ф.ғ.к., профессор ассистенті
Жакупова Әлия Өміржановна
Халықаралық білім беру корпорациясы,
Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы,
Жалпы білім беру пәндері факультеті;
т.ғ.м., профессор ассистенті
Джумагалиев Талгат Кумаргалиевич
Халықаралық білім беру корпорациясы,
Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы,
Жалпы құрылыс факультеті;
т.ғ.м., профессор ассистенті
Нургалиев Арман Юрьевич.
Халықаралық білім беру корпорациясы,
Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы,
Жалпы құрылыс факультеті
ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОРДАСЫ
Білім және кәсіби машық — заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары болып табылады.
Білім беру қашанда болмасын барлық мемлекетте маңызды мәселе. Білімдегі тыңғылықты серпіліс, инновациялық даму серпілісіне әкелетіні сөзсіз. Сондықтан жоғары оқу орындарының басты мақсаты — білім экономикасының және адам тәрбиесінің ұйытқысы болу. Ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші — білім. Ол – қоғам дамуының кепілі.
Қазір жаһандану дәуірінде интеграциялық процестердің қарқынды дамып отырғандығының куәсі болып отырмыз. Сондықтан ұлттық білім саласы әлемдік білім кеңістігіне кірігуі керек. Жаңа ғасырдың шынайы кілті саналатын сол жаһандану мәселесі де білім саласына мықтап енді. Соның арқасында әлемдік экономиканың интеграциялануы, жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы кең қанат жайды.
Қазақстанның жетекші оқу орындарының бірі – Халықаралық білім беру корпорациясы. Білім ордасы нағыз өз ісінің шеберлерін дайындайтын еліміздегі көп кешенді жоғары оқу орны. Одан миллиондаған мамандар қанат қақты. Түрлі бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстары өріс алды. Жаңа оқу құралдар жарыққа шығып, зертханалар, құрылыс механикасы, сәулет-құрылыс кешендерінің тарихы зерттеліп, оларды қайта жаңғырту сияқты көптеген істер қолға алынды. Бұл оқу ордасы сәулет, дизайн, құрылыс, ағаш өңдеу технологиясы саласындағы мамандар дайындайды.
Елді мекендерді жобалау, қалақұрылысын қайта құру, қалақұрылысын зерттеу, қалақұрылысын сараптамалық жобалауды жүзеге асыру саласында да оқу орны үлес қосып келеді. Қазіргі кезде ХБК-ның құрылыс факультеті өте жақсы қалыптасқан, атағы Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен жайылып отыр. Оның беделі факультет түлектерінің табыстарына және оқытушылардың ғылыми-педагогикалық әлеуетіне негізделген. Қазіргі күні халықаралық білім беру стандартының жіктелуіне сай келетін бакалавриат пен магистратура мамандықтарын жүйелі дайындау енгізілген. Жетекші жоғары оқу орындарында кадрларды әзірлеудің әлемдік озық тәжірибесін саралай отырып, білікті мамандардың, ғалымдардың, профессорлардың қатысуымен мемлекеттік стандарт жасалған. Сондай-ақ, онда еңбек нарығының тұтынушылары есепке алынған.
Тың стратегиялар мен бағдарламалар жаңа талапқа сай әзірленген жоғары оқу орны Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқа елдердің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Халықаралық білім беру корпорациясында студенттердің білім сапасына ерекше ден қойылған.
Бүгінгі күні карантиндік жағдай қазақстандық жоғары оқу орындары үшін сынақтан өтудің де, әрі осы бағыттағы жетістіктерді көрсетудің де жақсы мүмкіндігі десек болады. Оқу орны білім беру жүйесінің ғаламдық жаңа беталысы — онлайн оқытуды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Білім беру материалдары осыған байланысты бейімделіп енгізілді, ал көптеген студенттер онлайн режимде білім алуға машықтанды. Осылайша, Халықаралық білім беру корпорациясы студенттерге Қазақстанның кез келген бұрышынан білім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Сәулет-құрылыс өнері — кез келген мемлекеттің өте маңызды қызмет саласы. Бұл саланың қоғамға берері мол. Әсем әрі зәулім тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, ғимараттар — ел көркі. ХБК – тек мемлекет сәулетін ғана емес, білім сәулетінің де көк тіреген күмбездерін соға береді. Ол үшін тек келешекке көреген көзбен, теңіздей телегей біліммен аттану керек.