Home » Жаңалықтар » Оралдағы кітапсүйерлер клубы

Оралдағы кітапсүйерлер клубы

23 сәуір –  Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні. Осыдан бір жыл бұрын Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ата-аналармен бірлескен  «Тәрбие әлемі» кітапсүйерлер қауымдастығы құрылған.

Бұл туралы аталмыш білім ордасының баспасөз қызметі мәлімдеді. Жобаның алғашқы айларында педагог, ата-ана және кітапханашылар үштігі бала тәрбиесіне қатысты арнайы әдебиеттерді оқып, өзекті мәселелерді талқылау алаңын құрса, кейін жобаға оқушылар да қосылған. Жоба виртуалды режимде бірлескен талқылаулар,  шығармашылық тапсырмаларды бірге орындау, буктрейлер, цитаталық жоспарлар кестесі және оқу формасының басқа да инновациялық формалары арқылы жүзеге асырылуда.

Мектеп директоры Айдарбек Айтпукешевтің айтуынша, бала тәрбиесінде білім ошағы ата-аналармен бірлесіп психологиялық-педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерге жүгінуді жөн санаған. Жоба басталған кезде Дж. Готтман, Дж Деклердің «Баланың эмоционалды интеллекті», Г. Чепменнің «Баланың жүрегіне 5 қадам», Дж. Грэйдің «Аспан балалары», Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты», Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі» секілді шетелдік және ұлттық шығармалар таңдалған екен.

Кітапсүйерлер клубының белсенді мүшесі, 8-сынып оқушысы Әлихан Исетовтың анасы Айгүл Сапарова жобаның ⠀отбасылық оқуды жандандырып, оқу мәдениетін дамытуға зор мүмкіндік бергенін айтады. Ал «Ақжайық» шаңырағының оқушылары мен ата-аналары бірлесіп оқу үшін Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы шығармаларды, атап айтсақ, Ольга Громованың «Сахарный ребенок», Эммануил Казакевичтің «Звезда» және  Анатолий Приставкиннің  «Ночевала тучка золотая» еңбектерін таңдапты.⠀Қатысушылар дәл осы кітаптар жас оқырмандарды патриоттық сезімге тәрбиелейтінін, өз халқына деген мақтаныш сезімін оятып, Отан алдындағы жауапкершілік пен мейірімділікке жетелейтінін айтады.⠀

Кітап күні қарсаңында отбаслық оқудан шабыттанған шаңырақ оқушылары әлеуметтік желіде пікірлерін қалдырып, шығармашылық жұмыстарын арнады. Жоба келесі оқу жылында да жалғасын таппақ.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
«BILIM AINASY» Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.