Home » Мақалалар » Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын

Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын

Алекеева Куралай Зеренхановна
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің 
«Жаңатұрмыс шағын жинақты
негізгі орта мектебі» КММ 
бастауыш сынып мұғалімі

Адам баласы болашақ мамандығын таңдағанда сол мамандыққа деген махаббат, құштарлық болу керек. Себебі  таңдаған   мамандығың өмірлік шағын отбасың, сырласың  болады.

Мен – мұғаліммін. Шәкірт жүрегіне жол тауып, лүпілдеген жас жүректің темірқазығына айналған мұғалімдік жол – адам баласының ұзақ тарихында жасаған рухани, мәдени қазынасы, қымбатқа түскен тәжірибесі. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» деп, артына ақылмен сөз қалдырған Ыбырай бабамыздың мұғалімдік жолда «көргенділік» деп аталатын адамгершілік, тәлімгерлік тағылымдарын еске алудың өзі мақтаныш емес пе! Мен сондықтанда өз мамандығымды жақсы көремін, әрі мақтанамын.

Бұрынғылар: «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт», — десе, заманның әйгілі қолбасшысы Ескендір Зұлқарнайынның Аристотельді, Абылай ханның Төле биді, Шыңғыс Айтматовтың Мұхтар Әуезовті, киіз туырылықты қазақтың данышпан Абайды ұстаз тұтуы – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат шындық.

Дана Шәкәрім ұстазды білім берген, дүниеге көзімді ашқан, өмір сүрудің шынайы мәнін ұғындырған, тіршілігімді мағыналы, мәнді өткен адам деп, шексіз сыйлап, қастерлейді.

Мен, Куралай Зеренхановна, осындай ұстаз деген атқа ие болып жүргенімді  биік  мәртебе  санаймын.  Барша қазақтың қара домалақ балалары сияқты мектеп табалдырығынан  бастап білім беріп, тәлім көрсеткен  ұстаздарымды үлгі тұттым, еліктедім. «Жақсы мұғалім жақсы шәкірт жасайды» демекші,  ұстаз деген ардақты мамандықты таңдағаным – соларды құрмет тұтқаным, батылдығым, табандылығым болар.

Мен – ХХІ ғасырдың мұғалімімін. Егеменді елдің ұстазымын. Оқушыларыма үнемі «Шәкірт өзінің ұстазынан асып түсуге талпыну керек» деген Леонардо да Винчидің сөзін айтып отырамын. Не үшін? Өйткені, мен де жақсы мұғалім атанып, дәріс берген ұстаздарымның алдында мерейім биік болғанын қалаймын. Үйрету арқылы өзімді үйретемін.

Мен  —  бастауыш сынып мұғалімімін.  Бастапқы қалыпты құятында осы бастауыш сынып болғандықтан  болашақ ұрпақты саналыда, сауатты адам болып қалыптасуына, алғаш қолдарына қалам ұстатып қиял ғажайып сандармен, ана тілін үйрету бастауыш сынып мұғаліміне үлкен жауапкершілік. Мен үшін ана  тілім бәрінен жоғары, асылдың асылы, баға жетпес  қазынам.

Бастауыш сыныпта берілетін тәрбие  ұлт тілі арқылы, ұлттық  негізде жүзеге асуы тиіс.   Өйткені тіл  тазалығы бар жерде – ұлт тазалығы үстемдік құрмақ. Ұлттық тәрбиенің де негізі тілден басталады. Сондықтан мектептердегі негізгі міндет  тілді дамыту. «Ақылдың  көзі – аталы сөз» деп ұққан халқымыз сөйлей білуі де үлкен  өнер деп санаған.

Ана тілін оқыту барысында туған тілінің  қыр-сырын, табиғатын таныта  отырып, ертең өмірден өз орнын таба алатын, өзіне сенімді, нағыз ұлтжанды парасатты ұрпақ тәрбиелеу үшін педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен пайдаланып, тәжірбиені байыта түсу – бүгінгі күннің басты талабы. Әрбір сабағыма жаңалықпен кіріп, шәкірттердің жүзіндегі қуаныш пен шаттықты көру мен үшін жанға жайлы ләззат, ғажайып ғанибет.

Ісмер ағаш шебері қандай да бір затты қырнап-мінеп жасап шығудан бұрын, оны балтамен шауып, жоңғылап алады. Ұста темір шыңдаудан бұрын, оны жұмсартады. Осылайша мұғалімнің де оқушыға өзінің тәлімдерін үйретуден бұрын, алдымен оның бойында білім алуға деген талпынысты оятып  алуы  қажет екенін  жалпы  жұрттың барлығы түсіне білсе ғой, шіркін!

Бүгінгі еліміздің тәуелсіздігі, ұлттың  ояну, өзін-өзі тану, үйрену, адамзаттың  ғасырлар  бойы  қалыптастырған  құнды  мұраларын  сақтап қалу – бәрі де жан-жағымызға зер салуға, алдағы міндеттерімізді дұрыс айқындауымызға мүмкіндік жасап отыр.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас,

Үйретуден балаға,– деп ұлы Абай айтқандай, халықтың баласын  білім нәрімен сусындатып, өнегелі тәрбие беріп, еңбегіммен елге танылу – басты мақсатым. Мен – мұғаліммін. Мен өз мамандығымды жақсы көремін және де  алтынмен жазылған «Ұстаз» деген атқа лайықты болуға өмірімді арнаймын.

One comment

  1. Назым Мақсатқызы

    Мәссаған, мынау менің жазбам ғой?!
    2014 жылы бір жас маман жігітті «Жас мамандар» конкурсына қатыстырғанда әдіскер завуч ретінде көмектесіп, көз майымды тауысып отырып, өз қолыммен жазған едім ғой?
    Автор құқығы деген қай қырдың астында қалған?
    Мына жазбаны өшірулеріңізді сұраймын.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.