«Бақыт» концептісінің мағынасы қазақ халқының дүниетанымында жақсылыққа кенелу, шат-шадыман өмір сүру, мерейі үстем болу, ырысты болу, дәуірі жүру, тасы өрге домалау т.б. ізгі қасиеттерді адам баласының басынан өткеруі деген түсінікпен беріледі. Адам баласы өмір бойы бақытты болмауы мүмкін, бірақ оның бақытты сәттері көп болуы мүмкін. Қазақ халқының дүниетамында берекелі отбасы, қажырлы да қайратты еңбек, ұрпақ өрбіту, деннің саулығы, малының амандығы т.б. бақытты өмір сүрудің кепілі болған. Сол себепті де «бақыт» концептісімен тіркескен мол фразеологиялық тіркестер, бата-тілектер, мақал-мәтелдер халықтың дәстүрі, діні, тілі, салтымен біте қайнасып, оның дүниетанымы мен ұлттық ойлауын білдіреді. Тіліміздегі «бақыт» концептісі қазақ халқының сан ғасырлық өмір тәжірибесінің сүзгісінен өтіп, ғаламдық дәрежедегі концептіге ие болады.
Ортағасырлық түркілік діни философиясындағы бақыт ұғымы ырыс, береке түсініктерімен қатар, «құт» сөзі арқылы білдіріледі», — дейді ғалым өз еңбегінде [1]. «Құт» сөзі мен ұғымының Орталық Азиялық мәдениеттегі ең көне әрі негізгі екендігін ескеру керек. Сол себепті Махмуд Қашқари «Сөздігінде» оны ешқандай тәржімесіз береді: «Құт – құт, бақ-дәулет». М.Қашқариде «құт» — бақыт сөзінің тек бір қырын ғана ашып отырғандығы, бірақ оны тек Тәңірі беретіндігі айтылады [1].
Түркілік дүниетанымдағы бұл түсініктің тағы бір қырын ортағасырлық ойшыл Жүсіп Баласағұнның «Құтты білікке» жазылған алғысөзінен көруге болады. Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» шығармасында бақыт ұғымын кісілік қағидасы арқылы жеткізсе, әл-Фарабидің осы ұғымды кемел адам қағидасымен түсіндіретінін білеміз. Адам бақытқа тек таным барысында және соның нәтижесінде ғана жетеді десек, ислам дінінде шынайы бақытқа жетудің жолдары адамзат баласына арнайы түсірілген Құран Кәрімде баян етілген: « Ол – құт-берекенің нағыз қайнар бұлағы. Егер адамдар оның әмірлеріне мойынсұнатын болса, өмірлері нұрланып, тіршіліктерінің берекесі артып, жұрт алдында мерейлері үстем болады. Сөйтіп, өресі жазылып, көңілдері жайланып, фәнилік ғұмырын жұмақтық өмірге айналдырар еді» [1, 18.].
«Құт» сөзінің тек қана рух, жан, бақыт, ырыс, береке мағынасымен қатар, кие мағынасында да қолданылғандығын байқауымыз керек. Қазіргі тілімізде қолданылып жүрген «құт» концептісінің ақпараттық деректері: құтаю – тұрақтану, орнығу; құт-береке – байлық, береке, ырыс; құттыкей – құты қонған адам (жер); құтпан – құт-береке, ырыс, құт: құтпан айғыр – құтты айғыр, байлық басы; құтсыз – құты жоқ, жолы ауыр, қырсық; құтты – құт қонған, берекелі; құттықта – біреуге құтты болсын айту; құтхана – құтты үй, игілікті мекенжай; құты қашты – І. байлығы, бақыты кетті, бірлік-ынтымағы кетті, ІІ. зәресі ұшты, қорықты; құтты болды – ырыс әкелді, ақжолтай болды; құтты жеріне қондырды – күйеуге берді, ұзатты; құтты мекен (қоныс) – бақыт орнаған тұрақ, жайлы мекен; құтын алды – берекесін кетірді, үрейін ұшырды; құты шайқалды – берекесі кетті , бірліктен айырылды. Сонымен, «құт» сөзі көне дәуірлерде адамның рухын, жанын, тәнін және бақ, дәулетін және кие мағынасын білдіріп, бүгінде де мағынасынан көп алшақтамай, береке, байлық, мол қазына мағынасында қолданыс тауып, концептілік мәнге ие болып отыр. Яғни, «құт» — өзінің бойына осындай микроконцептілерді жинақтаған макроконцепт болып табылады. Егер Ж.Баласағұн өмір сүрген заманы ХІ ғасыр десек, бұл кезеңге дейін бақыт сөзі қазақ даласында әлі қолданылмаған. Яғни, бақыт сөзінің орнында таза түркілік «құт» сөзі пайдаланылып келген деген тоқтамға жүгінуге болады. Себебі бақыт сөзі көптеген сөздіктерде араб тілінің сөзі деп беріледі.
Дастандағы құт, бақ-дəулет, бақыт ұғымдарының мəні.
Халқымыз бұл ұғымдарға өте үлкен мəн берген. Жүсіп Баласағұн осы ұғымдар туралы былайша толғанады [2; 194–195]:
Құт-дəулетке жарық көңіл жарасар,
Дана жүрек шыққан күнмен таласар!
«Бақыт қонса, шаңырағыңа күтпеген,
Кішіктікпен, байқап, соңын күт деген.
Бақ та білсең, білікті ерге лайықты,
Өзіңе де, ісіне де байыпты.
Дəулет қона, ақымақ та «зиялы»,
Кісіліктен бөлек, əттең сияғы…
Дəулет қонса ақылдыға, ағайын,
Шуағымен нұрландырар маңайын.
Біліксіздің дəулет артын жабады,
Біліктіге құрметтеп тон жабады.
Ақымаққа қонған бақыт тоналар,
Қалай қонса, солай ұшып жоғалар!
Бұл сөздер мен төркіндес сөз бар тағы,
Асыл сөздер бірін-бірі тартады:
Ақылдыны бақ құрметке бөлейді,
Күн мен түнін кереметке теңейді.
Баласағұнның ойынша, бақ-дəулет, құт оларды қадірлемеген адамның басынан тез ұшып кетеді.
Өмірде тұрақты ештеме жоқ, бəрі өткінші. Ғұлама [2; 111–112]:
Дəулет үркек, ор киікке ұсаған,
Қонса келіп, жөні тас қып тұсап ал!
Тұта білсең, дəулет тозып, безбейді
Қолдан шықса, қайта айналып келмейді!
Сенбе құтқа: келсе, кетіп қалады,
Сенбе баққа: береді һəм алады, —сияқты жолдармен өмірде «болдым, толдым, бақытқа кенелдім» деген тоғышарлық психологиядан əрқашан бойды аулақ салуға шақырады.
Сөйтсе де, ақын құт пен бақыттың адамзат басынан ұшып кетпей, баянды да мəңгі қонуын аңсайды [2; 111]:
Баянды боп жаралса ғой құт деген,
Асыл бақыт сол болар-ау күтпеген.
Ұшпай бақыт, қонса алаңсыз түгелдей,
Мəңгі жайнар, күн көзі де түнермей!
«Құт дарыған елдің адамы қандай?» деген сұраққа Баласағұн былай деп жауап береді: «Құт- бақытқа кенелсем деп тор құрушылар көп. Бірақ ол қасиетті адамға ғана қонады. Құтты іздеген адам жібек мінезді, көңілі таза, тілі майда, жігерлі болып, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге мейірін төксе, араз көңілді тыйып ұстаса, осы қасиеттер — құтты ұстаудың құлып-кісені» [3].
Ғұлама ақын баюдың жолдарын ашып айтпаса да, байлыққа деген өзінің көзқарасын білдірген. Оның пайымдауынша, байлық, алтын-күміс дүниедегі ең қымбат нəрсе емес. Керісінше, ең қымбат нəрсе — ол оқу-білім, ақыл-қанағат, адамгершілік. Сондықтан да Баласағұн алтын, күміске көзі тұнбаған адамды нағыз періштеге балайды [2, 278].
Өмірлік жолдың сәттілігі ретінде бақыт туралы түсінік қоғамдық санада ерте кезден өмір сүреді және кез келген түсінікте, мейлі ол өте тар немесе өте кең мағынада болсын, барлық жағынан концепт болып табылады. Бақыт атауының нақты ішкі формасы бар. Оған деген көзқарастар этномәдени жақтан таңбаланады және бір өркениеттегісінен келесісі ерекшеленеді. Тілдік танымда бақыт этикалық, дүниетанымдық терминге сай үйреншікті (әдеттегі) ұқсастықты береді. Қазақ халқының ұлттық дүниетанымындағы «бақыт» ұғымы концептілік қасиетке ие. Бұл концепт кез-келген этнос тілінде қалыптасқан. Қазақ халқының дүниетанымында, болмысы мен тіршілігінде, оның «ғаламдық бейнесінде» бақыт ұғымы іргелі концептілер қатарына жатады. Бақыт – ұлттың концептуалды дүниетаным әлемін қалыптастыратын маңызды категориялардың бірі.
Жүсіп Баласағұн еңбегінен түсінгеніміздей, бақытты болу үшін өмірімізде болған әрбір сәт үшін шүкіршілік етіп, қуана білуіміз керек. Өмір бақыттан емес, бақытты сәттерден тұрады. Ал оны сезіну үшін құт қону концептісінің көрінісін ұғынуымыз қажет. Адам баласының ниетіне, амалы мен іс-әрекетіне сай Алладан берілетін құтқа асығып, лайық болайық!
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Бижанова М. Ортағасырлық түркі философиясындағы бақыт мәселесі: философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы, 2010. – 23 б.
- Баласағұн Ж. Құтты білік / Көне түркі тілінен ауд. жəне алғы сөзі мен түсінік. жазғ. А.Егеубаев. — Алматы: Жазушы, 1986. — 616 б.
- Қыраубаева А. «Құтты білік» — кемел мемлекеттің құрылымы // Жүсіп Баласағұн (ХІ ғасыр). — Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2013. — № 18 (78). — 10-б.
Алия Асылбекқызы Аймишева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
1 курс магистранты
Жетекшісі: Данат Жанатайұлы
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті