Батыс Қазақстанда облыстық «Блиц-турнир» байқауы биыл қашықтықтан өткізілді.
БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, білім сайысының мақсаты – жалпы білім беретін мектептердің 9-10 сынып оқушылары арасында ағылшын тілі пәні бойынша интеллектуалды, шығармашылық пен ойлау қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау.
Байқаудың алғашқы тестілеу кезеңінде тапсырмаларды орындауға 50 минут уақыт берілді. ZOOM платформасында Google форматында өткен байқау тапсырмалары нәтижесінде оқушылардың грамматика, лексика, тілді түсіну деңгейлері тексерілді. Қатысушылар тапсырмаларды жақсы орындап, ағылшын тілін тамаша меңгергендіктерін көрсетті.
Екінші – эссе жазу кезеңі де ZOOM платформасы көмегімен жүзеге асырылды. Бұл тапсырмаға 80 минут берілді. Байқау қорытындысында әділқазылар әр сынып бойынша жеңімпаздарды анықтады. Орал қаласындағы №6 ЖОББ мектебінің 9-сынып оқушысы Мая Қасымова мен дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Темірлан Темирханов 1-орынды иеленді. Қалған білімпаз шәкірттер екінші және үшінші орындарға қол жеткізді. Облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болу – оқушының және пән мұғалімдерінің үлкен жетістігі екені сөзсіз.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ
«BILIM AINASY» БҚО