Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ қоғамында орын алған дауылды сілкіністер мен дүбірлі серпілістер қазақ халқының рухани жылжуына үлкен бөгет болды. Дегенмен әр заманның өз белсенділері, атқа қонар асыл азаматтары болады. Сол заманның, сол қоғамның көшін бастау Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев сынды қазақ зиялыларының еншісіне бұйырыпты. Қазақ руханиятының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың таланты мен мұрасы сан қырлы. Ол ұлт тарихын, оның іргелі оқиғалары мен тұлғаларын зерделей ұлықтауға, өткеннің тәжірибесі мен тағылымын қоғамдық санада ұялатуға мол мұра қалдырған ұлы ақын.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ұйымдастыруымен «Мағжан оқулары– 2021: Ұлы даланың рухани мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті. Конференцияға Қазақстанның, сонымен қатар, Түркияның ғалымдары мен әдебиет сыншылары және қоғам қайраткерлері қатысты.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі Басқарма мүшесінің м.а. Ақмарал Ибраева конференцияға қатысушы қонақтарды құттықтап, М.Жұмабаевтың әлемдік әдебиетке қосқан ерекше үлесін атап өтті. Ақынның мұрасы бүкіл түркі әлемі үшін ерекше құнды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақынның мерейтойына орай Халықаралық Түркі мәдениеті , тіпті 2018 жылды Мағжан Жұмабаев жылы деп жариялаған еді,-деп атап өтті.
Конференцияға сонымен қатар, Стамбул қаласы Стамбул университеті, әдебиет факультеті, «Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері» бөлімінің PhD докторы Ораз Сапашев, Ардахан университетінің «Қазіргі түркі тілдері» кфедрасының профессоры, ф.ғ.д. Байниязов Аябек, Токат Газиосманпаша университетінің «Түркі тілі мен әдебиеті» кафедрасының PhD докторы Әділов Марлен сияқты ғалымдары қатысты.
Конференцияға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірғали Есембеков Мағжан Жұмабаевтың поэтикалық әлемі туралы мағыналы, мазмұнды баяндама оқып, оқырмандардың көңілінен шықты. Ғалым Темірғали Оразғалиұлы «Мағжан поэзиясындағы адамдық мәселелерді ұлтпен үйлестіре білген ақын, Мағжан поэзиясы өркениетке деген ұмтылыс, Мағжан әлемі – фиолсофиялық-эстетикалық күйзелістер әлемі»,- деген сияқты тұжырымдар жасады.
Қорыта айтқанда, Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы жасампаз – поэзия. Қай тақырыпта қалам тербесеңізде ыңғайға келетін, ғылыми талдаудың өзегі болатын көркем дүние. Мағжан Жұмабаев поэзиясы нәзік лирикадан басталып, романтикаға ұласады. Мағжан поэзиясы арқылы болашағымызға көз жүгірте алсақ, кешегі күнімізге қарап, өткен жолдарымыздың қияметтей ауырлықтарын да көре аламыз. Еркіндік пен елдікті аңсаған ақынның өшпес жырлары мәңгіліктің жалауын қайта жақты. Мағжанның артында өзі сенетін елі тұрғанда оның тау тұлғасы мен асыл жырлары ұрпақ есінде мәңгі сақталары сөзсіз.
«BILIM AINASY»
ҚР журналистер одағының мүшесі
Көкбасқызы Жазира,
СҚО