Мухамеджанов Мейіржан Оразханұлы
Жаңаарқа ауданы №132 тірек мектебі (РО) КММ
тарих пәнінің мұғалімі
Біздің ежелгі Ұлы Отанымыз – Қазақстанның тарихы күрделі де қайғылы. Бүгінгі күнмен тығыз байланыста, үндесіп жатқан ХХ ғасырдың 30-шы-50-ші жылдарының қатерлі де қорқынышты оқиғалары күн өткен сайын бізден қашықтай түсуде. Бұл оқиғалар өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты байланыстырушы буын болып табылады. Қазіргі қазақ халқының 7 миллиард адамзаттың ішіндегі үлесі 0,2 пайызды құрайды екен (тіпті жарты пайызға да жетпейді – Ж.Т.). Ал, мемлекет құру бағына ие болған халықтардың ішінде жер көлемі жағынан тоғызыншы орындамыз. Бұл игілікке тек «білектің күші – найзаның ұшымен» ғана жете алмасымыз айдан анық. Әлбетте, осы мекенді жайлаған халықтың рухани қазығының мықтылығы ғана пана болған. Қазақ мемлекеттігінің іргесі 1456 жылы Керей мен Жәнібек хандар қалағаннан бері,Бүгінде Қазақстан 50 дамушы елдердің қатарында,еліміз бейбітшілікте өмір сүруде және ішкі саясатта жетістіктерге жетуде. Біздің Қазақстан Республикасына дейінгі аралықтағы қазақ халқының рухани қазағы – ортақ руханияты болып келеді. Қазақ руханияты – қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан тылсым, осы халықтың этникалық мінезі мен ұлттық санасы, ділі мен діні, өркениеті мен тұрмыс-салты, қайраткерлері мен барша халықты құрайды. Ол сонымен бірге, ұлттық сана деңгейінде бірегей қайраткерлермен немесе парасатты тұлғалардың шығармашылығы арқылы қалыптасып, барша халықтың игілігіне айналатын ақпарат.
1917 жылы құрылған Алашорда партиясы мен оның маңына топтасқан Алаш зиялыларының ұлттық мүдде мен тәуелсіз мемлекет құру жолындағы тарихи істері де тарих қойнауына енді. Бүгінде Алаш зиялылары мен Алашорда партиясы көшбасшыларына «халық жауы» деген жаламен нақақтан оққа байлаған 1937-38 жылғы сталиндік репрессияға 74 жыл толып отыр. Ол кезде сталиндік үлкен террордың қаралы жалыны шарпымаған ешкім қалмаған еді. Зұлмат Совет Одағының құрамындағы барлық елді, барша ұлт пен ұлысты, түрлі жастағы азаматтардың бәрін де қамтыған болатын. Сталиндік режим әр ұлттың оқыған, көзі ашық азаматтарына қырғидай тиді. Мыңдаған адал, ақылды, талантты адамдар, ғалымдар мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті.
Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы әлі де сан қырынан таразылайтын тың тақырып. Алаш қозғалысының басты мақсаты – Қазақ елінің өзін-өзі басқару, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, және де егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту,оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу еді. Бір сөзбен айтқанда, Алаштың көзі ашық азаматтары қазақты қазақ қып алып қалуды көздеп, ел тәуелсіздігін аңсаған болатын.
ХХ ғасырдың басында, шығысында Өр Алтайдан бастап, батысында кең жайылған Еділге дейін, ал құбыласында Самарқанның Жиделібайсынынан бастап, теріскейіндегі Төменнің ойпатына дейінгі сайын даланы мекен еткен қазақ халқы бір тілде сөйлеп, бір дін ұстанып, бір дәстүр аясында – бір ауыз сөзге тоқтай білген халық еді. Ол тұстағы қазақтың жер-суы Орыс империясы тарапынан толық жауланып, тәуелсіздігінен толық айырылған ел болды. Бірақ, руханиятының қалпын тұтастай сақтап, жадыңда азат елдіктің мұратын 1905 жылы Қарқаралы питициясынан жаңғырқан «Алаш қозғалысы», жәй стихиялық сипаттағы кездейсоқтық емес, ұлттық сананың кемелденуінен туындаған тарихи құбылыс. Питицияны ұйымдастырып жазғызған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, М.Дулатов, М.Бекметовтар сынды азаматтар қазақ халқының ең алдымен рухани құндылықтарын қорғады. Кейінгі кезеңде қазақ халқының ұлттық санасын оятып ұлт ретінде ұйысуының негізін қалады.
Егер, 1917 жылы 4-13 желтоқсанында «Алаш» автономиясы құрылып саяси ықпалды орта қалыптаспаса, онда, кейін 1920 жылы РКФСР құрамында Қырғыз (қазақ) АҚСР құрылуы да мүмкін болмас еді. Ресей төңкеріс жолымен билікке келген большевиктердің қолында болды. Жаңа автономияның шеңберінде қазақ азаматтарының большевиктер партиясына өтуі көпшілігінде қазақ халқын әрі қарай қалай дамытсақ деген мүддеден туындаған қажеттілік. Бірі социализм идеяларын саналы түрде қолдап қабылдаса, ал, бірі түбі қайырсыз боларын ашық айтып запа кешіп жатты. ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ халқы саяси, табиғи, әлеуметтік, демографиялық, экономикалық және т.б. ауыртпашылықтарды басынан кешіп жатса да, қазақ руханияты жаңа өріс жайып социалды қоғамның бір игілігі жаппай сауаттандыру мен қатар жалпы білім жүйесін қалыптастырып, ұлттық ғылымның алғашқы негіздерін қалады. Осы қысқа жылдар аралығында, аға буын жас буын өкілдеріне ұлттық сана түйсігін толықтай бойларына сіңіре білді, қазақ руханиятын жаңа қалыпта жаңғыруының негіздерін қалады. Кейінгі 30-шы жылдары қазақ руханиятына қарсы сталиндық тоталитарлық режимы тарапынан, қолша жасалған 1928-33 жылдар ашаршылығы да, 1937-38 жылдарғы репрессиялары да, жаппай геноцидке ұшыраған қазақ халқының руханиятының өміршеңдігін және толықтай қазақи қалпын аман сақтап қалуын кейінгі 40-шы жылдар тарихы растайды. 1941 жылы ҚСРО аумағында басталған ІІ- ші Дүниежүзі соғысы кезі, қазақ халқына зор нәубет болса да, бірақ өшуге таяу тұрған руханиятының жаңғыруына зор мүмкіндіктер берген заман болды. 1937-38 жылдары құрбан болған: «Алашшыл» Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамбетов және т.б.; большевизмды Қазақстанда құрылуына ат салысқан халықшыл: С. Сейфуллин, Н.Нұрмақов, І.Жансүгіров, Б. Майлин және т.б., түркшіл Т. Рысқұлов, Н. Төреқұлов, С. Қожанов және т.б. олардың көздерін көріп, тағылымын бойларына сіңірген жаңа «Қазақшыл» азаматтар келді. Қазақ халқының қазіргі руханиятын осы «нағыз қазақшыл» азаматтар құрады, ал, 40-шы жылдардың екінші жартысынан жаппай белең алған Сталиндік репрессияларының үшінші кезеңі тікелей қазақ руханиятына бағытталғаны, тіпті, көзге басылады. Себебі, қазақшылдар саяси тұрғыдан өзге көзқарастарды ұстанбаған, тек қандайда болмасын руханияттың діңін құрайтын тіл, әдебиет және тарих саласында қызмет атқарған азаматтар. Репрессияларға қазақшылдардың тарихи шындықты ашық зерттеп, айтып, дәріптеулері себеп болды. Ал, ол ақиқаттар, қазақ халқының тәуелсіз ел болғандығын, теңдессіз тарихы, әдебиеті және өркениеті бар ұлт екенін көрсетті. «Ұлы державалық мүддені» қорғаған сырты социалистік, кеңестік, ал, ішінде «ұлы державалық шовенизм» үстемдік құрған заманда қазақшылдардың бұл істері қылмысқа парапар еді. Рухани тұрғыдан ең ауыр тиген соққы осы үшінші саяси-қуғын кезеңі болды.
Қазақ халқы – тереңнен тамыр тартқан, теңдессіз тұңғиық, ізгілігі қайталанбас – руханиятты, адамзатқа адал – өркениетті қалыптастырды. Қандайда болмасын рухы мықты өркениет, жау қолына түссе де, жаулаушыларға еш уақытта толық рухани үстемділікке қол жеткізуге мүмкіншілік бермейді. Себебі, толық жаулаудың айғағы ретінде жауланушы халықтың өркениеті толық жойылып кетуі ғана айғақ бола алады.
Сондықтан да болар, ХІХ ғасырда «Европа жандармы» атанып, дүниежүзінің алтыдан бірін алып жатқан Патшалық Ресей үшін, өзге Европа елдеріндей колония ұстау мақтанға айналған. Ресейдің қол астындағы халықтарды бағынышты етіп ұстауға арналған саяси және әскери жүйелері арқылы өз өркениетін емін-еркін дәріптеуге мол мүмкіншіліктерге қол жеткізді. 1822 жылы Спиранский дайындаған Сібір қазақтарының жарлығынан бастау алған рухани жаулаудың сан түрлі құйтырқы саясаттарына ұштасып, бірақ, олар қазақ халқының рухани негіздеріне түбегейлі әсер ете алмады.
Жалпы адамзат өркениеті, оның ішінде Қазақ өркениетінің мыңдаған ғасырлар бойғы қалпы ХХ ғасырда, тіпті, үлкен сынға түсті. ХІХ ғасырдың орта кезінде Патшалық Ресей тарапынан тәуелсіздігінен толық айырылған қазақ халқы, 1991 жылға дейін «Ұлы державалық мүдденің» бұғауында болып, айдауында жүруге мәжбүр еді. Негізінде, большевиктердің 1917 жылғы «Қазан төңкерісі» Ресей мемлекетінің тұтастығын және орыс халқының үстемдігін, тек 74 жылға созудың мұрсатын берген терең астары бар, саяси тұрғыдан сәтті жүзеге асырылған тәсіл ғана болмақшы. Болшевизмнің жалынды жалауы болған: «Коммунизм жеңісі – үшін, алға!» – ұраны, орыс халқында шала-жансар күйінде ұйықтап жатқан «Ұлы державалық шовинизмін», тіпті, өршітті, әлемдік деңгейге дейін көтерді. Қазақ халқының тарихында ең қаралы кезеңі, сол – «жұмысшылыр табының диктатурасы» құрған 1917-1991 жылдар аралығындағы Қенестік тоталитарлық режимнің билігінің тұсына келеді.
Көне қазақ өркениетінің бой-тұмары болып сақтаған – рухы мықты ұлттық сана. Ұлттық санасының сақталуы – ел ұғымын мұрат тұтқан, көкірегі ояу, ерлердің несібесінен бағын не сорын көрген құбылыс.
Осы орайда, 1920 жылдың 26-шы тамызында БОАК және ХКК (Бүкілресейлік Орталық орындаушы комиссиясы және Халық комиссарларының кеңесі – орысша арбевиатурасы: ВЦИК и СНК) жарияланған қарарына (декрет) сай: РҚФСР құрамында, Қырғыз (Қазақ) автономиялық кеңестік социалистік республикасы (келесі де қысқаша — ҚАКСР) құрылып, астанасы болып Орынбор қаласы бекітілді. Сол жылы, қазан айының 4-12 жұлдыздары аралығында, Орынбор қаласында Бүкіл Қазақтық бірінші (Құрылтайшы) Кеңестер съезінде тұңғыш Автономия жарияланды. Бұл тарихи алқалы жиын, сол тұстағы қазақтың басшылық тізгінін ұстаған барлық игі жақсыларының бас қосуына себеп болды. Сейітқали Мендешев Төрағалық еткен съездің Президиумында: С. Сейфуллин, А. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, Ә. Жангелдин, В. Радус-Зинкевичтер және тағы басқа барлығы он мүше болған. Ия, бірден бұл Президиум мүшелерінің саяси ұстанымдарының кереғарлығын байқауға болады. Социализмді орнатуды мұрат еткен, большевизм идеясы түпкілікті «Алаш қозғалысының» саяси ұстанымдарына сай келмесе де, бірақ, мақсат тұтқан «Автономиялық республика» төңірегіндегі үйлесімділік, большевиктер тарапынан «қозғалыстың» саяси беделін мойындауы һәм қазақ халқының негізгі саяси талабымен санасуы еді.
Қазақстанда большевизмнің билікке келуі, Азамат соғысы кезінде қырғанын айтпағанда, Қазақстан тарихындағы 1921-23 жылдардағы 1,2 миллион кісі қырылған «Ұлы жұттан» басталды. Бұл жұтқа, алыстағы АҚШ-ты, жақындағы «Атаман Қызыл Айшық» комитеті арқылы, (Красный полумесяц) Түркия бастаған мұсылман жұртшылығын гуманитарлық азық-түлік көмегі төңірегіндегі ынтымағын ұйыстырды. Бұл шаралар жұтаған жұртқа, аз болсада, бірақ, өзіндік сеп болғаны анық. Осы ортақ опат, барлық атқамінер азаматтарымызды Алашшылсың, не большевиксің деп алалатпай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығартқызды». Жұттан аман қалған Шығыстағы Зайсаның жұртынан жылуға жиылған малдарды, тіпті, қатты күйреген Торғайға айдатып жатты. Бұл қазақ халқының большевиктерге танытқан қолдауы емес, өз қандастарына көрсеткен қайыры еді. Жұт біраз елді күйзелтсе де, бірақ, қазақ халқының тұрмыс-салтына түбегейлі еш әсер ете алмады. Халықтың көшпелі қалпы көпшілігінде сақталып қалды.
Олардың Қазақстанда толық билікке қол жеткізуі, 1925 жылы ҚАКСР басшылығына Ф. Голощекинды тағайындаудан басталды. Ол, кезінде тағынан тайдырылған Ресей императоры Николай (Екіншіні) Романовты балашағасымен косып атуына қатысып, большевиктік сертін қанмен бекіткен, нағыз адал қанышерлерінің бірегейі еді. Сол жылғы V Қеңестер съезіде автономияға тек «Қазақ» – деген көне атауы қайтарылып ғана қоймай, Қазақстанда «Кіші қазан төнкерісін» жариялаумен ұштасты. Соның мақсаттарына сай, билік тарапынан әдейі жасалған 1925-33 жылдардағы ашаршылық науқаны, қазақ халқының санын екі есе, 2,2 милионға кемітіп (Мақаш Тәтімов), бұрын соңды тарихында болмаған демографиялық, әлеуметтік, экономикалық, рухани дағдарыстарына әкеліп соғып, ұлттық сананы сансыратып, сағын сындырды.
Ал, қазақ даласында, большевизмді қолдап, белсенді құрушылар тарапынан: билік басында болған С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Н. Төреқұлов, С. Меңдешов, Т. Жүргенов, Ж. Садуақасов, С. Аспендияров және т.б.; Қазақ Кеңес әдебиетінің негізін қалаушы Б. Майлин, І. Жансүгіров және т.б.; бірыңғай елді ерте білген, көкірегі ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтардың барлығы шетінен – ұлтшыл, шпион, зиянкестер ретінде айыпталып, «халық жауы» атанып аяусыз тергелуге алынып, жазасын қысқа қайырып, көбіне аяусыз атылып жатты. Большевиктер, жай ғана өздерін ғана атып қоймай, 1938 жылғы МБСБ-ның ІІХК (Ішкі істер халық комиссариаты – орысша нұсқасы НКВД) №00486 бұйрығына сәйкес, «халық жауы» атанғандардың жанұя мүшелері де (ата-аналары, әйелдері, балалары, өзге де отбасы мүшелері) қуғын-сүргінге ұшырады. Толық күшіне енген большевизмнің білдірген ризашылығы осылай қанкүйлі болып, жалпы халықты зәрезап қылды. Көбіне куғындалғандары мен саналылары болмаса, сол сойқан науқан жайында ресми бұхара таратқан ақпаратқа жалпы халық болып, сеніп жатты. Режимнің бұл әрекеттеріне көптеп қолдау танытқандары да табылды. Бұл саяси науқан өзінің негізгі мақсатына жаппай жайлаған қоғамдағы үрей мен қорқыныш туғызу арқылы жеткендей-ақ еді. Ия, 1937-38 жылдары Қазақстан бойынша жалпы 125 мың кісі қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылыпты. Қазақ халқының болашағы тіпті бұлыңғыр кейіпке енгендей еді. Жаралы руханият хал үстінде жатты. Бұл, қиялай-қиқу заманнан бергі көшпелі қазақ өркениетінің көші тоқтап, өмір-салты өзгергені өз атына, «өркениет жасаушы ұлт» ретінде, дүниежүзілік тарихта сақталып қалуының өзі, сынға түскен заман болды. Бұрын-соңды «Ұлы державалық шовинизмнің» арғы ниеті, қазақ руханиятын һәм өркениетін жұтып жіберу болса да, іс жүзінде «қазақты» – «бұратана» (орысшасы — «туземец», «инородец») деген сөзден көп аса қоялмай, тек большевиктер колдарын толық жеткізе алды. Ал, большевизм «Ұлы державалық мүдде» идеясымен қуаттанып, тек Сталинді ұлықтаған мәңгүрт тобырдың біртұтас халықты құртуды көздеген науқаны сәтті жүзеге асырылғандай болды. 1928-33 жылдары геноцидке ұшыратып, тірідей қыра алмаған қазақты, бақташысы жоқ үріккен қойдай бытыратып басқаруды көздеді. 1937-38 жылдары халықтың генофондын жоюды көздеген науқанның жүзеге асырылуы – халықты біржолата жоюды көздегенін анық аңғартты.
Бірақ,бүгінгі күнді ансаған азаматтардың арманы орындалды.1991 жылы тәуелсіздігімізді алғаннан кейін тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев 31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарды еске алу күні етіп жариялады.Бүгінгі күнде біз оларды еске ала отырып,мәңгі ұмытпаймыз.