Home » Мақалалар » Тұлғаны тұлға тәрбиелейді

Тұлғаны тұлға тәрбиелейді

Тулеубаева Асия Балтабаевна
Нұр-Сұлтан қаласы
«Абай Құнанбайұлы атындағы
№87 мектеп-гимназиясы» КММ
бастауыш сынып мұғалімі

         Қазақ қашанда ұрпағының толыққанды тұлға болып қалыптасуына атсалысып жырлар, ертегілер арқылы бала кезінен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп отырған. Адалдық, адамгершілік, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық, бауырмашылдық, сияқты қаситтерді тұлға бойына дарытқан. Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала, адам, халық тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған.  Тұлға тәрбиелеу – ұлы міндет. Ал ұлы міндет қашаннан да  ұлы күреспен ғана  жүзеге асырылатыны хақ.

Жеке адамның индивид қалпынан тұлға тұғырына көтерілу сатысында ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-бабасынан мирас болып бойына сіңген ерекшеліктері, қоғамдағы қалыптасқан ахуал, білім берген оқу ордасы әсер етеді. Тұлға – ар-намыстан жаратылған жан. Ол қалай, қай кезде де, қай жерде де өзінің жауапкершілігін жақсы сезінеді. Тұлға дамуы теориясының негізгі мәселелерінің бірі – тұлғаның өзін-өзі өзектендіруі. Ересек тұлға өзін-өзі дамытуы тиісті деп саналады. Даму дегеніміз – қарапайымнан күрделіге қарай қозғалыс, ал бұл қозғалыс жеке тұлғаның дамуы арқылы жүзеге асады. Тек өзін-өзі дамытқан тұлға  ғана объективті жағдайларды тиімді пайдаланып, өзін-өзі ұдайы дамытып, жетілдіріп, қамшылап отыратын тұлғаны тәрбиелей алады деп ойлаймын.

Тәрбие адамдардың пайда болуымен бірге туындаған. Жеке тұлғаның қалыпасуына әсер ететін фактрлардың қатарында тәрбие ең маңызды орын алады. Тәрбиені белгілі бір әлеуметтік қызметтер атқаратын қоғамдық құбылыс ретінде қарастыру қажет. Тұлға тәрбиесінің негізгі мақсаты, даралығы, саналылығы, жауапкершілігі, қадір-қасиеті бірге тұтасқан адамды қалыптастыру және оның жан- жақты толыққанды дамуын қамтамасыз ету. Баланың болашақта тұлға болып қалыптасуы біріншіден үлкендермен қарым-қатынасына байланысты.

Ұлы Абай атамыз айтқандай: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Яғни, ойлы, көкірегінде көзі, бойында тулаған қайраты бар азамат қана өз ұлты үшін  қызмет ететіндіктен, ұлттық тәрбиемен жеке тұлғаны біліммен сусындатуға міндетті. Тұлға басқаларға ұқсамайды. Тұлға өзінің кім екенін, өзінің дүниеге қатынасын білетін адам. Еліміздің жарқын  болашағы  үшін ең алдымен «Бесігімізді түзеуіміз» қажет.  Ол  үшін тәрбиелейтін тұлғанын өзі тәрбиенің қыр-сырын меңгеруі керек.

«Жерден ауыр дегенім – ақыл-білім,

Судан терең дегенім – оқу-ғылым.

Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі

Көктен биік дегенім – шәкірттің көңілі!» — деген Балабидің сөзін еске алатын болсақ, тұлғанын өз келбеті мен ойы, пікірі мен көзқарасы болады. Тұлға өзінше әрекет жасайды, ешкімнің жетегінде жүрмейді, керісінше, соңынан көпшілікті ерте біледі. Өйткені, тұлғаның  өзіне көшбасшылық қасиеті тән болады.

«Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын», — дейді Ұлы Абай атамыз. Адамның надан болуға қақысы жоқ. Адам болу үшін, тұлға болу үшін тағы не керек? – «Талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым» керек. Адам болу үшін дүниеге кірпіш болып қалану керек. «Ақыл керек, ес керек, мінез керек», — деп қосады. Мінезі жоқ, ыстық қайраты болмаған адамның қолынан түк те келмейді», — деп ойын жеткізеді. Демек, мінез-құлық кемшіліктері – тәрбиені дұрыс бермеу нәтижесі деп айтсақ артық болмас.

Сонымен ойымды қорытындылай келе, келер ұрпақтың болашағы үшін, қоғам болу үшін, толыққанды жетілген тұлға болып қалыптасуының маңызы өте зор екені тайға таңба басқандай анық. Тұлға тек қоғамда ғана тұлға. Демек, тұлға ең алдымен қоғамға керек.

Жастардың бойында ең маңызды деген моральдық нормалар, әдет-ғұрып, адамгершілік, ар-ождан, адамға ізгілік әкелетін рухани құндылықтар және адами қасиеттерге тәрбиелеу алдыңғы қатар ұрпақтың еншісінде деген ойға жетелейді. Ұлттық тәрбиенің өлмес негізі, рухани күші оның өмір сүру болмысынан туындаған өзіндік ұлағаты, тәжірибесінің молдығы, рухани мұрасының тереңдігі мен өнегелігінде жатыр. Әр адам өзінше жеке тұлға. Жеке адамның айтарлықтай ерекшеліктерінің бірі – оның өзіне тән мінез-құлқында, іс-әрекетінде, көзқарасындағы ерекшеліктерімен даралануы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.