Home » Мақалалар » К.Сыздықовтың Әуезовтануға қосқан ізденісі

К.Сыздықовтың Әуезовтануға қосқан ізденісі

Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚФ
«Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты»
Жаратылыстану және гуманитарлық пәндерді оқыту әдістемесі  кафедрасының аға оқытушысы А.Болсынбаева

 

М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы мақала, зерттеу еңбектер күні бүгінге дейін үздіксіз жазылып келеді. Қаламгердің 1917 жылы «Қазақтың өзгеше мінездері» деген тырнақ алды мақаласы мен «Еңлік-Кебек» пьесасының қолжазба күйіндегі нұсқасы алғаш рет қойылған болса, дәл сол жылдары баспасөз беттерінде ол туралы әртүрлі талдау, сыни еңбектер де жарияланған болатын. Содан бері М.Әуезов туралы қазақтың әдебиет, мәдениет саласындағы зиялылары, дүние жүзінің көрнекті қоғам қайраткерлері арнайы мақала, зерттеулерін жазды.

Сондай зерттеу еңбектердің бірі – Керімбек Сыздықовтың «Мұхтартанудың беймәлім беттері» деген монографиясы.

1997 жылы К.Сыздықов «Мұхтар Әуезов еңбектеріндегі әдебиеттану мәселелері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Осы жылы сол докторлық диссертациясын жинақтап, сұрыптап Мұхтар Әуезовтің туғанына жүз жыл толуы қарсаңында республикалық «Қазақстан» баспасынан «Мұхтартанудың беймәлім беттері» деген кітабын шығарды. Зерттеуші, ғалым К.Сыздықовтың бұл еңбегі әуезовтануға қосылған тың ізденіс, жаңа пайымдаулар мен ұзақ жылдар бойы жүргізген ғылыми еңбегінің қорытындысы.

Негізінен бұл монографиялық еңбек М.Әуезовтің осы бір биік еңселі, терең мағыналы творчестволық арнасының қыр-сыры туралы ой-толғамдары, қалың жұртшылыққа беймәлім болып келген өмірі мен шығармашылығының кей тұстарын айқындап ашуға бағытталған. Әрине, М.Әуезов жайлы күні бүгінге дейінгі жазылған еңбектердің көпшілігінде оның ғылыми зерттеулері әртүрлі деңгейде сөз болғаны белгілі. Оның ауыз әдебиеті жайлы, Абайтануға арналған еңбектері, орыс әдебиеті туралы жазылған сыни мақалалары өз алдына жеке-жеке зерттеуге негіз болды. Ал, Сыздықов Керімбектің «Мұхтартанудың беймәлім беттері» атты еңбегінде аталған мәселелер де белгілі мөлшерде сөз болғанымен, қайталау түрінде емес, мүмкіндігінше басқа қырынан, басқаша тұрғыдан, осы бүгінгі заман талабына, тәуелсіздік тұрғысынан талданған. Ғалым бұған дейінгі зерттеулеріндегі ойларын қайталамай кеңітіп, оларды осы еңбекте біріктіру арқылы жаңа тың пайымдармен байыта түскен.

Бұл монографиялық еңбек төрт тараудан тұрады. «М.Әуезовтің өмірі мен творчествосының беймәлім беттері» деп аталатын бірінші тарауда жазушының ата-тегіне, балалық шағына қатысты Т.Жұртбай, Д.Досжанов, К.Оразалиннің еңбектерімен бірге мұражай қорының, Алматы, Семей, Ташкент, Мәскеу, Санкт-Петербург архивтеріндегі деректерді зерделеген. Сондай-ақ ерте кезде шыққан газет-журнал, басылымдарда жарияланған мағлұматтар негізінде қаламгердің өмірі мен шығармашылығының көпшілікке  жете танылмай келген кейбір сәттерін айқындап, жүйелеп, салыстырулар жасау арқылы  нақтылай түскен. К.Сыздықов М.Әуезовтің бірқатар өмірбаяндық деректерін айқындаумен қатар, жаңалықтар қосып ғылыми тұрғыдан жүйелеп, кейбір мәліметтерді, яғни жазушының семинарияда оқуы, қоғамдық қызметке араласуы, ең алғаш жазған мақалалары жайында тың ізденістерді саралап берген. М.Әуезовтің алғашқы және кейінгі жазған ғылыми сын зерттеу еңбектерін тұтастай қамтып, өзара сабақтастық, ерекшелік сипатын ашып тануға  көңіл бөлген. Жазушы өмір кешкен тарихи кезеңнің ерекшеліктеріне сай алғашқы ғылыми публицистикалық еңбектерін қарастырып, оның қоғамдық көзқарасының қалыптасу жолдарын айқындаған. Осы кітапта кеңінен пайдаланылған М.Әуезовтің қолжазба қорындағы мұрағат деректері жазушының елу томдық академиялық басылымына енді («Өз жайымнан мағлұмат». М.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағы. 3 том. А., Ғылым, 1998.; 1953, 1958, 1959 жылдары жазылған өмірбаяны. М.Әуезов шығармаларының елу томдық толық жинағы. 46 том. А., Жібек жолы. 2010. ).

«Әдебиеттанудағы алғашқы ізденістер» деген екінші тарауда М.Әуезовтің әдебиет тарихының сынына, теориясына қатысты мақалаларын тақырыптық тұрғыдан, мазмұндық, көркемдік ерекшеліктеріне қарай топтастырып, жіктеп қарастырған. Оқырман жұртшылыққа беймәлім болып келген «Екеу», «Қоңыр» сияқты бүркеніш атпен жарияланған мақалаларын қарастырып, оған талдау жасау арқылы М.Әуезовтің осы еңбектеріндегі алғашқы ізденістерін ашып көрсеткен.

«Әдебиет тарихын жасау жолында» деген үшінші тарау «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры», «Зар заман ақындары» деген бөлімдерден тұрады. Аталмыш бөлімдерде К.Сыздықов М.Әуезовтің 1927 жылы шыққан «Әдебиет тарихы» кітабындағы ауыз әдебиетіне қатысты тарауларын талдап, кейінгі жазылған зерттеулердегі ой-пікірлермен салыстыра отырып, жүйелі қорытындылар жасаған. Сонымен қатар бұл тарауда М.Әуезовтің Абай Құнанбаев жайлы жазған зерттеу, зерделеу еңбектеріне қысқаша тоқталып өтеді. Автор бұл саланың күрделі, тарихи, танымдық қадір-қасиеті терең тақырып екенін атап өтумен қатар, әлі де зерттеу қажет екенін көрсеткен.

«Әдебиеттің теориялық мәселелері жайлы толғамдар» деген төртінші тарауы «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Үлкен прозасыз үлкен әдебиет жоқ», «Драматургияның заңы туралы кейбір ойлар», «Дәстүр мен жаңашылдық жайында», «Сын – шын болсын, шын – сын болсын» деген бөлімдерден тұрады. Бұл тарауда автор М.Әуезовтің поэзия жанры және оның басты өкілдерінің творчестволық ерекшеліктері, проза жанры мен оның кең көлемді түрі романның теориялық сыр сипаты туралы, әдеби тілдің, көркем шығарма тілінің өзіндік ерекшеліктері жайында, драматургияның теориялық мәселелері, театр өнері мен кино өнерінің өзара байланыстары мен дара қасиеттері жайлы, әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық, әдебиеттердің өзара байланысы мен оның басты құрамдас бөлігі саналатын көркем аударманың теориялық мәселелері жайлы еңбектерін  талдап, көркемдік ізденістерін, еңбектерінің қоғамдық мән-мағынасын саралап берген.

Қорытынды орнына «Ұстаздық еткен жалықпас…» деген тақырыптағы соңғы бөлім берілген. Бұл жерде монография авторы М.Әуезовтің  ғалымдығы мен ұстаздығының ара жігін ажырату мүмкін еместігін айта келіп, ұстаздық қызметіне арнайы тоқталып өткен.  Жазушының Семейден бастап, САГУ, ҚазПИ, ҚазГУ, МГУ-де ұстаздық етіп, оқу-ағарту саласына арнап жазған ғылыми-методикалық еңбектері мен оқулық кітаптарының маңыздылығын, ерекшеліктерін, лекторлық шеберлігі жайында қызықты да маңызды деректер келтірген.

Осы монографияда айтылған кей ойларын саралап, ой елегінен өткізіп «Дала данышпаны» (Егемен Қазақстан. 1997. 27 қыркүйек), «М.Әуезов өмірбаянының беймәлім сәттері» (Абай. 1997. №23 118-122-бб), «Мұхтар Әуезов және «Абай» журналы: 1917-1918ж. шыққан журналдағы қызметі, онда жарияланған мақалалары» (Абай. 1996. №3), «Өмір шындығы және «Жаңа заман» (Қазақ әдебиеті, 1997. 3 маусым), «Ұлы өмірдің беймәлім сәттері» (Абай. 1997. №23)  деген атпен баспасөз бетінде бірнеше мақалаларын жариялаған.

Бұдан басқа К.Сыздықовтың әуезовтануға қатысты жазған бірнеше еңбектері бар. Солардың бірі 1973 жылы «Ғылым» баспасынан «Мұхтар Әуезов – әдебиет сыншысы» деген атпен жарыққа шыққан кітабы (1969 жылы «М.Әуезовтің әдеби сын мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, соны монография етіп шығарған).

Кітап «Жазушы – сыншы» деген кіріспе мен «Ізденіс жылдары, өсу жолдары», «Өрелі ойлар өрісі» деп аталатын екі тараудан тұрады. Бұл еңбекте автор негізінен М.Әуезовтің жиырмасыншы жылдары жазылған әңгіме, повестері мен пьесаларында өткен өмір көріністерін жаңаша көзқарас тұрғысынан, жаңа дәуір талабына сай суреттегенін, азапты тұрмыстың күйкі құбылыстарын, қайшылықтарын саралап, талдаулар жасаған. «Қорғансыздың күні», «Жетім» әңгімелеріндегі өмір қайшылықтары мен шыншылдығы «Қараш-Қараш оқиғасы» атты көлемді шығармасында жаңа бір сатыға көтеріліп жетіле түсті. Ондағы Бақтығұлдың алғашқы әңгімелердегі Ғазиза, Қасымдардай өмір ауыртпалығына өзін-өзі өлімге қию арқылы қарсылық етіп қоймай, әділетсіз ортаға саналы түрде қарсылық көрсетуін сөз еткен. Сол арқылы оның жан дүниесіндегі өзгеріс-өсулерді, олардың қоғамдық-әлеуметтік, философиялық астар-мәнін ашумен қатар М.Әуезовтің де шығармашылық өсу жолдарын көрсеткен.

Сонымен қатар К.Сыздықов жазушының жиырмасыншы жылдардағы «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» атты пьесалары, «Кім кінәлі?», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде» әңгімелері мен «Адамдық негізі – әйел» мақаласындағы әйел теңcіздігі мәселесіне үлкен әлеуметтік ғылыми-философиялық мән беріп, оған қоғамдық даму тұрғысынан қарағандығын саралап зерделеген.

М.Әуезовтің сол жылдардағы «Қайсысын қолданамыз?», «Ғылым тілі», «Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Философия жайынан», «Мәдениет һәм ұлт», «Қазақтың қалам қайраткерлеріне», т.б. ғылыми мақалаларындағы қоғамдық дамудың және соның бір бөлігі боп саналатын мәдениет пен өнер, ғылымның дамуының басты мәселелері болмыспен, қоғам өмірімен байланыстырып, дәстүрлі дүниетаным үлгісінде қарастырады деп монография авторы өз тұжырымдарын келтірген. Сондай-ақ осы тарауда М.Әуезовтің бүркеншік аттарының сырларын ашуға тырысқан. Мәселен «Шаншар» журналы туралы» мақаласында М.Әуезовтің әдебиет жайлы, оның ішінде сықақ жанрына байланысты түйген теориялық ой-тұжырымдарын, яғни әдебиеттің тәрбиелік мәнін, ойды жетілтіп, сезімді ұштайтын қасиетінің күшті екенін, сонда оның тәрбиелік мәні өнер-ғылымның басқа түрлерінен өзгеше, ерекше өзіндік жолымен тәрбиелейтіндігін айтып делелдегенін ерекше атап көрсетеді.

К.Сыздықов жазушының мақалаларын талдай отырып М.Әуезовтің жазушылығы мен сыншы ғалымдығын бір-бірінен бөліп қарау, бөліп тану мүмкін емес, олар бір-бірімен сабақтас, тығыз байланысты құбылыс дегенді айтқан. Жалпы автор бұл еңбегінде М.Әуезовтің ғалымдық, сыншылық ой-пікірінің оның жазушылық шеберлігіне, ерекшелігіне ықпал етіп қоймай, жалпы әдебиеттің өсіп өркендеуіне тигізген әсерін саралап, өзіндік ой қорыту арқылы ғылыми сын-зерттеу мақалаларын топтастырып,  жүйелеп берді.

Керімбек Сыздықов белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ол ғылыммен қатар қоғамдық жұмыстарды да ұштастыра білді. Мәселен жоғарғы оқу орындарында факультет деканы, кафедра меңгерушісі, ректор болып көптеген қызметтер атқарған.

Ол 1967-1974 жылдар аралығында М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық мұражай-үйінде ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады. Осы кезден бастап жазушының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге етене кірісіп,  мақалалар жазып, жазушының көп томдық шығармалар жинағын құрастырып, әуезовтану саласына өзіндік үлесін қосты.

К.Сыздықов 1956-61 жылдары ҚазМУ-де М.Әуезовтің өзінен «КСРО халықтарының әдебиеті», «Абайтану» арнаулы курсынан дәріс тыңдаған шәкірттерінің бірі. Оның «Абайдың көркем өнер жайлы ойлары» деген тақырыпқа жасаған баяндамасын жазушы жоғары бағалаған («Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қолжазба қоры. 263-п. 46-б). Оған жазушының қолжазба қорындағы күлгін, көк сия, жай қарындашпен жазылған қойын дәптері (блокнот) дәлел. Блокноттың бастапқы 4 және соңғы 3 парағы ғана жазылған, ортасы бос парақтар. Соңында студенттер тізімі, сынақ (зачет) тапсырғандарға баға қойылған. Сол тізімдердің арасында Сыздықов Керімбектің де аты-жөні көрсетілген. Жазушының өмірі мен шығармашылығын өмірлік тақырып етіп алуына сол дәрістер өзіндік септігін тигізген сыңайлы. Өйткені оның мақалаларының дені М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық тарихын талдауға бағытталған. Бұл ретте «Мұхтар Әуезовтің творчестволық өмір жолы» (Қазақстан мектебі, 1966 №12. 40-43-бб.), «Мұқаң творчествосындағы азаматтық үн» (Оңтүстік Қазақстан. 1977. 28 қыркүйек), «Творчестволық сара жол» (Оңтүстік Қазақстан. 1967. 29 қыркүйек), «Бәйге жирен» (Лениншіл жас. 1967. 9 желтоқсан) сынды баспасөз беттерінде жарияланған 100-ден астам мақалаларын атауға болады.

К.Сыздықовтың әуезовтану саласындағы елеулі еңбектерінің бірі «М.Әуезов творчествосының библиографиялық көрсеткіші» (А., 1972) мен М.Әуезовтің 12, 20-томдық шығармалар жинағын құрастыруға қатысқандығы. Ол 12-томдықтың 11, 12-томдарын (1969ж.), 20-томдықтың 15-томын (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы, Жазушы. 1984. 15-том.) баспаға әзірлеп, дайындады. М.Әуезовтің елу томдық академиялық басылымының редакциялық алқа мүшесі, сонымен бірге «Тәжібаев және оның достары» деген мақаласына ғылыми түсініктеме жазды (М.Әуезов. Шығармаларының 50 томдық толық жинағы. 12-том ).

К.Сыздықов 2003-2005 жылдар аралығында әуезовтану бөлімінде орындалған «М.О.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы көркемдік-эстетикалық ізденістері»,  2006-2008 жылдары «М.О.Әуезовтің шығармашылық дәстүрі және қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістері» атты іргелі зерттеу жобаларына қатысып, «Қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүр және М.Әуезовтің жаңашылдығы» («М.О.Әуезовтің көркемдік-дүниетанымдық ізденістері» (1920-30 жылдар) (2006ж.), «Мұхтар Әуезов дәстүрі және қазақ әдебиетінің даму үрдістері» («М.О.Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті». А., Арда, 2009) атты тарауларды жазды.

«Қазақ әдебиетіндегі ұлттық дәстүр және М.Әуезовтің жаңашылдығы» деген зерттеуінде әдебиеттегі ұлттық дәстүр өте кең әрі терең ұғым екендігін айтқан. Қай елдің болса да әдебиеті мен өнері оның ұлттық болмыс-бітімінің салт-санасының, ақыл-ой ерекшеліктерінің негізінде туындайтындығын сөз еткен. М.Әуезов әдебиеттанудың ең өзекті мәселелерінен саналатын дәстүр мен жаңашылдыққа байланысты қазақ әдебиеттану ғылымында алғашқылардың бірі болып, әрі салмақты да салиқалы еңбек жазған бірегей қаламгер. М.Әуезовтің кез-келген туындысынан  ауыз әдебиетінің үлгілерін көруге болады. Қазақтың салт-дәстүрі, ойын сауықтары тек драмалық театрларда ғана емес, әнмен ойналатын операларға да жарайтынын, басқа да өнер түрлеріне негіз бола алатынын жазушы  өзі айтып та, іске асыра да білді. М.Әуезовтің қазақ әдебиетіндегі жаңа жанрлардың, проза мен драматургияның, әдеби сын мен әдебиеттану ғылымының бастауында болып, өз шығармашылығымен мол үлес қосқандығы, заман талабына сай дәуірлік көкейкесті, өзекті тақырыптарды таңдап талғап, олардың тамыр тереңін ақтарып, келешекке жалғасар өміршең беттерін ашып, көрсете алғандығын сөз етеді. Сондай-ақ алғашқы қалам тартқан туындыларынан бастап әдебиет пен өнердің басты қасиеті болып саналатын көркемдік-эстетикалық биік талғам-өлшемнің үздік үлгілерін жасап бергендігін саралап өткен.

«Мұхтар Әуезов дәстүрі және қазақ әдебиетінің даму үрдістері» атты мақаласында М.Әуезовтің көп жанрлы аса бай рухани мұрасында жинақталған халық даналығы мен ұлттық салт-дәстүрдің өз дәуірі мен кейінгі тәуелсіздік жылдарындағы көркем әдебиеттегі эстетикалық, танымдық әсер-ықпалын  нақты мысалдар арқылы дәлелдеп көрсеткен.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы» бөлімінің 2008 жылы шығарған «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (Алматы, 2008) атты кітаптың 1 томына «Мұхтар Әуезов» деген тарау жазған.

К.Сыздықовтың «Ұстаздық ұлағат» (А., Шартарап. 2001. 22,5 б.т.) атты ғылым білім, әдеби, мәдени, әлеуметтік мәселелерді көтерген еңбегінде  жазушы жайында жазған «М.Әуезовтің әдеби-ғылыми ортасы», «М.Әуезов тәуелсіздік жолында», «Бәйге жирен», «М.Әуезов әңгімелері», «М.Әуезов Оңтүстік Қазақстанда» атты мақалалары енген.

Бұдан басқа К.Сыздықовтың «Ата қоныс» (Шымкент, Жібек жолы, 1992.), Ө.Айтбаевпен бірігіп шығарған «Әшіров Сейітқасым. Ұлы Отан соғысының батырлары» (Алматы, Жазушы. 1974.)  деген кітаптары да бар.

«Уақыт тынысы» атты кітапты баспаға әзірлеу барысында К.Сыздықовтың «Мұхтартанудың беймәлім беттері» еңбегі мен 1973 жылы шыққан «Мұхтар Әуезов – әдебиет сыншысы» деген кітабына текстологиялық салыстыру жұмысы жасалды. Салыстыру барысында айқындалғандай «Мұхтар Әуезов – әдебиет сыншысы» деген еңбегінде М.Әуезовтің 20-30 жылдары жазылған тек ғылым, білім, мәдениетке қатысты «Оқу ісі», «Мәдениет һәм ұлт», «Мәдениетке қай кәсіп жуық», «Ғылым», «Философия жайынан» мақалаларын ғана талдаған. Жиырмасыншы жылдары М.Әуезовтің «Екеу», «Қоңыр» деген бүркеншік атпен шыққан «Қызыл сұңқарлар» (сын), «Қазақ әдебиетінің бүгінгі дәуірі», «Көркем әдебиет туралы» жариялаған мақалалары мен «Екеу» деген бүркеншік аттың сырларын ашуға бағытталған ойларын қысқартуға мәжбүр болды. Кезінде қырағы цензура «саяси қате» тауып, жазушының бұл еңбектері «зиянды» деп ғылыми айналымға түспеген болатын. К.Сыздықов бұл кітабына  түзетулер енгізуге мәжбүр болды, сол уақыттың талабы бойынша жарыққа шығарды. «Міне, бұл айтылғандар «Екеудің» Даниял Ысқақов пен Абдолла Байтасовтан гөрі Мұхтар Әуезовке ыңғайлы келіңкірейтіндігін көрсетсе керек. «Екеу» деп қол қойған үш мақаланы да мұқият оқып қарағанда, автордың жазу стилі М.Әуезовтің стиліне жақын келетін сияқты. Әрине, бұлар тек біздің болжамымыз ғана. Ол мақалалардың шын авторлары кімдер екенін әлі де тексере, зерттей түсу қажет» (Мұхтар Әуезов – әдебиет сыншысы. – А., 1973. 45-б) деген.

Тек тәуелсіздік алғаннан кейін 1997 жылы шыққан «Мұхтартанудың беймәлім беттері» деген кітабына сол қысқартылған ойларын, талдауларын қосып кеңейтіп, жетілдірген. «Екеу» бүркеншік ат М.Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовқа тиесілі екенін тарихи деректердің негізінде дәлелдеген. Жалпы бұл еңбектер өз алдына күрделі, тың мәселелерді көтерген зерттеулер. Автордың «Мұхтартанудың беймәлім беттері» атты еңбегі Мұхтар Әуезовтің ғұмырнамасына, шығармашылығына, әдебиеттанудағы тұңғыш ізденістері мен ғалым ретінде қалыптасу кезеңдеріне, қазақ әдебиетінің тарихын жасау жолындағы еңбегіне, теориялық танымдық проблемалар хақындағы кемел де кемеңгер саралауларына терең үңіліп, зерделей зерттеп, жан-жақты  ғылыми талдау жасауымен ерекшеленеді. Бұл қазақ әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселеге құрылған еңбек болғандықтан, жоғарғы оқу орындарында жүргізілетін қазақ әдебиеті тарихы бойынша оқылатын дәрістерге, әуезовтануға байланысты арнайы курстық және семинар сабақтарында пайдаланылып келеді.

Уақыт сынынан өткен бұл зерттеу еңбек арада біраз жылдар салып, қайтадан оқырман назарына «Ғылыми қазына» бағдарламасы бойынша ұсынылып отыр. К.Сыздықовтың «Мұхтартанудың беймәлім беттері» атты осы кітабы «Уақыт тынысы» атты жинаққа 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан нұсқасы негізінде дайындалып берілді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.