Home » Мақалалар » Жыраулар поэзиясы ұлттық философияның тұғыры.

Жыраулар поэзиясы ұлттық философияның тұғыры.

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ 2 курс магистранты
Алтынбаева Раушан.

www.kaznu.kz

Түркі тайпалары негізінде қалыптасқан халықтардың бірі қазақтар ерте заманнан ауыз әдебиеті жақсы дамып, өзге халықтан ерекше, рухани бай мұра қалдырды. Осы рухани мұра қазақ халқының тарихының құрамдас бөлігінің бірі. Демек, қазақ ойшылдарының дүниетанымын зерделеу өзіміздің тарихымызды дұрыс әрі жетік түсінуге жеткізеді. Ал енді өзіміздің төл философиямызды қай уақыттан бастаймыз деген сауалға академик Ғ.Есім: «Егер қазақ философиясын қазақ этносымен, қазақ хандығымен, қазақ тарихымен байланысты қарастырсақ, біз XVғ тоқтаймыз, өйткені осы ғасырда Керей мен Жәнібек хандық құрып, Қазақ елі деген ұғым бекіді, ал ел болған жерде елдік сана қалыптаса бастады, — деп тұжырымдайды. Демек, қазақ халқының ұлттық философиясы осы кезеңнен бастау алады дегенге толықтай келісуге болады. Ал өзіміздің ұлттық философиямызды академик Ғ.Есім Асан қайғы дүниетанымынан бастайды. «Көшпелілер философы» атанған Асан Сәбитұлы XIV-XVғ.ғ. түрлі хандықтар арасында талас-тартыстар орын алып, Қазақ хандығы кезінде өмір сүрген. Сондықтан оның жырларының негізі осы хандықты құру, елдің бірлігін насихаттау, Жер-ұйық мәселелері мен халықтың бақыты еді. Елдің бақытты ғұмыр кешуі үшін ең басты мәселе ол жақсы жер деп түсінген Асан желмаясына мініп алып, Жер-ұйықты іздеумен болды. Ол Қаратау, Сыр бойы, Шу, Торғай, Есіл, Қарқаралы, Алатау секілді жер-жерді аралап, әр жерге мінездеме берген. Мақсаты шұрайлы шөбі бар, жанға жайлы құтты қонысқа халқын көшіру:

Өзің Жәнібек,

Елден асқан батырсың!

Тіл алсақ іздеп, қоныс көр.

Жел мая мініп, жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшер, —  деп жырлаған Асан қайғы.

Асанға қайғы деген сөздің таңылуы өзінің қара басы емес, өз заманының құбылыстарын тілге тиек етіп, халқының қамын жеген қайғы еді. Сол сияқты Қазтуған жырау да «қайран менің Еділім» – деп еңіреген. Осы секілді ойлар қазақтың жыраулық поэзиясында көптеп кездеседі. Жыраулар мұрасы қазақ философиясында ерекше орынға ие.  XV-XVIII ғ.ғ аралығында қалыптасыптасқан жыраулар  қазақ халқының болмысына тән шешендік пен даналықты қамтыған. Қарапайым халықтан ханға дейін қазақтың данагөйі, қорғанышы, қолбасшысы болған, қазақ халқының ұлт болып қалыптасуындағы алып тұлғалар екендігінде ешбір дау жоқ. Сол хандық дәуірдің тамаша ойшыл жыраулары: Қазтуған Сүйінішұлы, Сыпыра Сұрғалтайұлы, Доспамбет жырау, Шалкиіз Тіленішұлы, Марғасқа жырау, Жиембет жырау, Ақтамберді жырау, Есет жырау, Метай жырау, Бұхар жырау, Жанкісі жырау, Қобыланды жырау.

Қазақ ойшылдары халықтың басынан кешкен көптеген ұлт азаттық қозғалыстарда халықтың мұңын, адамгершілік қағидаларын, діни дүниетанымын, әділдік, еркіндік идеяларын, салт-дәстүрін ерекше шешендікпен бейнелеген. Хандар, жыраулар мен ақындар, батырлар, билер өздерінің өмір сүрген заманының құбылыстарын айтып, халыққа сүйеніш болған.

«Қазақ халқының философиялық ой-пікірінің ерекшелігі – оның данышпандықты жоғары бағалағандығы, ойшылдығы, инабаттылығы мен қайырымдылығы, кеңпейілділігі мен кешірімшілігі», – дейді Д.Кішібеков.

Қазақ ақын жырауларының туындылары, негізінен, көшпелілер болмысы, адам, қоғам, ел, жер, сол кездегі әлеуметтік жағдайларға, адамгершілік, батырлық мәселелеріне байланысты туындаған ой толғаныстар.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.