Home » Мақалалар » Ұлағатты ұрпақ – ұлт мәртебесі

Ұлағатты ұрпақ – ұлт мәртебесі

Алтыруова Малика Қазыбекқызы
Байқоңыр қалалық сотының
бас-маман сот отырысының хатшысы

 

         Бүгінгі таңда отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау  — Қазақстан Республикасының басым бағыттарының бірі болып табылады.

Қазақ халқы отбасы құндылықтарына ертеден асқан құрметпен қараған. Отбасындағы әкенің, ананың, ұл мен қыздың өзіндік орындары айқындалып, бір-бірін сыйлаудың жазылмаған заңдары қалыптасқан. Мұндай дәстүр қазіргі қазақ қоғамында да жалғасын табуда. Бұрындары ауыл ақсақалдарының тобықтай сөздерімен сақталып келген отбасы құндылықтары бүгінде заңмен қорғалады. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге қарсы қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөліген. Тіпті, осы бағыттағы заңдар жыл өткен сайын қатаңдатылып келеді.

Кез келген қоғамның алдында тұрған негізгі мақсат өскелең ұрпақты тәрбиелеу болып табылады. Жасына және әрекет қабілеттілігі шектеулі болуына байланысты балалар ересек адамдарға қатысты тәуелді күйде болады. Сол себепті олардың ересектермен салыстырғанда, ерекше құқықтары бар. Бұл жөнінде түрлі құқықтық құжаттарда бекітілген.

Балаларын тәрбиелей отырып, ата-аналар балаларының мүдделерін қорғауға құқылы. Кәмелетке толмауына, қабілетінің толық жетілмеуіне байланысты балалар өз мүдделерін қорғай алмайды. Ата-аналар өз балаларының құқығын қорғауға тиіс. Мұндай құқықтың қатарына мүліктік, жеке және басқалай құқықтар жатады. Балалардың заңды мүдделері жатады. Оған, атап айтқанда, нәтижесінде балада белгілі бір құқықтар, мысалы мұралыққа құқық пайда болуы мүмкін, фактілерді белгілеу құқықтары жатады. Құқықтар мен мүдделерді қорғау балалардың құқығын бұзушылықпен күресте көрінеді. Ата-аналар өз балаларының заңды өкілдері болып табылады. Ол ата-аналардың, белгілі бір жағдайларда балаларға қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен тағайындалуы мумкін қамқоршы мен қорғаншыдан ерекшеленеді. Әке мен ана тең құқылы. Сондықтан, екеуі де кәмелетке толмаған балаларының заңды өкілдері болып табылады.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп атамыз қазақ айтқандай, бүгінігі жастар  еліміздің болашағы.  Жастар қоғамымыздың  жүрек дүрсілі, өзегі. Есігінен енді аттап отырған жаңа ғасырда ұлтымыздың өсуі де, өшуі де жастарға тікелей байланысты. Сондықтан да, жастар Отанға деген сүйіспеншілік патриотизм, танымының заңдылықтарын игеру тиіс.

Кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасаған кезде жасы он төртке толған, бірақ он сегізге толмаған адамдар танылады. Көп жағдайда кәмелетке толмағандардың жасаған қылмыстары арасында тонау, қарақшылық, денсаулыққа зиян келтіру, зорлау секілді қылмыстар кездеседі. Сонымен қатар, ұрлық және бұзақылық қылмыстары кәмелет жасына толмағандардың арасында жиі орын алып жатады.

Көптеген зерттеулер бойынша, кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстар көбінесе топ болып жасаған қылмыстар екендігін көрсетеді. Яғни, еліміздегі кәмелетке толмағандардың топтасып қылмыс жасау деңгейі алаңдатарлық жағдайда екендігі статистикалық мәліметтер көрсетуде. Жасөспірімдердің арасында қайталап қылмыс жасайтындардың саны соңғы жылдары бірнеше есе өскені байқалады.

Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің арасында әкімшілік құқық бұзушылық деректері де жиі кездеседі. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде он алты жасқа толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар кәмелетке толмағандар деп танылады.

Кәмелет жасына толмағандардың әкімшілік құқық бұзушылығы үшін айыппұл салынады, кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткiлiктi мүлкi болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады.

Сол себепті, болашағымыз жарқын болсын десек, мәртебемізді асыратын ұрпақ өссін десек, баланың талантын, ақыл-ойы мен дене қабілеттерін дамыту, адам құқықтары мен оның негізгі бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, ата-анасын, туған және өзінен бөлек өркениетті елдердің тілін, құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелеу, өзара түсіністік, тыныштық, шыдамдылық, халықтар арасындағы, этникалық және діни топтар достығы, сондай-ақ жергілікті халыққа құрмет рухындағы саналы өмірге әзірлеу қазір таңда басты міндетке айналуы тиіс.

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.