Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ТІЛІ сабағында Оқушылардың коммуникативтіК құзыреттіліктерін дамыту

ҚАЗАҚ ТІЛІ сабағында Оқушылардың коммуникативтіК құзыреттіліктерін дамыту

Тулеутаева Кызыкты Серикбаевна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
«№132 тірек мектебі (РО)» КММ
Қарағанды облысы
Жаңаарқа ауданы

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Содан бері ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында көптеген игі істер атқарылды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды.

Әр халықтың басты байлығының бірі – ана тілі. Елбасының: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»,-дегені мәлім.  Расында, тіл – халықтың бар болмысының, ділі мен дінінің, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының, әдебиеті мен мәдениетінің жарқын көрінісі. Ол – тәуелсіздіктің негізгі тірегі. Тағы бір сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақстандықтардың ана тілін одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсауымыз керек»,-деді. Содан бері «Қазақстан Республикасының тіл туралы Заңы», «Тілдерді қолдану  мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени-ұлттық жобасы, «Қазақстан — 2050 стратегиясы» және Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген нақты міндеттер мен тапсырмалардың нәтижесінде жүзеге асырылған іс-шаралардың атқарылуы ана тіліміздің кең қолданысқа ие болуына басты тірек болып отыр. Қазіргі уақытта мекемелердегі іс қағаздары мемлекеттік тілде жүргізіліп, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің саны күн санап артып, көңілге қуаныш ұялатуда. Бұл – біздің тәуелсіздігіміздің басты белгісі. Өзінің ана тілі, ұлттық болмысы болмаған ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Жер бетіндегі бүкіл халық атаулы  тәуелсіз болуға, өзінің ұлттық болмысын, ана тілін сақтап қалуға тырысады. Ел болашағы жастардың қолында болғандықтан, кіші буынды отансүйгіштікке баулып, елін, жерін, ана тілін сүйетін азаматтар етіп тәрбиелеу – біздің бүгінгі міндет. Ел намысын қорғап, қазіргі жаһандану заманында бүкіләлемдік бәсекелестікке сай болған азамат өз елінің тарихы мен тілін қадірлей біледі деген сенімдеміз. Тілдің, елдің тағдыры барлығы жастардың қолында болғандықтан, қазақ тілі пәнінің оқытылуына баса көңіл бөлуіміз керек.

Жаңартылған білім беру жүйесі бойынша білім саласына қойылатын талаптардың бірі болып оқушының алған теориялық білімін игеріп, кәдеге жарата білуі саналады. Жан-жақты білімді, іскерлік дағдылары қалыптасқан, ерік-жігері мол, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны даярлап шығару – басты мақсат.  Әсіресе, қазіргі кезде тіл сабақтарын оқытудың нәтижесі көп сұралады. Тіл сабақтарында оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін дамыту маңызды болып табылады. Коммуникативтік құзыреттілік дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда, оқушының қазақ тілі пәнінде алған білімін жаттанды оқымай, тілдік және қатысымдық тәсілдерді орнымен байланыстыра отырып қолдануы. Оқушы сабақ материалын айналасындағы адамдармен, түрлі ситуациялық жағдайлармен байланыста меңгереді.

Өз тәжірибемізде оқушылардың қазақ тілінен коммуникативтік құзыреттіліктерін қалыптастырып, дамытуды басты назарда ұстанамыз. Тіл сабақтарында коммуникативтік құзыреттіліктің негізгі 4 түрі көрсетіледі:

  1. Грамматикалық құзыреттілік;
  2. Оқырмандық құзыреттілік;
  3. Стратегиялық құзыреттілік;
  4. Мәдени-танымдық құзыреттілік.

Жоғарыда аталған құзыреттіліктер төмендегідей ерекшеліктерге ие:

  • Грамматикалық құзыреттілік – оқушылардың ережелерді оқып, жаттауы, талдауы;
  • Оқырмандық құзыреттілік – мәтіндерді түсіну, талдау;
  • Стратегиялық құзыреттілік – адамдармен диалогке түсе білу, диалогті жалғастыру;
  • Мәдени-танымдық құзыреттілік – үйреніп отырған тілдің негізгі қолданушысы болып саналатын халықтың мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін білу.

Оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіру олардың жеке тұлға ретінде дамуына орасан зор ықпалын тигізеді. Коммуникативтік құзыреттілігі қалыптасқан тұлға қазіргі қоғамда жоғары белсенділікке ие.  Өз ойын еркін жеткізе білетін, қоғамда өзгелермен тіл табыса алатын, көпшілік алдында әдеби тілде тартымды сөйлеп, жағымды орта қалыптастыра білетін тұлға өмірден өз орнын таба алады. Сол себепті оқушылардың оқу сауаттылықтарын жетілдіріп, оқырмандық мәдениетін қалыптастыру қажет.

Тілдік дағды негізінен төрт түрлі жолмен қалыптасып дамиды: айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым. Бұлардың барлығы қосылып келгенде, оқушының тұтастай коммуникативтік құзыреттілігі дамуының көрсеткіші болып саналады. Оқушылардың тілдік дағдысын дамыту негізінен алғанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері негізінде жүзеге асады.

Коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыруда қатысымдық тәсілдің төмендегідей жолдары қолданылады:

  • Тыңдалым;
  • Оқылым;
  • Айтылым.
  • Жазылым.

Материалды еркін меңгеріп, ауызша және жазбаша қарым-қатынасқа түсе білуде бұл аталғандардың барлығының маңызы зор.

Оқылым мен тыңдалым бөліктерінде негізгі нысан – мәтін. Әңгімелеу, сипаттау, пайымдау мәтіндері өзінің мазмұны мен құрылымы бойынша  оқушының жас ерекшелігіне сай және танымдық-тағылымдық мәні зор болуы керек.  Мәтін бойынша ұсынылатын тапсырмалар реті төмендегідей болып келеді:

Оқылым тапсырмалары:

  • мәтіндегі басты тірек сөздерді тап;
  • мәтіндегі негізгі ойды анықта;
  • мәтіндегі қосымша ақпаратты анықта;
  • мәтіндегі маңызды емес ақпаратты тап;
  • мәтін соңындағы тест тапсырмаларын орында;
  • мәтін бойынша сұрақ (жуан-жіңішке, негізгі-жетекші) әзірле;
  • сұрақтарға мәтін негізінде жауап бер.

Оқылым тапсырмалары оқушының мәтінді, жалпы ұсынылған ақпаратты түсіну деңгейін танытады. Сөздік қоры қалыптасады, термин сөздерді білу, мәтін авторының мақсатын таба білу, негізгі идеяны түсіне білу, көзқарас қалыптастыру,  оқиғаның себебін таба білу дағдылары, мәтіндегі ақпаратты немесе мәтінді классификациялау, дәлелдеу дағдылары дамиды, сөйлемді басқаша өзгертіп айта алады, мәтіннен детальдарды таба алады.

Тыңдалымда шағын монологтер мен шағын диалогтер беруге болады.

Қысқа диалог;

Шағын диалог;

Монолог.

Ұсынылатын тапсырмалар реті диалог, монолог мазмұнына байланысты қойылады. Тыңдалым тапсырмалары оқушыларды мұқияттылыққа, сөзге ден қоюға және тез арада қабылдап, бірден жауап беруге жаттықтырады.

Айтылым бөлігінде оқушылардың ауызекі сөйлеу дағдыларын дамыту көзделеді. Белгілі тақырып төңірегінде түрлі сұхбаттар жүргізу маңызды. Бұл оқушылардың өз ойын жеткізуге талпындырады.

Жазылым тапсырмаларында құттықтау жазу, тізім жасау, хат жазу, эссе жазу жиі қолданылады. Белгілі бір хабарды қағаз бетіне түсіруге арналған бұл бөлім оқушылардың жазу мәдениетін ғана жетілдіріп қоймай, ойын жинақтай білуге жетелейді.

Оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіру қазақ тілі мен әдебиеті пәнінде мәтінді, көркем шығарманы оқу және соның негізінде жоғарыда ұсынылғандай тапсырмаларды орындаумен шектелмейді. Қазіргі жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша  оқытудың интербелсенді әдісі қолданылатыны белгілі. Бұл әдіс-тәсілдерді қолдану оқушылардың оқу сауаттылықтарының артуына, тілдік дағдыларының дами түсуіне тікелей әсерін тигізеді. Өйткені интербелсенді әдістеме қарым-қатынастың мейлінше мол ауқымын қамтиды. Мұғалім мен оқушылар арасындағы қатынастан өзге, жұптық жұмыс, топтық жұмыстардың оқушылардың коммуникативтік құзыреттіліктерін арттырудағы маңызы зор. Атап айтар болсақ, бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, ұжымдық), рөлдік және іскерлік ойындар, пікірталастар, ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау, интервью, сауалнама т.б.

Интербелсенді әдістің оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуының жолдары:

  • өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;
  • ақпаратты өздігімен түсініп, жан-жақты талдап, таңдап алу;
  • пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу.

Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқытудағы әдіс-тәсілдердің арасында төмендегілерді оқушылардың тілдік дағдысын жетілдіретін тәсілдер ретінде атап көрсетуге болады және оны барлық пәнде жетекші әдістер қатарында қолдануға болады: «А Ә Б В», «А, В, С», «Аквариум» әдісі, «Айналмалы бекеттер», «Ара ұясы техникасы», «Коллаж әңгіме» әдісі, «Жағымды, жағымсыз, даулы» әдісі, «Суретті әңгімеле» әдісі, «Данышпан үкілер», «Кезбе тілші», т.б. Бұндай әдіс-тәсілдердің саны өте көп. Кез келген сабақта аталған тәсілдерді түрлендіре отырып қолдану оқушылардың оқу, тыңдау арқылы түсіну және ойын жеткізе білу, жазу дағдыларын дамытады, ойлау қабілеттерін жетілдіреді.

Қазақ тілі сабағында коммуникативтік құзыреттілігін анықтау барысында төмендегідей үлгіде бақылау тапсырмаларын орындатамын:

  1. Лексика-грамматикалық құзыреттілік: тест арқылы бағаланады немесе өздері құрастырып жазған мәтіндердің грамматикалық тұрғыдан сауаттылығы тексеріледі.
  2. Тыңдалым. Бұл кезеңде оқушылар аудиожазбаларды тыңдайды және соның негізінде төмендегідей тапсырмаларды орындайды:

а) мәтіннен түсінгенін өз сөзімен  баяндап береді;

ә) мәтін негізінде сұрақтарға жауап береді. (мұғалім – оқушы, оқушы-оқушы);

ә) мәтін мазмұны бойынша тест сұрақтарына жауап береді.

Бұл тапсырмалар арқылы оқушылардың стратегиялық құзыреттілігін анықтай аламыз.

  1. Оқылым. Оқушыларға тақырыпқа байланысты мәтін үлестіріліп беріледі. Мәтінді мұқият оқығаннан кейін, белгілі бір уақыт ішінде тест сұрақтарына жауап беріп үлгерулері керек.
  2. Жазылым тапсырмалары:
  • диктант жазу;
  • мазмұндама жазу;
  • шығарма жазу;
  • эссе жазу;
  • әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, тақырыпқа байланысты мәтіндер құрастыру (сурет бойынша, тірек сөздер арқылы, түрлі ситуациялық жағдаяттарды шешу, т.б.).

Тапсырмаларды сынып оқушыларының жас ерекшелігіне, білім деңгейіне сәйкес түрлендіріп отыруға болады.

Коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға бағытталған жұмыс түрлері тіл үйренушілердің ауызекі сөйлеу тілін меңгеруге, сауатты жазуға, жан-жағындағы адамдармен тіл табыса білуге, жеке тұлғаның құзыреттілігін қалыптастыруға өзіндік әсерін тигізеді.

Қазіргі кезде өз заманының талабына сай, жан-жақты ойлай білетін,  коммуникативтік құзыреттілігі жоғары, бәсекелестікке қабілетті тұлғаларды тәрбиелеп шығару – заман талабы.

Әдебиеттер

  1. Доскеева Б.Ж. Қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 2000. -190 б.
  2. Қалиев Ғ., Оралбаева Н., Қасымова Б., Шалабаев Б., Төлегенов О. Қазіргі қазақ тілі. Жаттығулар жинағы. –  Алматы: Ана тілі, 1997.  – 324 б.
  3. Оразбаева Ф.Ш., Сағидолда Г., Қасым Б., Қобыланова А., Есенова Қ. Рахметова Р., Көпбаева Ж. Қазіргі қазақ тілі. –  Алматы: Print-S, 2005. -533 б.
  4. Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас негіздері. Алматы: Print-S, 2005. -144 б.
  5. Қазақ тілін оқытуды ойын арқылы ұйымдастыру. – Өскемен, 2013. – 84 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.