Home » Мақалалар » Жасампаздыққа толы жылдар

Жасампаздыққа толы жылдар

Алматы қаласы,
№102 жалпы білім беретін
мектептің директоры
С.С.Ахметова

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы болып жариялануына орай, Қазақстан Республикасының «Жасампаздыққа толы жылдар» атты тұжырымдамасы бекітілген болатын.

Егеменді ел болғаннан бергі жетістіктер — қазақстандықтардың қажыр-қайраты мен елеулі еңбектерінің жемісі. Тәуелсіздік алып, мемлекет ретінде жаңа қалыптасып келе жатқан тұста Қазақстан экономикалық және стратегиялық даму жолында  үлкен рөл атқарды. Еліміздің индустриялық-аграрлық және ғылыми-техникалық әлеуеті жаңа бағыт алды. Әсіресе, білім мен мәдениет саласы өркендеп, тарихымыз түгенделе бастады.    

Мемлекет басшысы қолға алынатын шаралардың барлығы өзара көмек мәдениетін қалыптастырып, елімізді дамытуға жастардың тікелей атсалысуына бағытталатынын айтты. Сонымен қатар тәуелсіздік ұрпақтары Қазақстанды әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің біріне айналдыратынына сенетінін жеткізді.

Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте руханият саласындағы жұмыс бірнеше бағыттан тұрады. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау – аса маңызды жұмыстың бірі. Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы күндер  тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, әлемге әйгілі күйші, халық композиторы  –Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы  тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Мектебімізде Абай мен Әл-Фарабидың, Дина Нұрпейісованың, күш атасы Қажымұқанның, жыр алыбы Жамбылдың мерейтойлары өте мағыналы өткізілді. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері оқушыларға  үлкен ой салды.

Мерейтой қарсаңында мектебіміз кеңіп, «RAMS» құрылыс компаниясы   балалардың игілігіне заманауи үлгіде жаңа ғимарат және мектебіміздің алдынан үлкен спорт алаңын соғып берді. Ата-ананың, мұғалімдердің, бастысы, оқушыларымыздың қуанышында шек жоқ. Қуанышымыз қуанышқа ұласып, тынымсыз еңбектің арқасында мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз қатысқан байқауларынан жүлделі оралып жатыр. Атап айтсам, халықаралық байқаудан 1, республикалық байқаудан 2 , қалалық байқаудан1, аудандық байқаудан 20 оқушы жүлделі орындарды қанжығаға байлап қайтты. Жүлделі орындармен мектебіміздің жетістік қоржыны толысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам деп бағалады. Сондықтан тіл үйрену барысындағы мағыналы іс-шаралар ұдайы өткізіліп,мемлекеттік тілді білетін әрбір оқушы  қазақша үйренгісі келген досымен өз білімін бөлісті. Мұндай игі іс қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түседі.
Мемлекет басшысы «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Экологиялық бастамалар жыл сайынғы тұрақты жұмысқа ұласып, өмір салтына айналып келеді. Осы ретте Ұлыстың ұлы күні жаңаша аталады. Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырып, мектеп айналасын тазалап, көгалдандыру қолға алынды.
30 жылдық белестің мәнін ұжымға  түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңыз­ды бағыттың бірі. «Жасампаздыққа толы жылдар» деп аталатын  тәуелсіздік мерекесінің тұжырымдамасы  кеңінен дәріптеліп  жатыр. Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз  және ол бәрінен қымбат!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.