Түркістан облысы, Түркістан қаласы,
«Өзбекәлі Жәнібеков атындағы
№27 ІТ-мектеп-лицейі» мемлекеттік
коммуналдық мекемесінің директордың
бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары
Кадырбаева Гүлнар Пернебековна
2020-2021 оқу жылында мектеп оқушыларының білім сапасын және пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында сыныптарға «ІТ-лицей» сағаттары информатика, физика, математика пәндері бойынша бекітілді.
Мектепте 3-11 сыныптар арасында төмендегі 17 сынып «ІТ-лицей» сыныбы болып бекітілді. Қаңтар айында «Бүкіл әлем сөйлейді, нақты ғылым тілінде» атты жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша лицей сыныптар апталығы өтілді.
Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл — парасаты мол, мәдени — ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеу. Бұл біздің қоғам алдындағы борышымыз. Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән.
Әрбір жеке тұлғаның болашағы өз мектебінде шыңдалады. Ертең осы елге ие болып тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін — білім», — деп ұлы жазушымыз М. Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Мектептегі білім — барша әлем тыныс – тіршілігінің алғашқы іргетасы.
Мектебімізде 25 қаңтар – 30 қаңтар аралығында «Бүкіл әлем сөйлейді, нақты ғылым тілінде»,- атты мектепішілік лицей сыныптар апталық болып өтті. Апталыққа физика, информатика, математика пәндері бойынша тереңдетіліп оқытылатын лицей сыныптар қатысты.
Лицей сыныптар апталықты өткізудегі мақсат: пән мұғалімдерінің дарынды балалармен жүргізетін жұмыстарына қолдау көрсете отырып, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жоғарлату.
Директордың бейінді оқу ісі жөніндегі орынбасары Кадырбаева Гүлнар апайдың ұйымдастыруымен жоспармен таныстыру мақсатында алғашқы күні апталықтың ашылу салтанатты кеші өткізілді. Апталық барысында математика, физика, информатика пәндері бойынша ашық сабақтар, интеллектуалды сайыстар, тәжірибе жұмыстары, көрмелер, конференциялар, кештер өткізілетінін хабардар етті. Мектеп тынысынан видеороликтер, апталық дайындықтарынан слайд шоулар көрсетілді. Кеш өте қызықты, жоғарғы деңгейде өттілді.
Кабинеттер безендіріліп, бұрыштар жасалды. Бұрышта информатика, математика, физика пәндерінің сабаққа қолданатын көрнекі құралдары ретінде компьютер жабдықтары бөлшектеніп көрсетіліп, олардың аттары үш тілде таныстырылды. Мектеп фойесінде безендірулер мен көрме ұйымдастырылды. Мектеп мұғалімдерінің тынымсыз еңбегінің арқасында оқушыларымыз белсене қатысқан көрме апталығымыздың шырайын аша түсті. Көрмеге үлкен дайындықпен келген оқушылар өз жобаларымен таныстырды.
Апталық барысында ашық сабақтар өткізілді. Оқушылардың бойында білімге деген қажеттілікті сезіну, білім алу үшін өз бетінше іздену, жаңашылдыққа ұмтылу қасиеттерін тәрбиелеу- сабақта ғана емес, сыныптан тыс жұмыстарда да жүзеге асырылуы керек. Компьютерлік сауаттылығы жоғары әрі ойлау қабілеті дамыған бала ғана ғылым мен техника тілін табысты меңгере алады. Әр баланың жеке бір ғылымға деген қабілетін ескере отырып оқыту, оны дамытудың барлық мәселелерін шешетін дайын әрі керемет әдістеме болуы мүмкін емес. Негізінен оқушылардың білім сапа көрсеткішінің деңгейін бақылау мақсатында сынақ жұмыстары алынып, сараптама жасалды, ол пәннің берілуін арнайы бақылау болды. Сабаққа бірлестік мұғалімдері қатысып талдау жасады. Сабақта толық жоспар жүзеге асырылып, мақсатына жетті, қатысушы ұстаздардың көңілінен шықты.
Информатика, математика, физика пәні бойынша 5-11 сыныптар аралығында метепішілік пәндік олимпиадасы өтті. Олимпиадада 2 сағат ішінде орындауға тапсырмалар берілді. Жеңімпаздар анықталып, марапатталды.
«Жас информатиктер» интеллектуалдық ойыны да жақсы деңгейде өтті. Ойын 4-сыныптар аралығында өткізілді. Ойынға 8 оқушы қатысты. Қатысқан оқушылар туралы мәліметтер алдын ала алынған анкета арқылы таныстырылды. Ойын 3 кезеңнен тұрды. Кезең сайын 3 оқушы ойыннан шығарылып отырды. Соңғы кезеңде қалған 3 оқушының біреуі үздік шығып,
жеңімпаз атанды.
Бекітілген жоспар бойынша барлық іс-шаралар мезгілінде жүргізілді. Апта бойы оқушылар жоспардағы іс-шараларға белсене араласты және қызығушылықпен қатысты.
Өткізілген іс-шаралар барысында белсене қатысқан оқушыларды марапаттап сыйлықтар табысталды. Соңғы күні апталықтың қорытындысы, яғни жабылуы өткізілді. Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Осы ұлы жолда үлкен жетістіктерге жетіп, биік шыңнан көрінулеріңізге тілектеспін.