Слямбаева Аймаш Коныргазиевна,
Сейтказинов Оразалы Дауткалиевич
ЖҚФ профессорлары
МӘРТЕБЕЛІ БОЛҒЫҢ КЕЛЕ МЕ?
Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған мамандық. Құрылысшылар өмірге деген белсенді қөзқарастағы жандар болғандықтан, олардың кәсіпқойлықтары мен шеберліктерінің арқасында зәулім биік үйлер, жаңа мектептер, заманауи жолдар, емхана-ауруханалар, ерекше ғимараттар салынып жатады.
Құрылыс барлық уақытта барлық заманалардағы жаңа, қызықты, жиі қызықтыратын нәрселердің пайда болуымен теңестіріледі. Бұл адам қызметінің көптеген қырларын қамтитын көп қырлы және көлемді үдеріс. Ой-пікір туындағаннан бастап, оны жобада іске асыру, содан кейін нақты нысанда орындау үлкен іскерлікті қажет етеді. Құрылыс ісінің барлық сатыларында – жұмыс сапасы орындаушының дайындық деңгейіне, біліктілігіне және талантына байланысты.
Қазақстанда құрылысшы білімін Астана, Қарағанды, Шымкент және басқа да қалаларында көптеген жоғары оқу орындары ұсынады. Алайда, құрылыс саласындағы негізгі және ең көне жоғары оқу орны болып оңтүстік астанамыз Алматы қаласында орналасқан Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА), яғни Халықаралық білім беру корпорациясы (ХБК-МОК) қала бермек. ҚазБСҚА мұражайында Қазақ тау кен-металлургия институтының құрамындағы «Құрылыс ісі» кафедрасынан бастап, Алматы сәулет-құрылыс институтына және кейінірек жетекші сәулет-құрылыс академиясына дейін дамуының барлық кезеңдерін бақылауға болады. Дамуының барлық кезеңдері академияның материалдық, зертханалық, ғылыми және ғылыми-интеллектуалдық базасын белсенді қалыптастыруға, ең кәсіби және ғылыми-даярланған педагогтарды іріктеуге ықпал етті.
Құрылыс саласындағы білікті инженерлерді дайындау тұрғысынан елімізде Қазақ Бас сәулет-құрылыс Академиясына (ҚазБСҚА-ға) жетер жоғарғы оқу орны аз десек артық айтқанымыз емес. Құрылыс саласындағы мамандарды оқытуға бейімделген бұл жоғарғы оқу орнын Қазақстанға белгілі талай еңбек ерлері мен бүгінгі таңдағы ірі құрылыс компанияларының иелері және білікті инженерлері бітіріп шықты.
ҚазБСҚА, яғни Халықаралық білім беру корпорациясының (ХБК) құрылымындағы ең ірі факультет Жалпы Құрылыс факультеті болып табылады. Қазіргі уақытта факультеттің ғылыми-педагогикалық әлеуетін 5 техника ғылымдарының докторы, 17 ғылым кандидаты, 1 PhD докторы, 10 магистр құрап отыр. Факультеттің профессорлық-педагогтық құрамы құрылыс конструкцияларын зерттеуді ғимараттар мен имараттарды жобалау саласындағы әлемдік тәжірибелерді ескере отырып жүргізеді.
Қазіргі уақытта факультетте 5В072900 – «Құрылыс» мамандығы және В074 – «Қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс» білім беру бағдарламаларының тобы бойынша бакалавриатта 1400-ге жуық студент білім алуда. Факультетте 2003 жылдан бастап 6М072900-«Құрылыс» мамандығы бойынша магистратура ашылған. Магистратурада оқу мерзімі 1 жыл болса, ғылыми дәрежесі – техника және технология магистрі, 2 жыл болса, ғылыми дәрежесі – техника ғылымдарының магистрі атағына ие болады. Ал 2016 жылдан бастап 8D07321 – «Құрылыс» мамандығы бойынша PhD-докторантура ашылды. Яғни үздіксіз білім алу үдерісі жалғасуда.
Сонымен қатар қашықтан оқытудың технологияларын меңгеріп алдық, оны пайдалана отырып оқыған студенттер көптеген мүмкіндіктер мен артықшылықтарға ие болады. Қазір үйде отырғандықтан ғылыммен айналысуға, білімді арттыруға мүмкіндік туды. Отбасымен бірге өткізетін мерекелік кештер, күндер көбейді. Қашықтан оқытудың артықшылықтары жеткілікті-ау. Көптеген студент ғылыми жобалар дайындап, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Біріншіден – уақытты дұрыс пайдаланып, дұрыс жоспарлайды; жеке оқу жоспары, оқу траекториясын өз бетімен жоспарлау, оқу мерзімін қысқарту; қаржы үнемдей алады. Мысалы, бұрын тұратын жеріне, күнделікті жолақысына ақша кететін болса, қазір сол шығындар қысқарды. Қашықтан оқытудың зиянынан бөлек пайдасын да көре білген дұрыс сияқты. Әр істен жақсылық іздей білген жөн. Екіншіден, әр курсқа әр пән бойынша арнайы дайындалған видеосабақтардың тұтастай қоры жасақталды. Бұл сабақтар кейін, оқуға оралған кезде де пайдасы тиеді. Денсаулығына байланысты сабаққа келе алмай қалған студентке де ыңғайлы болмақ. Үшіншіден, сабақтың мұндай түрі оқытушының шеберлігін ұштап, қиын сәтте де жол таба білуге шыңдады, еңбегі айнадағыдай анық көрінді. Білім берушінің еңбегінің зор екендігін барлығы мойындады. Білім алып, ғылымға ұмтылу жасқа да, әлеуметтік жағдайына да, ұлтына да, тіпті білімнің қандай форматта болғанына қарамастан, яғни ол онлайн ба, әлде оффлайн ба, маңызды емес, білімге құштар жандар өз мүмкіндіктерін жібермейді.
Біздің факультеттің алыс және таяу шетелдік көптеген университеттермен және кәсіпорындармен кең ауқымды тығыз байланысы бар, Сеул, Токио, Мәскеу, Киев, Одесса, Ташкент, Душанбе және басқа да көптеген қалалардың салалық және академиялық ғылыми-зерттеу институттарымен, ұжымдармен, кәсіпорындарымен белсенді шығармашылық қарым-қатынасы айтарлықтай. Академиялық ұтқырлық арқылы қазіргі таңда мына жоғарғы оқу орындарына алмасу бағдарламасы бойынша оқып келуге болады:
- Қолданбалы Зерттеулер Университетімен (Германия, Эрфурт қ.)
- Сеул Университетімен (Оңтүстік Корея) алмасу бағдарламасы
- “La Sapienza” Университеті (Италия)
- Каунас Технологиялық Университеті (Литва
- Хитит Университеті (Түркия)
- Томск мемлекеттік сәулет және құрылыс университеті (РФ)
- Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті (РФ)
- Самара мемлекеттік сәулет және құрылыс университеті (РФ)
- Брест мемлекеттік техникалық университеті (Белоруссия)
- Волгоград мемлекеттік сәулет және құрылыс университеті (РФ)
- Вильнюс дизайн және технология колледжі (Литва)
- Санкт-Петербург мемлекеттік сәулет-құрылыс университеті (РФ)
- Белосток технологиялық университеті (Польша)
Жалпы құрылыс факультеті өзінің бітірген түлектерімен мақтана алады, олардың көбі мемлекеттік қызметте, мемлекеттік емес құрылымдарда жоғары қызметтер атқарады, ірі құрылыс компанияларының, жобалау және ғылыми-зерттеу институттарының басшылары Республика көлемінде және шет елдерде танымал ғалымдар болып табылады. «Құрылыс» мамандығын бітірген түлектердің түгелдей дерлігі жұмысқа орналасатындығын да баса айтуымыз керек-ақ.
Бұл мамандық сендерден әрдайым ізденісті талап етеді. Себебі құрылыс технологиясы жыл сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Соған сай сендер де әр жаңалықтан тыс қалмауға тиіссіңдер. Үнемі ізденіс пен білімге деген құштарлықтың арқасында ғана сендер білікті инженер-құрылысшы атана аласыңдар. Ал, өз ісінің хас шебері, яғни жоғары білікті кәсіби маман жұмыссыз қалам деп ешқашан уайымдамайды. Себебі мұндай адамға кез келген компания зәру және оған қанша қаржы болса да төлеуге әзір.
Жастарға және мектеп, колледж түлектеріне айтпағымыз бар: Өзіңнің болашағыңның берік іргетасын қалағың келсе, құрылысшы деген ұлы кәсіпті игергің келсе, нық сеніммен алға басқың келсе, құрылыс нарығында сөзсіз бәсекелестікке қабілеттілік таныта алсаң, бізге, ҚазБСҚА-ға оқуға кел!