Home » Мақалалар » ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН ДАМЫТУДАҒЫ ЭССЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ МЕН МАҢЫЗЫ

ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫСЫН ДАМЫТУДАҒЫ ЭССЕНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ МЕН МАҢЫЗЫ

Байхадамова Баян Ерпайызқызы

Қазіргі таңда қазақ тілін оқытудағы қиындықтарының бірі – жазбаша шығармашылық жұмыстарын жазу, бұл мәселенің шешімі табылған емес. Бұл жұмыс балалардың шығармашылық қабілеттерін арттырудың қажеттілігін шындай отыра, мәселеге жаңа көзқарас білдіреді: заман талаптарына сай өзіндік ерекшелігі мол, болашаққа сенімді, ойы ұшқыр, озық ойлы тұлғаны қалыптастыру үшін шығармашылық жұмыстарының дербестігін дамыту керек.

Жазылым — тілдік тұлғалардың графикалық, фонемалық жүйесіне негізделген; лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, әдістемелік ерекшеліктерге қатысты тілдік материалдың мазмұны мен формасын бірдей қамтитын, адамдардың ұзақ мерзімдегі қарым-қатынасына мүмкіндік жасайтын күрделі тарихи әрекет. Жаңартылған білім беру жағдайында эссенің алар орны орасан зор. Шығармашылық сипаттағы өзіндік жұмыс түрлерінің бірі – эссе. Алайда, жанрдың бұл түрін көбі шығармамен шатастырады. Дегенменде, эссенің мақсаты: өз ойын жазбаша түрде жеткізу және өз бетімен шығармашылық ойлау дағдыларын дамыту. Оқушы өз мүмкіндігін басшылыққа алып, эссе тақырыбы мен атауын таңдайды. Эссе жазу оқушыны өз ойын дәл және сауатты жеткізуге үйретеді, ақпаратты жүйелеуге, талдаудың негізгі категорияларын қолдануға, себеп – салдар байланыстарын бөлу, қажетті мысал келтіру, өз қорытындыларын дәлелдеу, сөйлеудің ғылыми стилін үйренуге баулиды. Эссе мазмұны қойылған мәселе бойынша нақты баяндалады. Эссе жазу бұл – дәлелдеудің классикалық жүйеге негізделген, сұраққа жауап немесе тақырыпты ашу болып табылады. Ойды ашық және дәл білдіруге тырысу, эсседе сөз тіркестері мен фразалар іріктелген және нақты болу қажет. Эсседе барлық жазба жұмыстардағыдай ішкі логика болуы тиіс. Эссе — бұл қандай да болмасын мәселе бойынша ойланып-толғану. Эссе —  бұл өз тілімен және стилімен жазылған өздік жұмыс, сондықтан цитаттың аз болғаны дұрыс. Эссе жазуда стиль маңызды роль ойнайды. Әр түрлі эссе байқауларында (оқуға пайдаланудың алдындағы сынақтарда, сондай-ақ өзіндік шығармашылық байқауларда) мәселен, 500 сөздің көлемінде эссе жазу тапсырылады. Қолыңа не үшін қалам алғаныңды ең алдымен өзің түсініп ал. Мінсіз эссе жазудың дайын ережесі жоқ және болмайды да, бірақ эссе жазу дағдыларын жүзеге асыруға көмектесетін ережелер мен нұсқаулар бар. Ең алдымен өзіңнің хабарлайтын, жазатын, ой толғайтын, талқылайтын нәрсең туралы анық білуің керек. Сондай-ақ, эссе жазуға итермелеген не нәрсе, эссені кім оқитынын түсіну өте маңызды. Оқырманның назарын өзіңе аудартатын, мүмкін болса қарсы жауап реакциясын тудыратындай өз ойыңды, сезіміңді, көңіл-күйіңді жеткізу үшін мәнерлі, мазмұнды, күшті сөздерді дұрыс таңдай білу керек. Эссе жазатын адам үшін ең маңызды қасиет – тілді еркін меңгеруі, басқалардың сезіміне әсер ететіндей дәл, анық бейнелі етіп сабақтастыра жаза білуі қажет. Сонымен қатар, эссе жазатын кез келген тұлға эссеннің түрлерімен, құрлымымен және қойылатын талаптармен танысып, басқа жазба жұмыстарының арасындағы айырмашылықтарды білуі қажет.  Өзекті мәселені қамтитын және оқырманның ойлануына ықпал ететін тақырыпты таңдауды, мәселеге толық талданым жасауды, сыни тұрғыдан қарап,  субьективті көзқарасын нақты,  дәлелді түрде жеткізуді, жазылым барысында қысқа, қарапайым және түсінікті сөйлемдерді, сөздердің байланысу тәсілдерін орынды пайлану мен қөркемдегіш құралдарды қолдануды, аргументтер келтіруді, ойын тұжырымды жеткізуді, анализ жасау секілді т.б. дағдыларды дамытқан жағдайда  толыққанды эссе  жазып шығуға мүмкіндігі бар.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.