққа бейімдеп колхоз, совхоздарға біріктірді. Бұл қазақ ҚР ауылдарын орыстандыру саясатының басы еді.  Ауылдарда жер, егін, мал шаруашылығы жақсы дамығанымен қазақ ауылдарына орыстың  ғұламаларының есімдері берілді. Мысалы: Алексеевка, Андреевка, Бурный, Чапаев, Самсоновка, Лугавой т.б.

Ауылдың қаладан айырмашылығы тұрғындарының орналасу тығыздығы төмен және саны аз. Қаламен салыстырғанда ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылу дәрежесі төмен, бірақ кәсіп пен тұрмыстың мазмұндық бірлігі жоғары, еңбек ету жағдайлары ауыр, инфрақұрылымы нашар дамыған. Ауылдағы жанұялар әлеуметтік және ұлттық жағынан біртекті болып келеді. Әлеуметтік бақылау дәрежесі қаламен салыстырғанда жоғары, себебі адамдардың өзара қарым-қатынастары әдет-ғұрыптарға, салт-дәстүрлерге қатаң негізделген.

Еліміз егемендік алып, аяғынан жаңадан тұрған кезде яғни 90 жылдардың басындағы экономиканың күйреуі, өнеркәсіп орындарының жабылуы, жұмыссыздық мәселелері де ауыл экономикасына әсерін тигізбей қоймады. Сонымен қатар жаңа нарықтық экономиканың ірге тебуіне байланысты ауыл тұрғындарының қалаға көшуінің салдарынан ауылдар саны азайды. Жылдан жылға ауыл халқының азаюы дағдарыс па, әлде даму ма деген сұрақ туындайды.

2019 жылдың мәліметіне сәйкес ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдің хабарлауынша 6443 ауылда 7,7 миллион адам тұрады екен.(ол ел халқының 42 пайызын құрайды.)

Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл – Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылдың 1 сәуіріне дейінгі Бейнеу ауылының халық саны – 53286 адам. Бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша адам саны ең көп ауыл есебінде тіркелген. Бейнеу ауылы 1973 жылдан бастап Маңғыстау облысының Бейнеу ауданының орталығына айналды. Ауылда жалпы орта білім беретін он бір мектеп, он бөбекжай, бір кешкі мектеп, бір өнер мектебі, бір спорт мектебі, жекпе-жек спорт залы, бокс залы, кәсіптік білім беретін екі колледж, жеке қосымша білім беретін бес орталық, бір аурухана бар. Сонымен қатар, ауылда орталық мешіт, орталық кітапхана, мұражай, қазпочта, байланыс үйі, банк бөлімшелері, ауыл шаруашылық кооперативтері, қонақ үйлер, орталық базар, жекеменшік дүкендер, дәмханалар, дәріханалар, ұлутас өндіретін карьерлер, автокөліктерге жанар-жағар май және газ құю бекеттері жұмыс жасайды. Тарихқа көз жүгіртсек бұрынғы «Ұлы Жібек Жолының» бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Бейнеу ауылы – Қазақстанның Орта Азияға шығатын негізгі қақпасы, әрі Маңғыстау облысының киелі мекені.

Ауыл тақырыбын көтере келе өз ауылым туралы жазғым келді. Ауыл десе көзімізге ең бірінші таудың сұлу бейнесі, тап-таза ауа, таудан мөлдіреп аққан өзен, жағасында жайқалып өскен қайың ағаштары мен жайлауда жайылып жүрген малдардың бейнесі келеді. Бәлкім өз ауылымның портретін елестетуім болуы керек. Менің ауылым Алатау ауылы. (бұрынғы атауы Андреевка) Алатау — Жамбыл облысыЖуалы ауданындағы Алатау алқабында орналасқан елді мекен. Бұрын Ресейден қоныс аударған Андреев есімді кулактың атымен аталып келген ауыл.  1992 жылы орналасқан жерінің табиғи-географиялық ерекшелігіне қарай «Алатау» деп қайта аталды. Бұл ауыл бұрын «Бурный» атындағы ұжымшар болатын. 1950 жылдардың соңына қарай «Бурный» әскери кеңшарының құрамына енді. Кеншар тараған соң мұнда жеке шаруа қожалықтары құрылды. Ауыл қазір Қызыларық ауылдық округі құрамына қарайды. Аудан орталығы — Бауыржан Момышұлы ауылынан шығысқа қарай 14 км-дей жерде орналасқан. 2009 жылғы халық санағы бойынша ауыл тұрғыны 400-ге жуық адам. Бұл ауыл әкемнің туып өскен жері, яғни менің ата-бабамның шыққан жері. Әр адам үшін туған мекені ыстық, баға жетпес киелі жер. Сол сияқты менде өз өңірімнің табиғатымен, осы жерден шыққан қазаққа  әйгілі тұлғаларымен мақтан тұтамын. Қазақ халқының, әрі Совет Одағының батыры Бауыржан Момышұлы, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, ҚР ІІМ-нің генералы Бақытжан Ертаев, жазушы әрі журналист Карим Баялиев т.б сияқты атақты тұлғалар шыққан жер.

«Қазақтың кең байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен», «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер» деп Елбасы Н.Ә. Назарбаев та бекер айтпаған. Елбасының ауылды көтеруге бай­ла­нысты көтерген бастамаларын қо­ғам­ның барлық деңгейінде жаңғыртып, халықтың санасына жеткізу парыз. Бү­кіл қазақстандықтарды ауыл пробле­масына көңіл аударту арқылы мем­лекеттік беріктігімізді де күшейте түсеміз. Ол үшін «ауылдың өркендеуі – мем­лекеттің өркендеуі» деген егіз ұғым екенін естен шығармағанымыз абзал. Елбасы тарапынан республика жастарына ауылдық квота мен ауылға қажет түрлі мамандықтарға оқу гранттарының көптеп берілуі – «Дип­ломмен – ауылға!» жобасын нақты қол­даудың қайталанбас үлгісі деп қабыл­даймыз. Өйткені, респуб­лика жастарына мектепте білім ала жүріп өзінің болашақ мамандық алатын оқу орны мен ауылда қызмет істейтін мекемесіне дейін білуі қамтылады. Президенттің бұл бас­тамасы қоғамдағы жастардың ерте жастан әлеу­меттенуін еліміз бойынша алғашқы жү­зеге асырушы жаңа үдеріске негіз болды.

Ауыл деген береке десем артық кетпеспін. Үйлердің баулары бау емес, орман-тоғайдай. Жемістері қашан көрсең самсап пісіп, жерге домалайды да жатады. Көкөністер де молынан піседі. Тіпті үйге арнайы азық-түлік алып келудің еш қажеті жоқтай. Ауылдағы үйден құрт, май, ірімшік, айран, сүт жыл бойы үзілмейді. Ет десең ет, ақ десең ақ молынан табылады. Иа шіркін! Осыны қазіргі біз жастар түсінбейміз. Заман ағымына сай барлығымыз қалада өмір сүргіміз келеді. Қаланың күнделікті өмірі, қозғалысы бізді құшағына алып, баурап әкететіндей. Бірақ біздің еліміз үшін ауылдың орны бөлек екенін ұмытпауымыз керек. Ауыл – біздің алтын бесігіміз! Ауыл – ол алтын тамыр! Әрбір мен қазақпын деген азамат алтын тамырымыздан қол үзбеген абзал. Себебі ауыл тарихы ол ел тарихы!

Дереккөздер

1.https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/3436

2.https://www.oinet.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=38&id=14311 3.https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/Qazaqstanym/3766

  1. Ауыл жыры. Балашбек Шағырұлы. https://kitap.kz/book/auyl-zhyry

5.Ауыл. Бейімбет Майлин. https://kitap.kz/book/auil-konsilar

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.