Home » Мақалалар » ЖАРҚЫН ТҰЛҒА

ЖАРҚЫН ТҰЛҒА

Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс академиясы,
Жалпы құрылыс факультеті,
Ажгалиева Бану Аккуановна,
Джумагалиев Талгат Кумаргалиевич

ЖАРҚЫН ТҰЛҒА

Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясының «Жалпы құрылыс» факультетінің академиялық профессоры, ұлағатты ұстаз, сыйлы әріптес, аяулы азамат Асқар Қараұлы Әбішев  тірі болғанда биыл 65 жасқа толады екен.

Бар болғаны 51 жыл ғұмыр кешіп, жалындаған жас шағында өмірден озған бұл жігіт кім еді?

Асқар Қараұлының  қайтыс болғанына 13 жыл уақыт өтсе де, оның есімі ұмытылмайды, себебі, артында жыл өткен сайын қасиеті жаңғырып тұратын елеулі еңбектер қалдырған осы азаматты еске алып, біраз жағдайға көз жүгіртсек артық болмас деп санаймыз.

Асқар Қараұлы Әбішев  1956 жылдың қазан айының 9-шы жұлдызында Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітіргеніне қарамастан еңбек жолын құрылыс учаскесінде тас қалаушыдан бастаған.

Кейін Алматыдағы құрылыс инженерлерін дайындайтын жоғарғы оқу орнына студент болып қабылданып, 1980 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша бітіріп шығады.

Маман ретіндегі алғашқы еңбек жолы Алматыдағы теміржол көлігі инженерлерін дайындайтын иституттан басталып, кейін өзі оқыған Алматы сәулет-құрылыс институтының «Құрылыс материалдары мен конструкцияларының технологиясы» кафедрасына ауысып келеді.

Асқар Қараұлының шынайы еңбек жолы мен төккен тері әрі қарай тек осы оқу орнымен тығыз байланысты болады.

1982-1986 жылдары Мәскеудегі  инженерлік құрылыс институтының аспирантурасында білім алып, оны ойдағыдай аяқтаған соң, өзі ұшқан ұясына қайта оралып, кіші және аға ғылыми қызметкер жұмысын атқарады.

1987 жылы 05.23.05. – «Құрылыс материалдары мен бұйымдары» және 05.23.08. – «Құрылыс технологиясы мен ұйымдастыруы» мамандықтары бойынша техника ғылымдарының кандидаты атағына ізденіс диссертациясын абыроймен қорғап шығады.

Қатардағы қарапайым оқытушылықтан бастап кафедра меңгерушісі, факультет деканына дейінгі  қызмет бабында адал жұмыс атқарды.

Бергенінен берері көп, өте инабатты, биік мәдениетті, ой-өрісі кең, ұрпақ тәрбиесінен тереңнен ойлайтын Асқар Қараұлын сұм ажал 2008 жылы арамыздан алып кетпегенде, оның алатын асуы мен шығар биігі, армандары көп болатын.

Себебі, Асқар Қараұлы, құрылыс саласындағы кәсіби маман ретінде барлық саналы ғұмырын білім беру жүйесіне арнады. Өзінің көпжылдық педагогикалық қызметі кезеңінде шығармашылық ұстаз және тәжірибелі әдіскер ретінде көрсетті.
ҚазБСҚА президенті Ә.А.Құсайынов А.Қ.Әбішевті 50 жыл мерейтойымен құттықтау кезі
Құрылыс мамандығы бойынша дипломдық жоба қорғау. А.Қ.Әбішев мемлекеттік комиссия құрамында.
2000 жылдардан бастап Қазақстан Республикасының  жоғарғы білім беру саласының кредиттік оқу жүйесіне ауысқаны белгілі. Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясының президент-ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Әмірлан Айдарбекұлы Құсайынов осы жүйені алғашқы қолдап, білім беру тәжірибесіне енгізген қайсар ғалымдардың бірі болды. Бұл бұрын бізге таныс емес жаңа тың бастама болатын, сол себепті жан-жақты ізденіп, шетел тәжірибелерімен танысып, оқу жоспарларына түбегейлі өзгерістер енгізуге тура келді. Осы тұста Асқар Қараұлының сіңірген елеулі еңбегі орасан болды.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі бойынша сәулет-құрылыс және дизайн бағытындағы мамандықтардың оқу-әдістемелік бірлестігі Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясының құзырында болғандықтан, тек өзіміз үшін емес, жалпы ел бойынша жауапкершілікті Асқар  Қараұлы айқын сезінді. Оның тікелей басшылығымен жалпы республика бойынша «Құрылыс» мамандығына арналған типтік оқу жоспарлары мен пәндік оқу бағдарламалары қабылданған жаңа тәртіпке сай өңделе бастады. Уақыт тығыз болғандықтан түнгі 2-3-ке дейін қалсақ та, факультет және кафедра мамандарының күшімен тапсырмалар дер кезінде орындалған болатын.

Сол жылдары ғылыми-әдістемелік конференциялар мен семинарлар, дөңгелек үстелдер көптеп өткізілетін. Республика аймағындағы басқа да жоғары оқу орындары өкілдерінің құнды пікірлері тыңдалып, міндетті түрде оқу жоспарларына енгізілетін. Солардың басы-қасынан Асқар Қараұлы табылатын, және біздерге, сол кездегі жас ұстаздарға «бұл тарихи кезең, шама келгенше қате жібермей, уақыт жүгі мен салмағын дұрыс түсініп, кейінгі ұрпақ керекті білімге кенде болмайтындай етіп сенімді атқарыңдар», — деп айтып отыратын. Кафедра оқытушыларына қолдауы, жас ұстаздарға камқорлығы көп болатын, жұмыстан кеш қалуға тура келгенде ыстық тамақтар ұйымдастырып, үйге аман-есен қайтуға барынша жағдай жасайтын.

Ол әрқашан жаңашыл бастамашылығымен, түбегейлі инновациялық өзгерістерге және шығармашылық қызметке дайындығымен, алға айқын мақсат қоя білуімен, оқу ісіндегі негізгі мәселелерді дер кезінде көре білуімен және оларды тиімді шешу жолдарын таба білуімен ерекшеленді. Асқар Қараұлы  көптеген ғылыми еңбектер мен әдістемелік  нұсқаулар жазып кеткен, олардың көпшілігі әлі де өзінің өзектілігін жоғалтпаған әр түрлі тақырыптарға арналған.

Мысалы, А.Қ.Әбішевтің басшылығымен, кафедра оқытушы профессорлары И.З.Қашқынбаев, Ю.А.Мухамедшакиров, Е.Т.Бесимбаев, Т.К.Джумагалиев сияқты тәжірибелі ғалымдармен орындалған, құрылыс мамандығының студенттеріне арналған, 1-ші, 2-ші, 3-ші кәсіби практикаларды жүргізуге арналған бағдарламалар мен әдістемелік нұсқаулар өте құнды еңбек болып саналады және қазіргі заманауи өңдемелерге негіз болып табылады.

Жалпы, Асқар Қараұлының ғылыми тақырыптағы еңбектері мен студенттерге арнап жазған оқулық кітаптары  өте көп, олар академия кітапханасында сенімді сақтаулы,  оқимын-білемін деп ізденген жастарға қол жетімді.

Құрылыс факультетінің бір топ оқытушылары

Студенттермен ғылыми тақырыптағы жұмыс
А.Қ.Әбішевтің ғылыми ізденістері өмірдегі тәжірибесімен тікелей ұштасатын. Оның ғылыми көзқарастары тым жаңашыл болды. Бұрын құрылыс жұмыстары зауытта дайындаған дайын өнімдерді құрастыру арқылы жүргізілгені баршамызға аян, сол кездің өзінде Асқар Қараұлы «Болашақта қрылыс құрастырмалы темірбетоннан  емес, құймалы темірбетоннан болады» деп отыратын. Осы бағытта өзі көп жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасы бойынша монолитті темірбетон жұмыстарын жүргізетін басты үлкен құрылыс компанияларымен шартқа тұрып, студенттердің кәсіби практикасын жүргізу, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізу, суық салқын ауысымдарда қолданылатын жылу беруші қалыптарды зерттеу және монолитті құрылыс жұмыстарына арналған технологиялық карталарды жасақтау жөніндегі атқарған зор еңбектері артында қалды. Осы бағытта мойындалған авторлық куәліктер мен патенттер А.Қ.Әбішевтің ғылыми қуаты зор ізденгіш ғалым екенін айғақтайды. Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді, — деген ұлы Абай сөздері тура осы кісіге айтылғандай.

Осындай елеулі еңбектері нәтижесінде  ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Алматы қаласы  әкімінің Алғыс хатымен, әртүрлі құрылыс компанияларының грамоталарымен, Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшы» медалімен марапатталды.

Асқар Қараұлы Әбішевтің ерен еңбегі өз уақытында бағаланып, ҚазБСҚА-ның бір үлкен аудиториясы осы кісінің атына берілді, мәрмәр тастан ескерткіш тақта орнатылды. Студент жастар арасында артында қалған отбасымен кездесулер ұйымдастырылды.

Өмірден ерте озғанымен артында мол мұра қалдырған Асқар Қараұлы Әбішевтің рухына бас иеміз!

Ұлағатты ұстаз, адамгершілігі мол, сабырлы да ақжарқын мінезді Асқар Қараұлы біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Аяулы азаматтың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!

А.Қ.Әбішевті еске алу мақаласын дайындауға қажетті материалдармен қолдау көрсеткен Қазақ Бас Сәулет-Құрылыс Академиясының құжатпен қамтамасыз ету, мұражай және ғылыми кітапхана бөлімдерінің қызметкерлеріне «Жалпы құрылыс» факультетінің атынан алғыс білдіреміз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.