Жунусов Мадияр Казымович
Қарағанды облысы
Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті
«Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы
тірек мектебі» (РО) КММ жанындағы
«Балауса» шағын орталығының
дене шынықтыру мұғалімі
Бүгінгі білім беру жүйесінде интеграция процесі ерекше мүмкіндіктерді қалыптастырады. Интеграция барлық салада қарқынды дамуда. Ол ғылымдар арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді. Соның бір айғағы дене тәрбиесінің медицина, салауатты өмір салты, валеология, гигиена сияқты ғылымдармен интерпретациялануы. Қазіргі заманауи қоғамда дене тәрбиесін дамытудың маңызы зор. Себебі, әлем кеңістігін жайлаған пандемия індеті адам десаулығын нығайтуда дене тәрбиесінің орны зор екендігін тағыда айқындап берді. Адам, денсаулықтың қаншалықты қымбат екендігін ұғына бастады. Денсаулықты нығайту отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда бастау алмақ.
Білім мен тәрбие егіз ұғым ретінде отбасында бастау алса, кейін мектепке дейінгі ұйымда жалғасын табатыны белгілі. Осы орайда мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиені жетілдіру педагогтың маңызды міндеттеріне кіреді. Бүлдіршіннің тәрбиесін жан-жақты жетілдіру, бала денсаулығын сақтау заман талабынан туындаған мәселенің бірі. Себебі, денсаулықты сақтау дағдысы бала кезден қалыптаспақ. Өкінішке орай, қазіргі кезде бала денсаулығы нашарлауда. Оған әртүрлі факторлар әсер етуде. Баланың таза ауада серуендеуі азайып, керісінше, әлеуметтік желіде ұзақ уақыт отыруы көбеюде. Статистикалық мәліметке сүйенетін болсақ, 50% бала көз ауруына шалдығуда. Баланың денсаулығын нығайту барысында жаңа әдістерді қолдану маңызды.
Дене тәрбиесі өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласының бір тармағы болып табылады және ол жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, күшті де қуатты болып өсуіне, ұзақ уақыт шығармашылық еңбекке жарамды адамды қалыптастыруға, оны Отан сүйгіштікке дайындауға қызмет етеді.
Жалпы білім беруді реформалаудың негізгі бағыттарында жас ұрпақты отанымыздың физикалық дамыған, шыңдалған, жұмыс істеуге және қорғануға дайын етіп тәрбиелеу өте маңызды екендігі атап өтілді. Дене тәрбиесінің көптеген құралдарының ішінде сауықтыру мәселелерін шешуге көмектесетін және спорттық дағдыларды қалыптастыруда жетекші болып табылатын қозғалыс ойындар кеңінен қолданылады.
Баланың дұрыс қозғалуы мен шапшаңдығы осы ойын процесіндегі белсенділігіне байланысты болады.
Ойын, біріншіден, жеке тұлғаның белсенді іс-әрекетін қалыптастырса, екіншіден, өмірге деген көзқарасы мен сенімін дамытады. Ойын арқылы бала қимыл-қозғалыс жасайды. Мектепке дейінгі кезеңде баланың негізгі іс-әрекеті ойын болып табылады. Дене шынықтыру мұғалімі сабақ барысында балаларға гимнастиканы, жеңіл атлетиканы үйрету кезінде олардың дұрыс қимылына ерекше көңіл бөледі. Көп қайталанып істелетін қозғалыстар балалардың кабілетін дамытуға, шапшаң және орынды қолдануға үйретеді.
Мектепке дейінгі кезең – бала ағзасының өте қарқынды дамитын кезеңі екенін білеміз. Осы жаста бала ағзасының даму процесі жүзеге асырылады.
Мектепке дейінгі білім беру — бұл жалпы мәдени, ұлттық құндылықтар негізінде балалардың үйлесімді дамуы, баланы жалпы орта білім берудің бастауыш сатысына дайындау, қоғамдық өмірге белсенді қатысу үшін қажетті жағдайлар жасау, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылатын білім беру ұйымы.
Мектепке дейінгі білім берудің мақсаты – баланың іс-әрекеті үшін кеңістік құру және оның жеке дамуын, қолайлы әлеуметтенуін қамтамасыз ету.
Сондықтан да мектепке дейінгі ұйымда денсаулық сақтау іс-шаралары кешенді де жүйелі жүргізілуі қажет.
Дене тәрбиесінің негізгі мазмұны денені жаттықтыру болып табылады. Ол мынадай түрлерге бөлінеді.
- Таңертеңгілік жаттығу;
- Қимыл-қозғалыс ойындары;
- Спорттық жаттығулары.
Бала дене шынықтыру сабағында жалпы дамыту жаттығулары арқылы күш-жігерін шындай түседі. Дене тәрбиесі, сауықтыру шаралары балалардың қозғалыстарын жетілдіреді, қимылдық дағдыларын және дененің икемділігін, шапшаңдығын, төзімділігін қалыптастырады. Сонымен қатар, балалардың еңбекке белсенді болуларына ықпал етеді. Осыған байланысты сәби жастан бастап балалардың дене тәрбиесін дұрыс ұйымдастыру қажет.
Мектепке дейінгі ұйымдарда дене тәрбиесін ұйымдастырудың түрлеріне тоқталатын болсақ. Ең бірінші балалардың күн тәртібін ұйымдастыру барысында сауықтыру шаралары жүргізіледі. Олар: таңертеңгі жаттығу, қимыл-қозғалыс ойындары, серуен кезіндегі жаттығулар мен спорттық ойындар, сергіту сәттері, ауладан тыс жерге саяхат жасау, спорттық ойын сауықтар.
Сонымен қатар «Дені саудың – жаны сау», «Бірінші байлық –денсаулық», «Дене тәрбиесінің бала өміріндегі маңызы», «Шағын орталықтардағы дене тәрбиесі» тақырыптарында ата-аналарға кеңестер беріліп, ата-аналардың қатысумен шынықтыру-сауықтыру шаралары жүргізіліп, «Әкем, шешем және мен!», «Спорт – денсаулық кепілі» атты спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Спорттық жарыстар мен түрлі ойын түрлері балалардың ой-санасының қалыптасуына, өзін еркін ұстап және жан-жақты жетілуіне әсер етеді. Дене тәрбиесіне байланысты «Шынығамыз аязда», «Бақыт дегеніміз – денсаулық», «Біз ептіміз, шапшаңбыз» деген топ арасындағы эстафеталық жарыстар өткізіледі. Осындай жарыстар отбасы мен білім беру ұйымдарын байланыстырады. Отбасы жарысқа қызу дайындалады. Олардың ортасында бәсекелестік пайда болады. Ішкі мотивация оларды жеңуге итермелейтін күш болып табылады.
Әр сабақ жан-жақты талқыланып, баланың толыққанды өсіп-жетілуі мұқият қадағаланады. Сергіту жаттығулары бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтсақ, ұйымдастыру бөлімінде жүру, жүгіру түрлері, секіру жаттығулары, сапқа тұру сияқты қозғалыс жаттығулары баланың зейінін бір нысанаға шоғырландырады. 3-4 минут аралығында жүру және жүгіру қозғалыстары жүзеге асырылады.
Негізгі бөлімде дене жаттығулары орындалады. Алғашқы сабақта өткен жаттығуларды балалар қайталап, жаңа жаттығуларды меңгереді. Бұл бөлімде өткен сабақпен жаңа сабақты байланыстыру жүзеге асады. Бұл 16-18 минутты қамтиды. Дене шынықтыру негізгі оқу іс-әрекеті болғандықтан ертеңгілік мезгілде өткізіледі. Негізгі бөлімнің бір бағыты қозғалыс ойындары. Қорытынды бөлімде де қозғалыс ойындары жоспарланады. Жалпы жаттығу жасарда дене негізгі қалыпқа көп көңіл бөлуі керек.
Балалардың белсенді тынығуына жұмыстың түрлерін таңдау арқылы жағдай жасалады. Мысалы, шынықтыру кезінде педагог балалармен эстафеталық жарыс ойындарын өткізгенде, олардың көңіл-күйлері көтеріңкі болатынын, бар ынталарымен бірігіп ойнауға тырысатынын байқауға болады.
Балалардың дене шынықтыру жаттығуларын ұйымдастыру барысында балалардың киімі жыл мезгіліне лайықты болуын қадағалауды естен шығармаған жөн. Мұндай ермектері спорттық алаңдарда немесе табиғат аясында, орманда, көлдің жағасында, жылғада немесе білім беру ұйымдарының алаңдарында өткізіледі.
Олардың дене шынықтыру жаттығуларын жоспарлаған кезде тақырып мазмұнына қарай ұлттық дәстүрлерді ендіру ескерілуге тиіс. Ермектерді жоспарлау кезінде үлкен ұйымдастырушылық дайындық және тақырыптың мазмұнына байланысты шығармашылық жұмыс істеуді қажет етеді.
Жаттығуларды әртүрлі үлгіде ұйымдастырып, жыл мезгілдеріне, спорттық қызықты жағдайларға («дене шынықтыру күні», «желаяқтар күні», «олимпиада» т.б.) қоғамдық мерекелерге байланысты өткізуге болады. Шағын орталықтағы дене шынықтыру сабағында жасалатын жаттығуларды ертегі немесе әдеби кейіпкерлерді енгізе отырып, өткізуге («Тазша бала», «Алдар көсе», «Аяз ата») немесе «Көңілді алаңқайға ұшу», «Орманға жорық», «Қожанасырға қонаққа» т.б бейнелі көріністермен өткізуге болады. Дене тәрбиесін ұйымдастыру барысында жаңа технологияларды қолдануға болады. Бұл технологияларды қолдану арқылы педагог озінің креативті ойлау дағдысын дамытады. Дене тәрбиесінде мектепке дейінгі балалармен арт терапия, құм терапиясы, ертегі терапиясы, музыкалық релаксация т.б. инновациялық әдістер қолданылады.
Дене шынықтыру жаттығуларын өткізуде музыканы пайдалану өте пайдалы. Музыканың әсем әуенімен тиімді шығармашылықпен түрлі гимнастиканы, әртүрлі жаттығуларды жасауға болады. Ол балалардың эстетикалық талғамын қалыптастырады. Әдемі әуендерді, түрлі шарлар мен ленталарды қолдану балалардың әсемдікке деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға көмектеседі. Дене тәрбиесінде баланың әртүрлі мүмкіндіктері ашылады. Мысалы, «Ғажайып сәт» бөлімін алатын болсақ, әдеби кейіпкерлердің пайда болуы балалардың қиялын, қызушылығын оятады. Олар рөлдерге бөлініп, ертегі кейіпкерлерінінің образдарына кіруді үйренеді. Бұл дене тәрбиесі мен әдебиеттің интеграциялық сабақтастығын бейнелейді.
Үлкен заттармен (үрілген шарлармен жан-жақты дамытатын жаттығуларды орындау) бұл жаттығуда кеңістікті болжау, заттың көлемін анықтау, тыныс алу мүшелерінің артикуляциялық қозғалысы сияқты қарапайым ұғымдарды үйренеді.
Қозғалыс ойындары баланың қимыл-қозғалысын дамытады. Қыс мезгілінде шанамен тебу, қармен әртүрлі кейіпкерлердің образын салу сияқты қызықты жұмыстар бала шығармашылығын дамытады. Қорыта айтқанда, баланың денсаулығын сақтау және оны нығайту маңызды проблемалардың бірі болып табылады. Оны шешу отбасының, мектептің және әлеуметтік ортаның міндеті болмақ.
Пайдаланған әдебиеттер.
- Меңжанова А.К. Мектепке дейінгі педагогика. Алматы, 2002 ж.
- Мектепке дейінгі білім беру ұйымына арналған «Дене шынықтыру» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы, — Астана, nao.kz
- Нургалиева Г.К. Ценностное ориентирование личности в условиях информатизации образования. – Алматы, 2004 ж.