- Балабақшадағы жазғы сауықтыру жұмыстарының жүйесі нені қамтиды?
Мектепке дейінгі ұйымның жазғы сауықтыру кезеңдегі жұмысының негізгі мақсаты — сауықтыру жұмысын ұйымдастыру және балалардың танымдық қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін неғұрлым тиімді жағдайлар жасау. Жазғы сауықтыру жұмысын сауатты ұйымдастыру балалардың физикалық және психикалық денсаулығын нығайтуға, олардың танымдық қызығушылықтарын дамытуға, сондай-ақ ата-аналарға қажетті кеңес беруге, әдістемелік көмек ұсынуға мүмкіндіктер береді. Аталған мәселелерді сауатты шешу кездейсоқ жағдайлардың алдын алады. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделінің міндеттері дені сау, білуге құмар, көпшіл, сын тұрғысынан ойлайтын балаларды қалыптастыру мен әлеуметтендіруді және қазіргі заманғы теорияларды ұлттық ерекшеліктермен үйлесімді ұштастыру негізінде баланы ерте дамыту процесінің тұтастығын қамтамасыз етуді қарастырады. Соның ішінде, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде, ұлттық мәдениет пен дәстүр арқылы баланың жеке қасиеттерін қалыптастыру көзделген. Сондықтан жазғы сауықтыру шараларының аясында ұлттық ойындарға басымдық беру және «ойын арқылы оқыту» қағидасын негізге алу ұсынылады.
Балаларды сауықтыру жүйесі мыналарды қамтиды:
балалармен дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстары (спорттық және қимыл-қозғалыс ойындары, музыкалық-ырғақтық қозғалыстар, шынығу, массаж кілемімен жүру және т. б.);
пайдалы тамақтану рационы (жемістер мен көкөністер және т. б.);
бала ағзасын шынықтыру (күн сәулесі, шөпте жалаң аяқ жүру, шомылу және т. б.);
балалар туризмі (жаяу, велосипедпен), экскурсиялар, табиғатта серуендеу және т.б.
мерекелік шаралар;
ата-аналармен сауықтыру-ағарту жұмыстары;
профилактикалық іс-шаралар (сколиоз, жалпақ табан, көру қабілетінің бұзылуының алдын алуға арналған арнайы жаттығулар кешені).
- Жазғы маусымдағы мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін ұйымдастыруда қандай нормативтік құжаттар басшылыққа алынады?
Мектепке дейінгі ұйымдар балалармен жазғы кезеңдегі емдеу, шынықтыру, сауықтыру және тәрбиелік іс-шараларды өткізуді реттейтін келесі нормативтік құжаттарды басшылыққа алады:
— Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 15 наурыздағы №137 қаулысы;
— «Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты» ҚР БҒМ 2018 жылғы 30 қазандағы №604 бұйрығы (ҚР БҒМ 05.05.2020 ж №182 бұйрығымен енгізілген өзгерістерімен);
— «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы» ҚР БҒМ 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығы;
— «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 17 тамыздағы № 615 бұйрығы;
— «Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидалары» ҚР БҒМ 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығы (ҚР БҒМ 18.05.2020 ж №207 бұйрығымен енгізілген өзгерістерімен);
— Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдарында 2020-2021 оқу жылында білім беру процесін ұйымдастыру туралы әдістемелік нұсқау хаты.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты мен үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес оқу жылы бойы игерген «Денсаулық», «Шығармашылық», «Таным», «Коммуникация», «Әлеумет» білім беру салаларының міндеттерін пысықтауды жаз кезеңіне арналған күн режиміндегі іс-шаралармен кіріктіру ұсынылады. Ол үшін алдымен мектепке дейінгі ұйымда өтпелі тақырыптар негізінде жазғы-сауықтыру кезеңінің перспективалық жоспары жасалады. Жазғы сауықтыру кезеңіндегі барлық әрекет түрлерін таза ауада ұйымдастыру ұсынылады.
Жаз мезгілінде таза ауада көбірек болу балалар ағзасын нығайтады және шынықтырады, баланың толыққанды дамуына жағымды әсер етеді. Жаз мезгілінде күн, ауа, су сияқты табиғи факторды барынша пайдалана отырып, әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере шынықтыру шараларының кешені жүргізіледі.
- 3. Балабақшадағы жазғы сауықтыру жұмыстары қалай ұйымдастырылады?
Ұйымдастырушылық-ақпараттық жұмыстарда:
- нормативтік құжаттарды дайындау және зерделеу, бұйрық шығару, қызметкерлермен еңбекті қорғау және жазғы кезеңде балалардың денсаулығын нығайту бойынша нұсқау жүргізу, күн тәртібін, тамақтану тәртібін ұйымдастыру;
- жазғы кезеңде балаларды сауықтыру және шынықтыру бойынша шаралар: балаларды сауықтыруға және шынықтыруға жағдайлар жасау;
- балалардың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізу;
- тиімді шынықтыру және сауықтыру жүйесі;
- гигиеналық шаралар кешені;
- ата-аналармен кеңестік-ақпараттық жұмыс;
- жазғы мерекелер мен сауықтарды, серуендерді, балалар шығармашылығы көрмесі мен отбасылық сайыстарды бекітілген кешенді- тақырыптық жоспар бойынша ұйымдастыру қарастырылады.
Әкімшілік-басқарушылық бақылауда:
- санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету;
- әкімшілік-шаруашылық қызметінің жұмысын жазғы сауықтыру шараларымен сәйкестендіру;
- балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- жоспарлы жұмыстардың жүргізілуін бақылау;
- мониторингтік бақылау қорытындысымен жоспарды жетілдіріп отыру (қажеттілігіне қарай);
жазғы кезеңде балаларды сауықтыру жұмыстарының нәтижесін педагогикалық кеңесте қорытындылау ұсынылады.
Әдістемелік жұмыс:
- күн тәртібіндегі шараларды өткізудің тиімді тәсілдерін таңдау тақырыптық көрмелерді жоспарлау;
- әдістемелік кабинетті жазғы сауықтыру жұмыстарын жүргізу үшін педагогтерге қажетті ресурстармен толықтыру;
- топтарды, балабақшаның балалар серуендейтін аумағын жабдықтау бойынша бірлескен әдістемелік шешім қабылдау;
- педагогтердің жұмысына қажетті әдістемелік қолдау көрсету;
- отбасымен жұмыс нысандарын анықтау, қажеттілігіне қарай әдістемелік сүйемелдеуді қамтиды. отбасымен жұмыс нысандарын анықтау, қажеттілігіне қарай әдістемелік сүйемелдеуді қамтиды.
- 4. Балабақшадағы жазғы сауықтыру шараларының түрлері қандай?
Ұйымдастырылған білім беру әрекеті — бұл балаларды дене шынықтыру жаттығуларына жүйелі дайындаудың негізгі түрі. Жазғы сауықтыру кезеңде ұйымдастырылатын шаралар балалардың шамадан тыс шаршауын немесе ағзаның физиологиялық процестерінің, атап айтқанда, дене шынықтыру жаттығулары кезінде барынша жұмыс істейтін сүйек-бұлшық ет және жүрек-қан тамырлары жұмысының бұзылуына, жол бермеуі тиіс.
Таңғы гимнастика– ағзаның функционалдық жағдайын және жұмыс қабілетін арттыру, моториканы дамыту, дұрыс дене сымбатын қалыптастыру, жалпақ табандылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Жазғы сауықтыру кезеңінде ұлттық қимылды ойындарға басымдық беру көзделеді.Ол балалардың құрбыларының ойымен санасуға және өзінің тобы үшін бар күшін салып жылдам қимылдап, ортақ мақсатқа жұмыла бірлесіп әрекет етуге, балалардың ойыннан жақсы әсерге бөленіп, коммуникативтік дағдыларының дамуына ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарының артуына мүмкіндік береді.
Динамикалық сергіту сәті қысқа үзіліске арналған жаттығуларды қамтиды. Оларды таңдау балаллармен ұйымдастырылған алдыңғы әрекеттің қарқындылығы мен түріне байланысты болады. Таза ауада күн сайын ойын немесе спорт алаңында күн сәулесінің қызуы төмен уақытта өткізіледі.
Спорт жаттығулары ерік-жігерін, эмоциясын басқаруға тәрбиелеуге, ой шапшаңдығын қалыптастыруға ықпал етеді.
Күн тәртібіндегі жеке жұмыс — денсаулығына байланысты жеке жұмыс жүргізуді қажет ететін балаларды шынықтыруға және физикалық дамуын жақсартуға, дене сымбатының ақауларын түзетуге ықпал етеді.
Шынықтыру шаралары балалардың денсаулық жағдайы, физикалық дамуы, жеке ерекшеліктерін ескеру арқылы жүргізіледі.
Жазғы сауықтыру кезеңіндегі күн тәртібінің ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, гигиеналық шараларға, балалардың өз бастамасы бойынша ұйымдастырылған ойындарға еркіндік беруге, балалардың денсаулығын нығайтуға, қимыл-қозғалыс белсенділіктерін арттыруға (қимылды дидактикалық ойындар, ережелері бар қимылды ойындар, ойын жаттығулары, жарыстар, ұлттық ойындар және басқа), балалардың танымдық қызығушылықтарын дамытуға, еңбекке баулу үшін балабақша ауласында баланың қызығушылығын оятатын кеңістік құруға назар аударылады.
Мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру жұмыстарын сауатты ұйымдастыру балалардың денсаулығын нығайтуға, оларды жақсы әсерлерге бөлеп, танымдық, коммуникативтік, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, мектепке дейінгі ұйымның педагогтарымен ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен дамытуда ықпалдастығының артуына мүмкіндік береді.
Жазғы сауықтыру кезеңі — тәрбиеленушілердің таза ауада болуын қарастырады, ол балалар ағзасын нығайтады және қатайтады, бала тұлғасының толыққанды дамуына ықпал етеді.
- 5. Мектепке дейінгі ұйымда балаларды сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруда ұйым басшыларына, әдіскерлерге және педагогтерге ұсынылатын әдістемелік көмек.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жазғы сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша екі тілде әзірленген әдістемелік ұсынымдар «Мектепке дейінгі балалық шақ» Республикалық орталығының сайтында орналастырылған. Әдістемелік ұсынымдардың қосымшасында келесі дайын жоспарлардың үлгілері берілген:
- Жазғы сауықтыру кезеңіндегі күн тәртібі.
- Жазғы сауықтыру кезеңіне арналған жұмыс жоспары.
- Жазғы-сауықтыру кезеңінің перспективалық жоспарының үлгісі.
Пайдалану үшін rc-dd.kz сайтынан тегін жүктеп алуға болады. Қосымша әдістемелік көмек қажет болған жағдайда 8(7172) 28 09 50 телефон нөміріне хабарласа аласыздар.