Home » Ашық сабақтар » Баланың бас ұстазы – ата-ана

Баланың бас ұстазы – ата-ана

Кумарова Мерует Мустахимкызы
Батыс Қазақстан облысы
Орал қаласы
Жаңақала ауданы Пятимар ауылы 
Пятимар жалпы орта білім беру мектебінің
жанындағы шағын орталықтың
«Айналайын» тобының тәрбиешісі

Мақсаты: Бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орнының ерекше екенін түсіндіру, оқу-тәрбие үрдісіндегі міндетті жүзеге асыру үшін ата-аналардың белсенділігін көтеру және ынтымақтастықты нығайта отырып, отбасы мен балабақша арасындағы байланысты күшейту.

Әдісі: сұрақ-жауап, ой бөлісу.

Көрнекілігі: слайдтар, ақ парақ пен қарындаш, май шам.

Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде Әл-Фараби бабамыз «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды »демеп пе еді. «Әр адамның бойында күн шуағы бар, тек оған жарқырауға мүмкіндік беру керек»

Сократ

Барысы:

  1. Кіріспе
  2. Баяндама: «Баланың бас ұстазы — ата-ана»
  3. Педагогикалық ойын: «Кім мәреге бұрын жетеді?», «Аялы алақан», «Ата-ана мейірімі»
  4. Ой қозғау. (пікірлесу)
  5. «Миға шабуыл» стратегиясы
  6. Психологиялық тренинг

І. Шаттық шеңберін ұйымдастыру:

Дөңгеленіп  тұрайық

Керегені құрайық.

Уықтар боп иіліп,

Шаңыраққа киіліп

Киіз үйді құрайық.

Міне сіздермен біз үлкен киіз үйді құрдық. Осы киіз үй сияқты біздің балабақшамыздың  қабырғалары мықты болып, шаңырағы биік болсын дегім келеді.

Танысу: Бір шаңырақ иесі ретінде бір-бірімізбен жақынырақ танысайық.

Тренинг: Жақсы немесе жаман қасиеттер

Абай атамыздың «Сегіз батыр» деп басталатын жұмбағы еске түседі:

Алла мықты жаратқан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып әлі жатыр

Кезек-кезек жығылып, жатып тұрып

Кім жеңері белгісіз түбінде ақыр.

Міне, осы жұмбақтың жауабы сегіз батырдың біріншісі «жақсылық» болса, екіншісі «жамандық» екен. Кез келген адамнан ол екеуін табу үшін айнадағы бейнемізге қарап ойланамыз. Ал, енді сіздер берілген парақтың оң жағына жақсы, сол жағына жаман қасиеттеріңізді жазсаңыздар.

Қандай қасиеттерді көп жаздыңыздар? Қайсысынан өзіңізді көбірек таптыңыз? Осыған дейін осы қасиеттер жайлы ойланып көрдіңіз бе? (Барлығы жазған қасиеттерін оқып шығады)

Жаман қасиеттеріңізден арылғыларыңыз келе ме? Ендеше жаман қасиеттеріңізді бөліп жыртып алып «менің бойымнан осы жаман қасиеттер мәңгіге жоғалсын» — деп айтып ұсақтап жыртып тастаймыз.

Бала ата-ананың айнасы — демекші, баламыздың бойына өз бойымыздағы жақсы қасиеттерді сіңіре білейік.

ІІ. Баяндама: «Баланың бас ұстазы- ата- ана»

ІІІ. Педагогикалық ойын. «Кім мәреге бұрын жетеді?»

— Сіздің балаңыз сізді қатты қуантты. Сіз не айтасыз? Қалай ойлайсыз? (балаға мадақтау сөздерін айтып, мәреге бірінші жетуге тырысады).

(Тамаша! Жарайсың, құлыным! Мен саған сенемін? Өте жақсы! Мақтанышым менің! т.б.)

«Аялы алақан». Мақсаты: Ата-ананың баласына қаншалықты мейірім, уақыт бөлетінін анықтау, әр кезде уақыт тауып, мейірімділік көрсетуге баулу.

Ата-ананы балалармен  ортаға шақырамыз (Ата-аналардың көздері байлаулы өз баласын қолынан танып алу керек)

  • Балаңызды қалай таныдыңыз?
  • Балаңызды тани алмаймын-ау деген қорқыныш болды ма?
  • Балаңызды тани алмаған кезде қандай сезімде болдыңыз?
  • Балаңызды қолынан ұстап танитыныңызға сенімді болдыңыз ба?

«Ата- ана мейірімі». Ата-аналар ақ параққа гүлдің суретін салып, гүлдестерге баласына деген сүйіспеншілігін жазып, өз ой-пікірлерін айтады.

Аялы алақанға байланысты мен бір ата-ана тәрбиесіне тоқталғым келеді.

Ата-анадан балаға  не берілген? Баланың өмірінде ата-анасымен тікелей байланысты болатын екі маңызды нәрсе бар. Олар: ата-анадан берілген (ұқсаған) түр-сипаты, ата-анадан берілген (nәрбиесі) мінез-құлқы. Бала біздің айнамыз, ата-анадан көргенің, білгенің жасайды. Баланы тәрбиелемес бұрын бірінші өз-өзімізді тәрбиелеу керекпіз, өсіп келе жатқан балаларыңыз ата-анаға қарап тәрбие алады, баланың тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап саналы, білімді, иманды ұрпақ тәрбиелеп өсірейік.

-Міне, «Ұядан не көрсен — ұшқанда соны ілерсін» деп айта кеткендей тәрбиеге көңіл бөлейік

ІV. Ой қозғау:

  • Баламен бірге ойнайсыз ба?
  • Баламен сөйлесе білу де үлкен өнер. 4-5 жастағы бала күніне көптеген сұрақ қоятын көрінеді. Сіздің балаңыз осындай сауалдарды көп қойса, жауап беруге тырысасыз ба, жоқ әлде елеусіз қалдырасыз ба?
  • Кейбір ата-аналардың баласының әрбір істеген іс-әрекетіне көңілі толмай: «Сен сала алмайсың, сен істей алмайсың»,- деп айтып жататынын байқаймыз. Бала іс-әрекетіне теріс баға беруге қалай қарайсыз?
  • Балаңыздың өнері, қандай да бір іске қызығушылығы, бейімділігі байқалса, не істер едіңіз?

Бейне материалға жазылған балалардың жауабын тыңдайық.

Түйіндеу. Сәби жасынан бастап баламен бірге ойнамай, ойынын басқармаса, онда баланың өздігінен ойнау және басқа балалармен ойнау дағдысы қалыптаспайды. Ондай балалардың ойыны  мақсатсыз болады. Ойыншықтарға басқа қолданыс таппай, ойыннан тез жалығып, жаңа ойыншықтарды сұрай бастайды.

  • Балаңыз ойыншықтарды жиі сындыра ма? Ондай жағдайларда сіздің әрекетіңіз?

Бейне материалға жазылған балалардың жауабы тыңдалады:

  • Ойыншық сынып қалғанда үйдегілер қайтеді?
  • Бала жақсы білімді болу үшін ата-аналардың міндеті қандай болу керек?
  1. «Миға шабуыл стратегиясы»

Бүгінгі тақырыппен байланысты, яғни бала туралы мақал- мәтелдер айту.

VІ. Қорытынды. «Тілек шамы».

Мақсаты: тренинг туралы пікірлерін  ортаға салу.

  • Міне, қоштасатын да сәт жетті. Біз сіздермен жанұядағы ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, жан-жақты талқылауға тырыстық. Отбасы, ұшқан ұя – жылылықтың, жылулықтың мекені. «Отбасы» атауының мәніне терең үңілер болсақ, оттың да үлкен маңызы бар екенін сеземіз. Сондықтан оттың басы, ошағымыздың түтіні түзу болуы үшін «Тілек шамы» жаттығуын бір-бірімізге тілек  айта отырып жүргізейік.
  • Ата-аналар, алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге көп рахметімізді айта отырып, отбасыларыңызға бақыт нұры шашыла берсін дегім келеді. «Тек қана ата-аналармен бірге, жалпы күш-жігерді біріктіру арқасында педагогтер балаларға үлкен адамдық бағыт беруі мүмкін» (В.А.Сухомлинский). Жоғарыдағы даналық сөзге сүйенсек, педагог балаларға үлкен адамдық бағыт беруі үшін тек ата-анамен бірігіп жұмыс істеу керек екенін ескерткен. Сондықтан, бала тәрбиесіне бірігіп ат салысайық.  Сау болыңыздар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.