Жалпы құрылыс факультетінің деканы,
т.ғ.к., академиялық профессор
Имамбаева Райхан Сальтайевна
Жалпы құрылыс факультеті деканының
оқу ісі жөніндегі орынбасары
Шогелова Назым Тулегеновна
Жалпы құрылыс факультетінің ассистент профессоры
Қасымова Гүлсім Темірханқызы
Қазіргі заманда барлық адамзаттың басына түсіп тұрған пандемияға байланысты туындаған қиындықтар Қазақстандағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жас буынға да, білім беріп жатқан оқытушыларға да өзінің әсерін тигізбей қойған жоқ. Халықаралық білім корпорациясында соңғы екі жылда осы жағдайға байланысты оқу процесі бакалавриатқа қашықтықтан, ал магистратураға дәстүрлі форматта өткізілді. Академияның профессорлық-оқытушылық құрамына білім беру, ал студенттерімізге өз білімдерін жетілдіру жолында көптеген өмірде болып жатқан өзгерістер мен жаңашылдықтарды қабылдауға тура келді. Аянбай еңбек етудің арқасында білім деңгейімізді түсірмей, жоғары нәтижелерге жетіп жатырмыз. Академиямызда әр жыл сайын өтетін Республикалық студенттік ғылыми-практикалық «Студент және ғылым: болашаққа көзқарас» атты конференциясы, «Құрылыс» мамандығы бойынша студенттерге арналған республикалық пәндік олимпиадасы және студенттердің Республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының конкурсы жоғары деңгейде өткізілді.
2021 жылы 8-9 сәуірде студенттердің ғылыми конференциясы магистранттардың, студенттердің, сондай-ақ олардың ғылыми жетекшілерінің қатысуымен өтті. Жалпы құрылыс факультетінде «Құрылыс құрылымдары және құрылыстың энергия тиімділігі», «Құрылыс өндірісінің технологиясы және механизацияландыру», «Инженерлік жүйелер мен желілер» және «Құрылыс механикасы, геотехника және көлік құрылысы» атты секциялар жұмыс істеді.
Республикалық студенттік ғылыми конференциясында
жас ғалымның ғылыми жұмысын баяндау сәті.
Бұл конференция студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу және талдау дағдыларын дамытуға ықпал ететін оқу процесінің маңызды бөлігі болып табылады. Сонымен қатар, олардың ғылыми жұмыстарының нәтижелерімен алмасудың тиімді пікірталас алаңына айналды.
2021 жылдың 14-16 сәуірі аралығында өткен Республикалық пәндік олимпиадасына «Құрылыс» мамандығы бойынша 18 жоғары оқу орындарынан жүзден астам студент білім сайысына қатысып, үздіктер топ жарды. Биыл өткен олимпиаданың ерекшелігі – заман талабына байланысты онлайн форматында Google формасы арқылы тестілеу (дұрыс жауапты таңдау) түрінде өткендіктен, әділ қазы ретінде жеңімпаздарды Google формасы анықтады.
Республикалық пәндік олимпиадасынан көрініс.
Геотехника пәні бойынша Қарағанды техникалық университетінің студенттері ерекше жетістіктерге жетті. Құрылыс құрылымдары және Инженерлік механика пәндерінен Халықаралық білім корпорациясы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ерекшеленді.
Республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау сәті.
Айта кететін тағы бір маңызды жағдай – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері де өздерінің білімділіктерін көрсете алды.
Академияның профессорлық-оқытушылық құрамы Республикалық студенттік ғылыми-практикалық конференциясында сарапшылар жоғары баға берген жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарын шет елдерде, ТМД елдерінде болатын ғылыми конференцияларға жолдауды қадағалап отырады.
2021 жылдың 26-27 мамырында Бішкекте өткен IX Халықаралық инновациялық технологиялар университетінің 15 жылдығына арналған «ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ АЛДЫҢҒЫ ШЕШІМДЕР» атты студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми баяндамаларының халықаралық жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми-практикалық конференция-конкурсына академиямыздың жас ғалымдары мен студенттері қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Философия докторы (PhD) Брянцев Александр Александровичтің шәкірттері, үшінші курс студенттері Қамбар Нұргүл Алдиярқызы мен Әбілхан Әнел Аббасқызының «Фермаларды, прокатты және дәнекерленген арқалықтарды, сонымен бірге гофрленген қабырғалы арқалықтарды пайдалану тиімділігін салыстырып талдау» атты ғылыми жұмыстарының нәтижелері жоғары бағаланып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Бұл жеңістер мен жетістіктердің оңайлықпен келмейтінін түсінген жас ғалымдарымыз үнемі ізденіс үстінде, оларға бағыт-бағдар беретін академиямыздың профессорлық-оқытушылық құрамына: «Шаршамаңыздар, ебектеріңіз жемісті болсын», — деп өзіміздің шексіз алғысымызды білдіреміз.