Нажмиддинова Жансулув Хошимовна,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
М.Әуезов атындағы №33 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Иә, ащы ақиқат, әлемді жайлаған коронавирус індеті көптеген елдерге зиянын тигізді. Сондықтан да халықты пандемиядан құтқару мақсатында біршама мемлекеттерде төтенше жағдайлар жарияланды. Біздің еліміз де дер кезінде оңтайлы шешімдер қабылдап, қашықтан оқу жүзеге асырылды.
Міне, биыл да карантиндік шаралар жалғасын тауып келеді. Оның ішінде білім беру мекемелері, яғни мектептердің барлығы дерлік қашықтан оқу жүйесіне көшті.
Ал, 2020 жылы елімізде төтенше жағдай жарияланысымен барлық білім беру мекемелері дер кезінде жан-жақты білімді қашықтан оқытып келді. Осы орайда ЖОО мен колледж студенттері интернет желісін пайдаланып, күрделі бағдарламаларды компьютерлеріне жүктеп оқыса, мектеп оқушылары жеңілдетілген әдіс-тәсілдерге көшті. Осындай қиын-қыстау кезеңде ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов БАҚ арқылы мұғалімдерге, оқушыларға, ата-аналарға сенім білдіріп, қолдау көрсетті. Емтихан мен тиісті сынақтардың да қалай өтетіндігі туралы ақпараттарды өз уақытында таратты. Тағы бір ерекше атап кететініміз, барлық облыстардың аудандарында арнайы call-орталықтар ашылып, қажетті ақпараттар мен туындаған мәселелер бойынша сұрақтарға дер кезінде жауап алуға мүмкіндік туды. Яғни аз ғана уақыттың ішінде қашықтан білім беруге жан-жақты жағдайлар жасалды. Халықаралық тәжірибеге сүйеніп, өзімізге ыңғайлы тәсілдер арқылы балалар жүйелі білім алып отыр. Мысалы, «Balapan» және «Ел-Арна» телеарналарында 1-11 сыныптар оқушыларына қазақ және орыс тілдерінде тиісті бейнесабақтар аптаның 5 күнінде түсіндіріліп, бала мен ата-ана арасындағы байланыс күшейді. Осы орайда ұстаздар үштік одақпен тиімді жұмыс жасап, смартфондағы ватсап желісі арқылы балалармен, ата-аналармен қарым-қатынас жасауда. Көп балалы ата-аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ноутбуктер, компьютерлер берілді. Өзімнің жұмыс жасайтын білім мекемесінде де, яғни Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы мектепте де жоғарыда көрсетілген игі бастамалар дер кезінде атқарылып, шәкірттерімізбен ватсап желісі арқылы байланыс орнаттық. Пандемия кезеңіндегі оқу үдерісін уақытша ұйымдастыруда «Kundelik.kz», «Daryn.online», «Bilimland», «Google Class Room» секілді интернет платформалары мұғалімнің жұмысын жеңілдетті. Әлі де осы бағдарламаларға сүйеніп бала оқытып келеміз.
Қорыта айтқанда, біздің жаңа жолымызда көптеген қиындықтар кездескенімен, оқу мен оқытуда тың ақпараттарымыз жетерлік. Біз барлықтарыңызға төзім, қыр-сырлы ізденіс және сенім тілейміз.