Даришева Қалампыр Жолдыбайқызы
Атырау облысы білім басқармасының
Махамбет ауданы білім бөлімінің
«Жауқазын» бөбекжай-бақшасының
тәрбиешісі
Мақсаты: Балаларға Қазақстан мемлекеті жайында, қазақ тілі туралы толық түсінік беру. Балалардың сөйлеу қабілеттерін арттыра отырып, отансүйгіштік, патриоттық сезімін ояту. Халық ауыз әдебиеті мол мұрасынан мәлімет беру.
Әдіс-тәсілдер: Түсіндіру, әңгімелеу, көрініс қою, «Сандықтағы сұрақтар» әдісі.
Қолданылатын құралдар: Көрініске қажетті кейіпкерлердің киімдері мен қажетті құрал-жабдықтар. Көрме, бейнетаспа.
Жүргізуші: Туған тілім – бабам тілі-өз тілім
Туған тілім – анам тілі-өз тілім
Туған тілім – далам тілі-өз тілім
Туған тілім – адам тілі-өз тілім!
-Балалар! Бүгін қандай мереке?
-Бүгін «Тіл»мерекесі
-Дұрыс айтасыңдар, бүгін «Тіл» мерекесі.
Ал, бүгінгі мерекелік ертеңгілігіміздің тақырыбы: «Ана тілім-ардағым» деп аталады.
«Сандықтағы сұрақтар» топтамасы:
— Балалар! Біз қай мемлекетте тұрамыз?
— Қазақстан Республикасының рәміздері нешеу?
— Әнұран, Елтаңба, Көк Ту.
— Балалар, біздің ұлтымыз қалай аталады?
— Біз қай тілде сөйлесеміз?
Балалар орындауында: «Әнұран»
«Тіл» мерексіне арналған тақпақтарға кезек береміз:
Фатима: Ана тілің-біліп қой,
Мақтанышың, елдігің
Ана тілің-біліп қой
Бостандығың, теңдігің
Жандәулет: Ана тілің-арың бұл
Ұятың боп тұр бетте
Өзге тілдің бәрін біл
Өз тіліңді құрметте.
Көркем: Ақыл-ойын дананың.
Ана тілден аламын
Ана тілім ардақты
Ақ сүтіндей анамның
Нұрзере: Ана тілім-біздің туған анамыз
Анамыздай сыйлап, бағып қағамыз
Ана тілін бағаласақ, қалай біз,
Өзіміздің солай болмақ ,бағамыз.
Көрініс: «Қазыбек бидің шешендігі»
Қазыбек би — Абылай.
Қазыбек бидің алдына бір бала үшін екі әйел дауласып келіп жүгінеді.
Әйелдің бірі –Кәусар:
-Мына баламды, есін білмейтін күнінде жоғалтып алып едім, оны осы әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, білмеймін, әйтеуір бағып-қағып жүр екен. Бүгін танып сұрасам, «Өз балам» деп бермейді — дейді.
Екінші әйел – Нұрзере: Бала өзімдікі, өзім таптым — деп бой бермейді.
Қазыбек би: Екі әйелдің сөзін тыңдап болған соң, біраз ойланып отырады да: бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан «Екеуіңе бұл баланы қақ бөліп берейін, осыған ие болыңдар дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтере бергенде баласын жоғалтқан әйел:
-Ойбай, Биеке-ай! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз — деп безек қағады.
Сонда Қазыбек би:
-Бала, мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірлігін тілеп тұр, баласын өзіне бер- деп билік айтады.
Қыздар орындауында: «Кең жайлау» биі.
Жедел сұрақтар:
- Не тәтті?
- Не жұмсақ?
- Қасиетті сан?
- Не қымбат?
- Ұлы кемеңгер ақын?
Мақал-мәтелдерге кезек берейік:
Бекболсын: Әдепті бала-арлы бала
Әдепсіз бала сорлы бала
Әдептілік белгісі
Иіліп сәлем бергені
Данияр: Жақсыдан- үйрен,
Жаманан жирен,
Қына тасқа бітеді,
Білім басқа бітеді.
Олжас: Оқусыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
«Жалғасын тап!» ойынын ойнату:
- Малды теппе,…..төкпе
- Отты шашпа,….баспа
- Қыз өссе-…..көркі
Гүл өссе-….жердің көркі
- Анаға қарап қыз өсер,
Атаға қарап ….. өсер.
- Қыз-қуыршақ
Бала-……..
«Кім білгір» — «Күзем» сөзінің мағынасын айтыңыз?
Күзем — қойдың күзде тамыз, қыркүйек айларында қырқылатын жүні. Күзем жүнінен киіз үй жабдықтарынан туырлық, үзік, түндік, ұзын, қап.т.б.дайындайды.
«Түндік» сөзінің мағынасын қалай түсінесіз? Ол не үшін қажет?
Түндік — ол киіз үйдің төбесіне, яғни шаңыраққа жабылады.Түндіктің бір жағын түріп үйдің ауасын желпіп тазартады. От жаққанда түтін шығу үшін түндіктің бір жағы ашылады.
Көрініс: «Төле бидің тапқырлығы»
Төле би — Нұрали.
Бір аңызда Төле биге бір жігіт келіп сұрақ қояды:
— Ата, алты алаш деген кім?-дейді жігіт,
— Алты алаш — Алаша ханның балалары: Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түрікпен, жайылған — дейді Төле би.
-Үш жүз дегеніміз кім?
-Үш жүз дегеніміз қазақтың ағайынды үш баласы (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз)
-Ағайынды кісілердің өкпесі немен тарайды?
-Ағайынды кісілердің өкпесі сағынысып көрісумен тарайды.
Балалар орындауында «Балдырған әні»
Жүргізуші: Туған тілде сыры терең жаным бар
Туған тілде әнім менен сәнім бар
Туған тілім тіл болудан қалса егер
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!
Балалар, әрқашан өз ана тілдеріңді құрметтеп, ана тілдеріңде сөйлеңдер!