Home » Мақалалар » Жоғары сынып оқушыларына лириканы оқыту мәселелері

Жоғары сынып оқушыларына лириканы оқыту мәселелері

Асаинова Айнур Рахимбаевна
Павлодар қаласындағы
№ 24 мектептің қазақ тілі
 мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Әдебиетті оқыту әдістемесінде поэзияны оқыту проза мен драманы оқытудан гөрі күрделі болып саналады. Бұл осы текке  тән ерекшеліктерге байланысты болса керек.  Проза мен поэзия тілдеріндегі негізгі ерекшелік – ойды жеткізу үшін құрылған сөйлемдердің құрылымында, сөйлемдердің сыртқы формасында. Р.Сыздық өлеңді сөйлемнің  ерекше сөйлем екендігін айтқан болатын.  Поэзия тілін ерекшелендіретін негізгі фактор – ұйқас, өлшем, ырғақ.

Қазақ поэзиясында ұйқастардың түрі көп, бірақ солардың ішінде көп қолданылатыны қара өлең, шұбыртпалы, ерікті, кезекті, шалыс, егіз, аралас ұйқас түрлері болып келеді.  Осы ұйқас түрлері  Мәшһүр Жүсіп  поэзиясында да   кездеседі.  Мысалы:

Бұлбұл құс гүлстанда гүлге ғашық, -а

Көбелек, сірә, жүрмес оттан қашық. — а

Көлеңке денесінен қайда кетсін,   — б

Өлең-жыр бізге сондай болған ғашық. — а

                                                              (қара өлең ұйқасы)

Қазақтың молдасы бар көбелектей, -а

Жүреді қайда от болса төңіректей. — а

Дайын жоқ, тұрақта жоқ, ойсыз, мисыз, -б

Ұшады тек жел болса, ебелектеп.  — в

                                                             (аралас ұйқас)

Рұқсат берсең, Кенеке, -а

Тау басында қырғызға — б

Барайын соған деп едім! – в

Ертіп келген қасымда , — б

Бұғы басшы ер! — дейді.  -г

                                                         (ерікті ұйқас)

Келтірілген мысалдардан байқағанымыздай, М.Ж.Көпейде  қазақтың қара өлең ұйқасы да, аралас, ерікті ұйқас та бар. Ақынның шумақтары мен бунақтары да түрліше болып келеді.

Төрт тармақты он бір буынды өлең:                          

Бір құдайдан басқаны ойламаңдар, (11)

Ой түбіне жетем деп, бойламаңдар. (11)

Жалғыз қылда тұрғандай сол намазда,(11)

Жан-жағыңа көз салып, ойнамаңдар. (11)

Үш тармақты, жеті буынды:

Осы бүгін күн батпай, (7)

Тау басында қамалға.(7)

Бір тигізші найзамды, (7)

Сегіз буынды өлең үлгісін де  М. Жүсіптен кездестіруге болады. Ақын өлеңдері негізінен 11 бунақты болып келеді.

Сонымен өлең — еркін сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі бір қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынған нақты сөздер тізбегі. Өлеңдегі әр сөз адамның жан дүниесімен, көңіл күйімен, сезім толқындарымен  өзекті байланыста. Ұйқас пен ырғақ та, шумақ пен бунақ та  — бәрі де осыдан келіп туындайды.

Лирикалық шығарманы талдау кезінде мәтіннің эмоционалды-экспрессивтілігіне, формасы мен мазмұнына назар аудару керек. Оқушыларға арналған лирикалық шығарманы талдау қиын, өйткені лирика адамның рухани әлеміне, оның сезімдеріне назар аударады. Көптеген зерттеушілер «поэзияны талдау және түсіндіру оқушылардың жеке, мәдени және шығармашылық өзін-өзі тануына ықпал етеді» деген[1, б.31].

Көркем шығармаларды қабылдау оны түсіну жолымен жүзеге асырылады, өйткені көркем шығарманы зерттеудің бастапқы кезеңінде эмоцияның пайда болуының маңызды шарты – көркем түрде көрсетілген нақты тарихи мазмұнды терең түсіну.  Сондықтан білім алушыларда көркемдік пресуппозицияның болуы қажет.

Оқушылардың көркем шығармаларға, атап айтқанда лирикалық поэзияға деген эмоционалды көзқарасын ояту, өнер туындыларын қабылдау кезінде көрінетін мәселелерге назар аударған дұрыс.

Өлеңді талдауға арналған арнайы схема жоқ. Әр ақынның әр өлеңі өзіндік ерекшелікке ие. Өзіндік тереңдігімен, құрылысымен дараланады.  Өлеңді талдау үшін оны мұқият оқып шығу керек, ол қолданған көркемдік әлем құру әдістерінің авторлық ұстанымын анықтау керек. Мәселен,

Шын көңілмен оқыса бір салауат,

Сегіз ұжмақ есігі бұған ашық [2, 125 б.].

Шапағаттың билігі махшар күні,

Ақ патшадан бұйырылып бұған тиген [2, 125 б.].

Суреткерлік шеберлікті танытар жолдар өте көп. Соның бірі – сөздің мағынасын кеңейту, ешкімде кездесе бермейтін тың, тосын тіркестер жасау тәсілі. Ұжмақ есігі, шапағаттың билігі тіркестері — Мәшһүр Жүсіптің өзіндік ерекшелігін танытатын жаңа тіркестер.

Мәшһүр Жүсіп қолданысындағы метафоралық тіркестер заттың, құбылыстың белгілерінің ассоциациялануы, байланысуы арқылы жасалып, ойдың дамуына, ұғымның танымдық тұрғыдан кең дамуына серпіліс береді. Ой ұшқырлығы өзге адамдар байқай бермейтін, көре алмайтын құбылыстардың әр алуан белгілері мен қасиеттерін сезіп байқауға көмектеседі. Ақын қолданысындағы метафоралар арқылы оқырманның ойлау дүниесінде күтпеген, батыл ассоциациялар жасалып, шығарма тілі өзінің көркемдік деңгейінің жоғарылығымен баурап алады.

Қолыма қағаз, қалам алайын да,

Лапылдап тал отындай жанайын да.

Шабыт қыл қыран құстай шарыққа ұшып,

Шақырсын саятшылар жемін тосып…

Жылқыдай жау айдаған кетсең жытып,

Қазылған жолдай болып қалсын ізің[3].

Ақын өлеңіндегі қай теңеуді алмайық, суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура біздің көз алдымызға әкеліп, олар туралы дәл, нақты ұғым қалыптастырады.

Ақын өлеңдеріндегі кейіптеу:

Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мігізбей бақ,

Міне қалса, жортқызып, желгізбей бақ [3, 205 б.].

Әр нәрсеге қызығушылық, нәпсіқұмарлық ақылдың көзін байлап, қызықтыра түседі. Осындай кезде ақылды қолдан жібермей, бойын сақтықпен ұстау, нәпсіні сабырлылыққа жеңгізу, өмірге сабыр-тоқтаммен қарау, жаманнан жирену ұлы философтардың еңбектерінде ерекше ден қойылған ой толғамы екені белгілі. Мәшһүр Жүсіп осы идеяны берерде ұлттық өрнекті пайдаланады. Ақынның дерексіз ұғым «нәпсіні» жаяу қылып, атқа мінгізбе, яғни «нәпсінің жүрісін баяулат» дегенді ұлттық таным-түсінікке сай жасалынған тіркестер.

Осылай көркем шығармадағы автор қолданған көркемдегіш құралдарға талдау жасап, көркем шығармадағы стильдік қызметін анықтату қажет. Жоғары сынып оқушылары өлеңді және автор қолданатын бейнелеу құралдарын егжей-тегжейлі талдай алады. Мұндай талдау келесі кезеңдерден тұрады.

1.Өлеңді талдауға дайындық кезеңі:

  • өлеңді дауыстап оқу;
  • өлеңді жатқа оқу;
  • өлеңнің мағынасын жақсы түсіну үшін өмірбаяндық, мәдени ақпаратты ұсыну;
  • лексикалық бірліктермен жұмыс;
  • өлеңнің тақырыбын талқылау;
  • автордың кейіпкерлер мен оқиғаларға қатынасын талқылау.
  1. Сюжетті анықтау, автордың негізгі идеясын көрсету:
  • үзінділерді драматизациялау;
  • орны мен уақытты талқылау;
  • ақын тілінің ерекшеліктерін талқылау;
  • өлеңнің негізгі идеясын талқылау;
  • өлең идеясына өз көзқарасын білдіру.

3.Өлеңді поэтикалық әдістер тұрғысынан талдау:

  • көркем образ бен символ арасындағы айырмашылықты талқылау;
  • қолданылған стилистикалық құралдарды талдау;
  • стилистикалық құралдың қолданылу ерекшеліктерін негіздеу;
  • басым қолданылған стилистикалық құралдарды анықтау;
  • ақынның қиялымен жасалған көркем суреттер мен олардың нақты баламаларын салыстыру.

Поэтикалық мәтінді тереңірек түсінуге оқырманның кең көзқарасы ықпал етеді, бұл талданған шығарманы ақынның шығармашылық жолының контекстіне, белгілі бір әдеби бағыттың жақтаушылары шеңберіне және т. б. енгізуге мүмкіндік береді.

Форма мен мазмұн бірлігі заңдылығына сәйкес талдау келесідей болады:

1) «қабылдаудан –формаға»: өлеңді оқығанда қандай эмоциялар пайда болды? Неліктен? Мұндай қабылдауға қандай көркемдік экспрессивтілік құралдары әсер етті  және т. б.;

2) «формадан мазмұнға»: автор шығармаға көркемдегіш құралдарды қандай мақсатпен қолданған? Шығарма композициясының мақсаты анықталады. Егер оның талдау процесінде ерекше маңыздылығы бар деп саналса.

3) «форма мен мазмұннан идеяға»: қандай формальды және мазмұнды жоспар шығарманың негізгі идеясын ашуға көмектеседі? Идеясы қандай?

Лирикалық шығармаларды оқу және талдау кезінде оқушылар қоршаған ортадағы адамдардың іс-әрекеттерін бағалауға және адамның мінезін түсінуге үйренеді. Өйткені бұл жаста олардың  жеке тұлғасы қалыптасады. Сондай-ақ адамгершілік және эстетика туралы ой-өрістерін белсенді түрде дамытады.

10-11-сыныптарда көркем шығармаларды оқытуда тарихи-әдеби контекстке ерекше назар аударылады, белгілі бір ақынның (жазушының) шығармашылығын терең қамтитын монографиялық тақырыптар жиі кездеседі, терминологиялық сөздік кеңейеді.

Осылайша, лирикалық шығармаларды талдау кезінде өлеңдерді бағалау критерийлері тереңірек және жан-жақты болады. Бұл әрекеттер лирикалық мәтіннің формальды (рифма, шумақтар, стилистикалық фигуралар, поэтикалық өлшем, ырғақ) және мазмұндық сипаттамаларын анықтауға көмектеседі.

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Бахор Т.А. Совершенствование умений интерпретировать лирическое стихотворение – компонент литературного образования школьников // Проблемы современного педагогического образования. Серия: Педагогика и психология. – Сборник научных трудов. – Ялта: РИО ГПА, 2018. – Вып. 60. – Ч.1. – С. 29-32.
  2. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. – Павлодар, ЭКО, 2008. -5т. – 425 б.
  3. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. – Павлодар, ЭКО, 2008. -6т. – 450 б.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.