Home » Мақалалар » ӨЗ ІСІН ЖАҚСЫ КӨРІП, ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК АРТҚАН АЗАМАТ

ӨЗ ІСІН ЖАҚСЫ КӨРІП, ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК АРТҚАН АЗАМАТ

Реймова Ақтоты Тәңірбергенқызы,
Құрық ауылы №11 орта мектептің мұғалімі.

Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші адам.

Өмірде сан-салалы, қызығы мен шыжығы жетіп артылатын мамандықтың түрі мыңдап саналады. Әр саланың өзіне тән ерекшелігі өз алдына бөлек дүние. Мысалы: адам жанын арашалаушы дәрігер еммен айналысса, мұғалім оларды оқытып белгілі бір саланың нағыз шебері болуына ықпал ететін жалғыз адам деуге болады. Жұмыр жерді адымдай басқан кез келген азамат, мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдап, аталған саланың ұстыны болуға талпынуы керек. Ағартушылық сала қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары деп айтуға болады. Басқа салалар өздерінің бағыттарын басқа арнаға бұрып, түрленіп жатса да, қаз-қалпында жас ұрпаққа адамгершілік дәнін еккен ұсаздық мамандықтың орны ерек. Ендеше бүгінгі мақала тақырыбына арқау болған кейіпкеріміз, осынау ұлы ұғымдағы мамандыққа барынша адалдық танытып жүрген, саналы ғұмырын мұғалімдік салаға арнаған мектебіміздің педагогы Бердібек Жұмағалиұлы туралы болмақ.

Аспан асты мұражай саналатын елді мекенде жарық дүниеге келіп, қарапайым шару отбасында дүниеге келген Бердібек Жұмағалиұлы, мектеп табалдырығында өзінің қырағылығымен ерекшеленген. Өмір жолына қарайтын болсақ, Ақтау қаласындағы белді оқулардың бірі «Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде» білім алған. 2012 жылы оқуды бітіріп, еңбекке араласып кетеді. «Құрық орта мектеп-гимназиясында» физика пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп жүріп, қоғамдық жұмыстардан бой көрсетіп, түрлі марапаттарға ие болып жүргенін әріптестері де айтудан жалыққан емес.  Қазіргі таңда «Құрық ауылының №11 орта мектебінде» директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жемісті еңбек етіп, мектептің тәрбие саласына оң үлесін қосуда. Жауапкершілігі қиын бағытты мойына артқан кейіпкеріміздің, шығармашылық саладағы жетістіктері де жетерлік. Шәкірттері физика пәні бойынша аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ұстаз төңірегінде халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”деген екен. Олай болса, өз ісін жетік білетін, кез келген жаңалықты тайсалмай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, қазақ баласының сауатты болуына ықпал етуде Бердібек Жұмағалиұлының жөні де, орны да бөлек. Саналы азаматтарды тәрбиелеп, дара тұлғаларды өсіріп, ел дамуына үлес қоса беріңіз деген тілектестік білдіреміз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.